авто көлік машина
Сурет сайт архивінен

Ақтауда полиция қызметкерлері 12 жыл бойы көлік салығын төлемей келген қала тұрғынын анықтады. Ол автокөліктің атына тіркелмегенін айтып, Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті және полиция қызметкерлерін алдаған. Енді қала тұрғыны барлық салықты төлеуге міндеттелді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

2007 жылдан бастап Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қала тұрғынына салық төлеу туралы хабарлама жіберген екен. Алайда ол 2019 жылы 10 маусым күні Ақтау прокуратурасына келіп, атына ВАЗ маркалы автокөліктің заңсыз тіркелгендігін айтып арызданған.

«Тексеру барысында ВАЗ маркалы автокөлік қала тұрғыны атына тіркелгендігін және туысынан алғанын дәлелдейтін куәлік табылды. Сондай-ақ аталған автокөлікті басқару құқығына сенімхат берілгендігі анықталды. Полиция қызметкерлері азаматқа барлық салықты төлеуді міндеттеді», — дейді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жұлдыз ҚАЛИЕВА