Өткен бейсенбіде Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде өңірімізге іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары қала активімен, аталмыш жоғары оқу орнының ұжымымен және студенттермен кездесті. Жиында Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде жасаған үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы талқыланды.

Жиынды ашқан Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дің ректоры Әділбек Ботабеков уақыт талабымен үндес елдік құжатта мемлекетімізді одан әрі дамыту жөніндегі міндеттер айқындалғанын, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттілігіне баса маңыз берілгенін айтып өтті.

–Тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуінде Маңғыстау өңірінің алар орны айрықша. Біздің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктеріміз Тәуелсіздігімізбен тікелей байланысты. Егемендік алған алғашқы жылдардағы жағдай мен бүгінгі мүмкіндікті салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Мәселен, бүгін Ақтау халықаралық теңіз-сауда портының қызметімен таныстық. Тәуелсіздік алғанға дейін халқымыз мұнайдың игілігін бүгінгідей көрген жоқ. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау – перзенттік парызымыз. Елбасының жаңа Жолдауы егемендіктің 25 жылында жасаған жасампаз істерімізді жалғастырады. Құнды құжат қазіргідей дүние дүрлігіп тұрған қиын заманда болашағымызға бағдар береді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы дүниежүзілік қоғамдастықта бәсекелестікке лайық болуымыз қажеттігін қаперге салды. Көшбасшымыз салиқалы саясат ұстанып, атом қаруынан бас тартып, бейбіт әлем құруды ұсынды. Біліммен, ауызбіршілікпен алға ұмтылсақ қана, өзге мемлекеттермен тереземіз тең болатынын меңзеді. Өзгерістер енгізілетін Конституциядағы құндылығымыз адам құқығына негізделген. Президенттің жаңа Жолдауына байланысты Парламентке тапсырма беріліп, міндеттер жүктелді. Парламенттің қабылдайтын заңдары халықтың талап-тілектеріне сай болуы керек. Сондықтан да ұсыныс-пікірлеріңіз бен сұрақтарыңызды ескереміз, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.

Жиында сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу жұмыстарының қалай жүзеге асатынын және Жолдаудан туындайтын мақсат- міндеттерді түсіндіріп, ой-пікірін білдірді.

–Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде елімізде экономика мен саясатта бірқатар реформалар жүзеге асты. Экономикамыз нарықтық бағытқа ауысты. Бірқатар өндіріс орындары құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Елбасы Н.Назарбаев үндеуінде Президенттің әлеуметтік- экономикалық үдерістерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беруді ұсынды. Сондай-ақ құжатта билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету және Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейту көзделген. 1995 жылы қабылданған Конституция негізінде қалыптасқан саяси жүйемізді жаңғыртатын кез келді деп санаймын. Бірінші жаңғыруымыз 1991 жылы Қазақстан мемлекетінің құрылуы болса, «Қазақстан– 2030» стратегиясының қабылданғанда екінші жаңғыруымыз басталды» деген Мәулен Сағатханұлы үшінші жаңғыруға бағытталған Жолдауда айтылған экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнесті дамыту, аграрлық сектор, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, адами капитал сапасын жақсарту, денсаулық және білім салаларын жетілдіру жұмыстары жүйелі жолға қойылатынын жеткізді.

Жиын соңында ұстаздар ой-пікірлерін ортаға салса, студенттер медициналық сақтандыру, уақытша тіркеуге қатысты сұрақтар қойды.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

035

????????????????????????????????????