Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» өңірлердің Астана қаласындағы күндеріне сәйкес Маңғыстау облысының мәдениеті мен өнерінің күндері болып өтті. Сарыарқаның төсінде, Елорданың төрінде, Астананың аспанында үш жүз алпыс екі әулиелі мекен атанған Маңғыстаудың әні шырқалып, күйі шарықтады. Салты мен дәстүрі көрініп, жергілікті өнімдері таныстырылды. 1 қазан күні Бейбітшілік пен келісім сарайында облыстық тарихи –өлкетану мұражайының «Жаңғырған асыл мұра» және облыстық кітапхананың «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» атты көрмелері, «Жаңғырған Маңғыстаудан — Жасампаз Астанаға» атты өнер шеберлерінің гала-концерті ұйымдастырылды. 2 қазан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Әбіш әлемі» журналының тұсаукесері, сондай-ақ, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Әбіш Кекілбаев шығармасының желісімен сахналанған «Шыңырау» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.

Маңғыстаулықтар жыл сайын Отпан таудың басында Бірлік отын жағып, Амал мерекесі мен көктемді алғашқы болып қарсы алады. Ынтымақ жолына жасалған ізгі амал елдік пен бірлікке бастайды. Ол көрісу деп аталады. Маңғыстау облысынан келген жүздеген жандардан құралған делегация елдің ыстық құшағын, арзу сәлемін ала келді! Бұл сапар – Елордаға көрісе келген маңғыстаулықтардың Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойына байғазысы. Азаттықтың ширек ғасырына аяқ басқан халықтық пен татулыққа сүйініш пен шүкірлік. Аш құшағыңды, Астана! Маңғыстау елінің сәлемін қабыл ал!

Көрме аясында «Ұлыстың ұраны- Пір Бекет», «Маңғыстаудың дәстүрлі қолданбалы өнері», «Түбек табиғатының таңғажайыптары», «Қазыналы өлкенің қарышты қадамдары», «2014-2015жж. Маңғыстау облысында жүргізілген археологиялық жұмыстар» және «Ұлы дала Абызы» тақырыбында бөлімдер жасақталған. «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» көрмесі облысымыздың егемендік алған 25 жылдағы жеткен жетістіктері, өңірдің тарихы мен экономикалық даму қарқынын көрсетеді. Өңірімізден Елордаға облыстық мұражайда көздің қарашығындай сақтаулы тұрған жүздеген жәдігер жеткізілген.

1

2

3

— Киелі киіз үйі, қазақ ұлттық киімдері мен әсем әшекей бұйымдарының барлығы да жаңартылған түрде қойылды. Көрменің бір бөлімінен ұлыстың ұраны болған Пір Бекет атаның ғұмырдариясымен және халқымыздың біртуар ұлы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығымен танысуға толық мүмкіндік бар. Жәдігерлердің ең ескісі 200 жылдық тарихы бар мес аяқ болса, Маңғыстау зергерлері мектебінің ғажайып дүниесі күміс белдік жүз жыл бұрын жасалған. Туған жеріміздің ерекше нақыштағы дүниелерін астаналықтарға көрсетуге тырыстық,-дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Т.Жұмалиева.

— Маңғыстау облысы елімізде экономикасы аса қарқынмен дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Қазақтың ұлттық бояуын сақтаған киімдері мен күміс бұйымдары да осы мекенде жақсы сақталғаны көрініп тұр. Өлкенің болашағының жарқын болары анық,-дейді Өскемен қаласының тұрғыны У.Жекебаева.

«Түп төркінін төрге оздырған Маңғыстау» көрмесіне аймағымыздың ақын-жазушыларының 50 томдығы, тіл таңбалы ақындардың жинақтары және білім, медицина, экономика салаларындағы 25 жылдық жетістіктерді паш ететін 200-ге жуық кітап қойылды.  

5

6

Мәдени шаралармен қатар өлкемізден шығарылатын отандық өнімдерді таныстыру мақсатында азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қазыналы мекеніміздегі байлығымыз — Каспий теңізінде жүзген балықтары мен ауыл шаруашылық өнімдері Астанаға жетті. 1 тоннаға жуық бекіре тұқымдас су жануарлары мен 3,5 мың шыны құтыға жабылған көкініс тағамдары жоғары сапасы мен төмен бағасына орай бірнеше сағатта қала тұрғындарына сатылып кетті.

