Сурет akorda.kz алынған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына жолдауын жариялайды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Халыққа жолдау жариялайтыны туралы Президент осыдан үш апта бұрын хабарлаған еді. Тіпті жолдауда көтерілетін мәселелердің шет жағасын Мемлекет басшысы айтып қалған.

«2 қыркүйекке жоспарланған Халыққа Жолдауымда есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде Парламентке және Үкіметке тапсырмалар жүктеледі», — деген еді Президент Twitter парақшасында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы жолдауында тағы қандай мәселелер көтерілуі мүмкін? ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Талғат Қалиев осыған қатысты болжам жасап көрген болатын.

«Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының ерекше құпия жасамай, барлық зорлықшыларға жазаны қатаңдатуға ниетті екендігімен бөлісуі фактісінің өзі қызықтыра түседі. Бұл жаңалықты құпия ұстай тұрып, залда барынша қошеметке ие болуға да болар еді. Дегенмен, Президентке пойыздағы зорлау сорақы фактісіне байланысты  оқиғаға бей-жай қарамаған отандастарымен пікірлес екендігін білдіру маңызды болған сияқты. Осынау қысқа ғана твит іс жүзінде зорлыққа бірауыздан жек көрушілікті қалыптастыруда айрықша рөл ойнады. Қалғаны әзірше құпия қалып отыр», — деп жазады Т.Қалиев Telegram-да.

Оның пікірінше, Президенттің алдағы Жолдауында әлеуметтік қолдау шараларына қатысты мәселелер көтеріледі.

«Бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру. Тамыз кеңесінде  төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын 4 есе көтеру тапсырмасы берілді. Бұл тармақ жолдаудада қозғалып, барынша тарқатылуы мүмкін.  Таяуда өткен индустрияландыру жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы түбегейлі мәселелерді көтеріп, қазақстандық экспорт үлесін арттыру туралы тапсырма берді. Бұл мәселе де Жолдауда барынша кеңінен қозғалатын шығар. Үкіметтің таяудағы кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік қызметке араласу тақырыбын көтеріп, бизнестің дамуына кедергі келтіретіндердің бәрін жұмыстан босататындығына уәде берді. Кәсіпкерлікті қорғау шаралары  заңнамамен кепілдендіруге тапсырма береді деп болжауға болады», — деді ол.