Тараз қаласында 26 маусым мен 1 шілде аралығында тоғызқұмалақтан республикалық турнир өтті. Турнир тоғызқұмалақ ойынының ардагері Әбілда Ақшораев пен Серікбай Тілеубаевті еске алуға арналды. Жарыста маңғыстаулық ойыншылар жүлделі оралды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Турнирге Түркістан, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облысынан 150 ойыншы қатысты. Оның ішінде 4 халықаралық деңгейдегі спорт шебері, 5 спорт шебері және 15 спорт шеберіне үміткер бар.

Маңғыстаулықтар тоғызқұмалақтан республикалық турнирде жеңімпаз атанды   

Аймақ намысын қорғап ойынға қатысып, белсенділік танытқан тоғызқұмалақшылар жүлделі оралды. 9 жастағы ойыншылар арасында Сандуғаш Айболқызы 1-орын алса, ұлдар арасында Жақсылық Алайдер жеңімпаз атанды. Сандуғаш Айболқызы 3-сыныпты бітірді, ол «Маңғыстау Аренада» тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады екен. Оны бапкер Марат Бекбауұлы түрлі жарыстарға дайындап жүр.

Маңғыстаулықтар тоғызқұмалақтан республикалық турнирде жеңімпаз атанды   

Сонымен қатар Жұмагелді Тұрақбай ерлер арасында көш бастады. Ал Парахат Джунебаев жүлделі 2-орынға жайғасты.

«Шараның жабылу салтанатына Әбілда Ақшораевтың жұбайы, Жамбыл облыстық тоғызқұмалақ федерацияның төрағасы Батырбек Құлекеев және Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбекоа келді. Олар жарыстың тартысқа толы болғанын атап өтті. Сондай-ақ жеңімпаздарды марапаттады», — дейді бапкер Марат Бекбауұлы.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді ұсынған Марат БЕКБАУҰЛЫ