— Маңғыстаудан Астанаға 4 күн қиын да ұзақ жол жүріп бекіре балықтарын әкелдік. Елордадағы қызыл балықтың орташа бағасы – 6 мың теңге екен. Біз 3,5 мың теңгеден сатттық. Бірнеше сағаттың ішінде суда ойнаған бекірелер таусылып қалды. Жауған жаңбырға қарамастан қала тұрғындары жәрмеңкеге көп жиналды, — дейді «Каzakh ossetr» ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорнының басшысы Т.Жақыпова.

— Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында Маңғыстауда шығарылатын жергілікті өнім түрлерімен Астана жұрты таныс болды. Бұл шет аймақтарда отандық өнім жоқ деген сөздерге жақсы жауап. Қарақия ауданындағы Қызылқұм мүйісінде 28 шаруа қожалығы бар. Жәрмеңкеге жерімізде өсірілген өнімнің 7 түрін алып келдік, — дейді Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Қ.Беков.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлының айтуынша, жыл санап өлкемізде ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысатындардың саны артуда. 2014 жылы шаруа қожалықтары 1104 болса, 2015 жылы 1234-ті құраған. 117 қожалық егін шаруашылығымен айналысса, қалғандары мал шаруашылығын кәсіп етуде. Ресми мәліметтер бойынша, 2014 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі көлемі 8,5 млрд теңге болса, өткен жылы 11 млрдқа жеткен. Маңғыстау ауданындағы Сайөтес ауылында қымыз өңдеу қолға алынуда. Тың жобаны жүзеге асыратын қожалық 6,5 млн.теңге тұратын қондырғыны мемлекеттік қолдау арқылы лизингке алған.

— Облысымызда осы уақытқа дейін кәсіпкерлер көбінесе маусымдық көкіністер мен жемістерді егуге машықтанған болатын. Қазір алма бағы өсіріліп, жүзім егіншілігі қолға алынуда. 4 жылда өнім беретін бұл дақылдарды өсіру өте тиімді, — дейді Б.Ерсайынұлы.

— Маңғыстаудың өнері мен мәдениеті тұнған тарих. Аспан астындағы ашық мұражай атанған өлкеміздің бүгінгі тыныс-тіршілігімен ел тұрғындарын таныстыру – жас ұрпаққа үлгі боларлық шара. Жаңаөзеннен 100 литр шұбат, балқаймақ пен құрт-ірімшік әкелдік. Шалғайдағы жерімізден ат арытып әкелген дәмді де пайдалы ұлттық тағамдарымыздан астаналықтар ризашылықпен дәм татты, — дейді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары И.Сағымбаев.

Маңғыстау күндерінде Бейбітшілік пен келісім сарайы астанадағы өнерсүйер қауымды жинады. «Жаңғырған Маңғыстаудан – Жасампаз Астанаға» атты гала концерт үш бөлімді музыкалық-поэзиялық театрландырылған бағдарламадан тұрды. Этно-фольклорлық, академиялық және эстрадалық бөлімдерде Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филормонияның «Ақжарма» фольклорлық ансамблі, Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің «Жорға» би, джаз ансамбльдері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, «Серпер» сыйлығының иегері Тамара Асар және «Қазақстан дауысы-2015» жобасының жүлдегері Бауыржан Ретбаев сынды белгілі өнерпаздар Маңғыстау мақамымен ән шырқап, асыл дәстүрін паш етіп, жырдан шашу шашты. Әсем безендірілген сахнада жоғары деңгейде өнер көрсеткен маңғыстаулықтарға Елорда халқы орындарынан тұрып қол соқты.

2 қазан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әбіш әлемі» журналының тұсаукесері болып өтті. Әр тоқсан сайын жарық көретін жаңа басылымның таныстырылымына депутаттар мен ақын-жазушылар, қаламгердің замандастары мен журналистер қатысты. 1939 жылы Маңғыстау облысының Онды ауылына қарасты Мырзайыр жерінде өмірге келген Әбіш Кекілбайұлы өзінің терең білімділігі мен талантының арқасында ұлттың ұстазы, даланың данасы атанған болатын. Ұлтының ұстыны, ұрпақтың ұстазы Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауда Елбасымен бір сатыдан табылып, атсалысты. Алаш ардақтысы 2015 жылдың 11 желтоқсан күні өмірден озды. Бірақ, Әбіш Кекілбайдың шырағы сөнген жоқ. Қайта екінші мәңгілік өмірі басталғандай.

