Сурет tengrinews.kz алынған

Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға кредит беруге тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, — деп хабарлайды  mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Өсімпұл мен айыппұл мөлшерінің ұлғаюы нәтижесінде азаматтардың берешегінің басқарылмайтын өсуіне жол бермеу үшін ағымдағы жылдың соңына дейін заңнамалық деңгейде заңдар мен заң аясындағы нормативтік-құқықтық актілерге қажетті түзетулер қабылданады», — деді ол.

Мәселен,  Е.Досаевтың айтуынша, мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынды.

«Бұл азаматтарды берешектің үнемі өсіп отырған сомасынан қорғауға мүмкіндік береді. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынады. Сонымен қатар, қарыз алушыға борыштық жүктеме коэффициентін есептеу тәртібін қайта қарау, банктердің меншікті капиталына қойылатын қосымша талаптар сияқты бірқатар қосымша реттеу шаралары көзделеді. Бұл кепілсіз тұтынушылық қарыз беруге, әсіресе табысы төмен азаматтарға қарыз беруге азырақ экономикалық ынталандыру болады», — деді Ұлттық банк басшысы.