«Амал ниетке байланысты» деген сөз текке айтылмаса керек. Осы сөздің астарына үңіліп көрдік пе? Қазір күллі мұсылман үшін 5 парыздың бірі қажылық сапарын саяхатқа айналдырып, шырт етіп түсіре сала әлеуметтік желіге жариялап жатады. «Біз әлі де сәби халықпыз: жаңа нәрсені тамашалағымыз келеді, тамашалап жатқан сәтімізді жұртқа жария қылғымыз келеді», — дейді сұхбаттасушым.

Бұл мәселе туралы жақында қасиетті сапардан келген спорт коментаторы Есей Жеңісұлымен әңгімелескен едік.

 — Есей аға, жақында қажылық сапарынан келдіңіз. Алған әсеріңіз қандай болды?

— Мұсылман баласы өтеуі тиіс қасиетті парыз болғаннан кейін, алған әсерім өте мол. Бұған дейін қымқуыт заманда дүние тіршілігіне алданып жүріп, уақыт өткізіп алыппыз. Сол себепті бұл мүмкіндікті Құдайдың берген несібесі деп қабылдадым. Қобалжыған болуым керек, виза дайын болғанша, көп ешкімге тіс жарып айтпадым. Ұшаққа отырып, Джидда қаласын бетке алғанда, мұсылман арасында айтылатын «Қажылыққа Алланың өзі шақырады»  деген сенімнің рас екеніне көзіміз жеткендей болды. Меккеде парызымызды өтегеннен кейін, одан әрі Мәдинадағы Пайғамбар (с.ғ.с) мешітіне, Құба мешітіне барып зиярат еттік. Сосын 80-ге жуық сахаба ислам дінінің таралуы үшін шейіт болған Ухуд тауын көріп,  үлкен әсерге бөлендік. Қағбаны айналып, тәуба жасаудың қандай құдіреті бар екенін түсінгендей болдық. Менің ұққаным, мұндай ұлы сапарға мұсылман баласы өзін әбден жетілдіріп, жан-жақты дайындықпен барғаны абзал. Парызды орындауға мейлінше тырысу керек.

—  Кредит алып, қажылыққа барып жатқандар бар. Бірнеше мәрте қасиетті мекенге жолы түсетіндер де бар. Мұның пәтуасын айтатын адам сіз емес, дегенмен бұл туралы жеке азамат ретінде көзқарасыңыз қандай?

— Мұндай мүмкіндік басыма туады-ау деп ойламағаным рас, сондықтан бұл сұрақ маған тосындау. Бірақ қажылыққа барып, өз көзіммен көріп келгеннен кейін жауап берген де дұрыс шығар.  Несие алып бару деген құлаққа түрпідей тиеді екен, өйткені қажылықтың шарты бойынша  адам адал ақшаға баруға тиіс, яғни, ешкімнен қарыз алмау керек. Егер қарызын қайтаратынына, тапқан табысына сенімді болса, бұл да бір қазіргі заманның мүмкіндігі шығар.  Меніңше, қасиетті жерге бірінші, екінші, бесінші, оныншы мәрте барып жатқан азаматтарға қарсылық танытудың қажеті жоқ. Бірінші мәрте барғанда азамат өз парызын өтесе, екінші рет барғанда, дүниеден өткен әкесінің парызын өтеп жатуы мүмкін, біз қайдан білеміз?  Бәдел қажылық – марқұм болған жақыны үшін қажылық сапарын өтеу. Қағбаға бір барған адам сол жерге қайта барғысы келіп тұрады. Бұл дүниедегі бүкіл маңызы бар істер етекте қалып, жаның шырқау биікке, көкке көтеріліп кеткендей әсерде қаласың. Сондай-ақ, бірнеше рет қажылыққа бару – мұсылмандыққа қайшы емес. Пайғамбарымыздың өзі «бірінші қажылық өзің үшін» деген пікір айтқан. Адамның ойы мен ниетін білмей тұрып, сыртынан жазғырған орынсыз.

— Соңғы кездері әлеуметтік желіде  қажылыққа барған сапарын жарқыратып, жарнамалаушылар көбейді. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

—  Бұл парызды риясыз өтеу керек. Мақтан тұтудың қажеті жоқ. Тіліңді кәлимаға келтіргеніңді, намаз оқығаныңды, ораза ұстағаныңды, зекет бергеніңді жұртқа айтып мақтанбайсың ғой, бұл да тура сол сияқты парыздың бірі. Менің ойымша, «мешітке бардым, Қағбаны қолыммен ұстадым» деп  әлеуметтік желіге жарқыратып сурет салу ыңғайсыздау. Бірақ пенде болғаннан кейін ондай әрекеттерге баратынымызды жоққа шығармау керек. Әлі де сәби халықпыз. Біз  жаңа нәрсені тамашалағымыз келеді, тамашалап жатқан сәтімізді жұртқа жария қылғымыз келеді.  Бұған кешіріммен қарап жатамыз. Алла кең ғой, мүмкін ол бізден де бұрын кешіріп қойған шығар.

Ал өзіңіз қажылық сапарынан суреттер салдыңыз ба?

—  Тек Нұр тауына көтеріліп бара жатқан кезімді «Фейсбук» желісіне салдым. Меккеге барған кезімде, Алматыдан отбасыма пәтер бұйырғанын естідім.  Ұзақ жылдар бойы күткен пәтердің құжаттары шешілді, соған бір ризашылығымды білдірмек ниетпен, алыстан түскен, Нұр тауына өрлеп бара жатқан бір суретімді қойдым.

— Сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН
Сурет және бейнежазбаны түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ

https://youtu.be/0rupwLCcKh0