«Мен үшін ең қымбат – қазақтың даласы. Мен Маңғыстауда тумасам, басқаша адам болар ма едім?! Қанша жазғыш болсам да, дәл осындай жазушы болмас па едім? Тағдырым үшін, шығармашылығым үшін мен туған жеріме қарыздармын… »  

19

20

22

23

24

Қазақ ұлты мен туған жерін жанындай сүйген қаламгер халқымен бірге қуанды, бірге мұңайды. Осыдан бір жыл бұрын өмірден бақиға озған жазушыны халқы ешқашан ұмытпақ емес. Әбіш есімін ұлықтау үшін облысымызда арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, Әбіш Кекілбай атындағы руханият орталығының жобасы мақұлданды.

— Мен көзі тірісінде-ақ Әбішті дана атадым. Қазақтың 5 данасының бірі деп, «Әулие» деген тақырыпта мақала жаздым. Ол Еңбек Ері атағын алғанда, Елбасы мен Әбіштің арасында тұрып, сөз сөйледім. Дегенмен, мен оны әлі танып болған жоқпын. Өйткені, ол жұмбақ адам. Әбіштің туған жерінің шөбі де, түйесі де, суы да бөлек. Әбішті тану үшін Маңғыстауды, адайдың тарихын білу керек. Кейде жан-жағыма қарап, оны іздеймін, сағынамын. Әбіштің шамы сөнген жоқ, ол бізбен бірге дүние тұрғанша тұрады. Қазақ бар кезде, Әбіш те бар, — дейді мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков.

— Әбіш Кекілбаев туралы сөз айту оңай емес. Әбіштің шығармалары өзгешілігімен, өз жолымен ерекшеленеді. Ол әдебиетке өлең жазып, ақын болып келді. Кейін өлең жазбай кетсе де, ақын болып кетті,-деді жазушы, драматург Ә.Тарази.

Замандастар заңғар жазушы туралы естеліктерімен бөліссе, іні-қарындастары абзал аға туралы ізгі тілектерін айтты.

— Бір қарағанда Әбіш ағаны жұртқа таныстыру керек емес сияқты. Екінші жағынан керек сияқты. Оның ғарыштық ойлау жүйесінің шексіздігі оны барлық жағынан зерттеу қажеттілігін ұқтырады. Әбіш ағаның еңбектері мен идеялары келер ғасырларға керек болады деп ойлаймын. Зерттеуге кейде асығыс заманның қолы тие бермейді. Бірақ, жас ұрпақ өсіп келеді. Олар идея іздеп, Әбішті зерттейді деп ойлаймын. Топырақ тұра берсе тазарады емес пе, Әбіштің бейнесі де жылдар өткен сайын жарқырай бермек. Әбіш әлеміне ақ жол! — дейді ақын О.Тұржан.

— Маңғыстау халқының мінезін кейде біреулер қатты көреді. Бірақ, мен білетін Әбіш ағаның кірпігі қозғалса, жанарынан жас көрінетін. Осыдан 50 жыл бұрын «Бір шөкім бұлт» жарық көргенде, Асқар Сүлейменов мақала жазып, «Әбіштің прозасы – дала поэзиясы» деп баға берілген еді. Мен ағамен көп сырластым, өмірінің ақырғы кездерінде маған өкініштері мен аманатын айтты. Мен қазір ол туралы айта алмаймын. Әбіштің аманаты мен өкініші қойын дәптерде жазулы тұр, — дейді ақын С.Нұржан.

21

— Әбіш Кекілбаевтың шығармалары ел Тәуелсіздігіне қаланған мығым кірпіш дер едім. Егемендіктің арқасында оның әрбір сөзі афоризмге айналады, — дейді Маңғыстау облысының Құрметті азаматы З.Алшымбаев.

«Әбіш әлемі» журналы оқырманға жол тартып, ресми таныстырылым аяқталған соң жиналғандар Әбіш Кекілбаевтың жатқан жеріне барып, рухына құран бағыштады.

26

27

28

Астанадағы Маңғыстау күндері М.Горький атындағы орыс драма театрында өткен Әбіш Кекілбаевтың шығармасы желісінде сахналанған «Шыңырау» қойылымымен тәмамдалды.  Ресейдегі Саха республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Сергей Потаповтың режиссерлығымен қойылған спектакль көрермендер көңілінен шықты.

29

30

31

— Әбіш Кекілбаевтың драмалауға лайықты шығармалары жетерлік. Бірақ, ең сахналауға қиын туындысы – «Шыңырау» дер едім. Театрдың тілі өзгеріп отырады, символикалық эпизодтар көп. Күрделі шығарма әдемі пьесаға айналған. Мен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры әртістерінің шеберлігіне қайран қалдым. Шыңыраудағы адамның жан-дүниесіндегі арпалыс, өмір туралы пәлсапалық ойларды көрдім. Әбіштің екінші мәңгілік өмірі басталды десек, бүгінгі драмалық қойылым сол зерттеудің басы деп есептеймін, — дейді жазушы Т.Әбдіков.

— Қойылым өте ұнады. Бір замандардағы Маңғыстау жұртының басындағы тағдырды өз көзіммен көргендей болдым. Әртістердің сахналық киімдері ерекше, шеберліктері жоғары. Адамның ішкі жан-дүниесін дөп басып, нақ жағдайды көрсете алды, — дейді Астана қаласының тұрғыны А. Төлеуханқызы.

Екі күндік мереке аясындағы жоспарланған шаралардың барлығы өз дәрежесінде ұйымдастырылды. Дәстүрлі шараның мақсаты айқын, маңызы зор.

— Аймақаралық мәдени шараларды дәстүрлі өткізіп тұру керек деп есептеймін. Дағдарыс дей беруге болмайды. Халық тұрмыстан бір сәтке ажырап, рухани мәдени дүниелерге де көңіл бөлуі тиіс. Маңғыстаудың қолөнер бұйымдарына деген қызығушылық жоғары. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір деп көпшілік ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бизнесмендердің арасында байланыс дамитынына да сенімдімін. Астаналық бір кәсіпкер Елордада шұбат зауытын ашуға бастама көтеріп отыр, — дейді Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары К.Машырықов.

— Маңғыстау облысының мәдени күндері бас қаламызда жыл сайын өткізіліп тұратыны қуантады. Дәстүрлі шараға уақыт тауып, жылма жыл келіп қатысамын. Бір жағынан Бекет атамыздың мәңгілік мекеніне бүйрегім бұрып, жетістіктеріне шынайы қуанамын, — дейді Астана қаласының тұрғыны Қ.Тұрғараева.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі аймақаралық қарым-қатынасты, іскерлік және әріптестік байланыстарды дамыту тапсырмасын орындау мақсатында өткен шаралар Маңғыстаудың салты мен дәстүрін, әдеп-ғұрпы мен мәдениетін паш етті. Біздің жеріміздің құрты ғана тәтті, ал, түйе сүтінен балқаймақ та тек Маңғыстауда жасалады. Шеберлердің қолдарынан шыққан әсем бұйымдар ерекшелігімен көздің жауын алады. Халықтың көңілін серпілтіп, ойын байытатын мұндай мәдени шаралардың ұйымдастырылуы маңызды деп санаймын, — дейді «НұрОтан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Х.Нұрғалиева.

Астаналықтар маңғыстаулықтар ізгі тілектерін арнап, мәдени күндерге қатысты ұсыныстарын білдірді.

— Маңғыстау облысының ел астанасында өтіп жатқан мәдени шараларының мән-маңызы зор деп есептеймін. Көрме керемет ұйымдастырылған, мұнайлы өлке туралы көп мағлұмат алдым. Болашақта көрменің форматы кеңейіп, ақын-жазушылармен кездесулер өткізілсе деген тілегім бар, — дейді «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі А.Сейілова.

Ел болашағы жолындағы игі істер мен ерен еңбектер – бұрынғы ата-бабалардың орындалмаған армандары. Есілдің бойында елдікке бағытталған көш керуені Каспийге бұрылды. Астанаға қимай қол бұлғаған маңғыстаулықтарға Бәйтеректің биігінен Күн күлімдеді. Екі күн бойы жылылықпен себелеген ақ жаңбыр ақ жол тіледі. Есен бол Елорда!

Анар ШАМШАДИНОВА
Суретті түсірген Ердос ҚОЖАНТАЙҰЛЫ
Ақтау-Астана-Ақтау

7

8

9

10

11

12

13

14

15

16

17