Балаға қуаныш сыйлау  — міндет

Халықаралық   балаларды  қорғау  күніне  арналған  мерекелік  шара Мұнайлы  ауданында  да  болып   өтті.  Алаңға  жиналған  үлкен-кіші тұрғындар   аудан   өнерпаздарының   концерттік  бағдарламасын  тамашалап, бүлдіршіндер  жағы  халық  қалаулылары атынан тәтті сыйлықтарға  ие  болды.

Мұнайлы   ауданында  132  мүмкіндігі  шектеулі балғын тұрады. Жүріп-тұру  мүмкіндігі  бар, сондай-ақ, арбаға таңылған   80  бала  мерекелік  шараға  қатысты.  Солардың  бірі — 5 жастағы Жоламан  Есболов.  Отбасындағы  4  ұлдың  ең  кішісі  әрі  еркесі,  егіздің  сыңары   Жоламан   сал    ауруына    шалдыққан.   Егіздің  бірі —   Еламанның  дені  сау.  Ал, Жоламан  бәрін ақылмен   түсінгенмен,  сөйлемейді,   жүре  алмайды.  Мұндай   жарымжан   жағдайға  ол   анасының  құрсағынан  шыққан сәтте  түскен.  Дәрігерлердің  салғырт  қарым-қатынасының   салдарынан   нәресте  өмірге  келген  бойда-ақ  соққы  алып,   денсаулығынан  айырылған.

Ресей, Татарстан елдеріне, Алматы мен Астана қалаларындағы ірі емдеу орталықтарына   апарып,  ұлымызды  емдетіп  жүрміз.  Қазірде ем  қабылдаудамыз.  Жоламанның денсаулығының  күн санап жақсарып келе жатқандығына сенгіміз келеді. Әрине, аурушаң болғандықтан,  отбасына  оңай   емес.  Өзі  жүріп-тұра алмайды, арнайы  сүйеніп   жүретін   арба  қажет. Арба  арзан  емес,  әзірге  сатып  алуға   қаражат  болмай тұр. Мерекелік жиындарда  Жоламанның   көңіл-күйі  көтеріледі.  Басқа балаларды көріп, ән тыңдап  мәз болады, — дейді Жоламанның әкесі Н. Есболов.

Бұл күні шаттыққа бөленгендердің бірі – 18 жастағы  Мөлдір  Азаматуллаева.  Жас   қыздың   ІІ  топтың  мүгедегі  атануына   да  медицина қызметкерлерінің   қателігі  себеп  болған.  2005   жылы    әткеншектен  құлап, сол  қолының  шынтағын  сындырған  бүлдіршінге  жергілікті  дәрігерлер  шұғыл ота жасайды. Анестизиолог-маманның  өз  қызметіне   жауапсыздығы  салдарынан, Мөлдірдің денсаулығы   күрт   нашарлап   кетеді.  Басында  ісік  пайда  болып,  эпилепсияға  шалдығады. Бел омыртқасы  ауыратындықтан,  көп  тұра  алмайды,  тез шаршап қалады. Бірақ, аудандағы  №1 мектептің 11 сынып оқушысы денсаулығына  қарамастан, өте  сауатты, әрі белсенді. Түрлі өнер сайыстарына  қатысып, жеңімпаз  атанып  жүр.

— Екі баламның бірі, көзімнің қарашығындай Мөлдірім тағдырдың жазуымен кішкенесінен  жарымжан  атанды. Әкесі өмірден ерте өтті. Әрине,  қатты  қиналамын.  Бірақ, мен ешқашан қызыма күтім жасап, оны емдетуден шаршаған  емеспін. Ешқашан үмітімді үзбеймін.  Мамандығым – экономист, бірақ, жұмысымды тастап,  қызымның  жанындамын. Мөлдір күнделікті  дәрі қабылдайды, массаж алады. Денсаулығының нашарлығына байланысты, көп жаққа шыға   бермейді. Жақында республикалық деңгейдегі сайысқа қатысып, жеңімпаз  болды. Сондағы  оның  қуанғанын, өзгелермен  тең  дәрежеде сезініп, жымиып  күлгенін  көріп, көз жасыма ерік бердім. Алла  оған  денсаулық  бермесе де,  дарын  берген. Армандары  көп, соған  жетсе  екен  деп  тілеймін, — дейді Мөлдірдің анасы А. Азаматтуллаева.

Суретті  жанымен  сүйіп  салып,  қолөнерге бейім қыз үнемі ізденіп жүреді  екен.  Дизайнер  мамандығының  иесі  болуды  армандайтын ол  өзінің  шеберлігін  көпке   танытып  келеді. Киім үлгілерінің заманауи  түрлерін  сызып,  жаңаша  бағытта  ойларға берілетін  Мөлдірдің  қолөнер бұйымдары  мен сызбаларының  көрмесі Астана қаласында өткен.

Дизайнер болғым  келеді.  Өз бизнесімді ашып, өз брендімді шығарғым  келеді.  Бұл  бағытта үнемі ізденіп жүремін. Ресей, Украина,  Белоруссия   және  Қырғызстаннан   ғаламтор  арқылы  достар  таптым.  Олармен   ұдайы хабарласып, ой бөлісіп, пікір алмасып   жүремін.  Қағаздан  түрлі  фигуралар  жасаймын.  Мерекелік шараларға  қатысқанды  жақсы  көремін,  өйткені,  ол  кезде мен өзімнің   ауыратынымды   мүлдем ұмытып кетемін.  Осындай күні елеп-ескеріп, сыйлық  беріп   жатқан  депутат ағаларға алғысым  шексіз, — дейді М. Азаматтуллаева.

Аудандық   мәслихат   депуттаттарының   әрбірі  3  мүжәлсіз  отбасына  мереке   қарсаңында  азық-түлік  пакеттерін  апарып,  сый  жасаған.  Ал, халық   қалаулысы  Ахмет  Салманов  «Биомарт»  сауда  орталығымен  біріге отырып,  аудандағы  132   мүмкіндігі  шектеулі  балаға  және  №3  арнайы жалпы  білім  беретін мектептің 100 ерекше оқушысына  тәттілер  мен ойыншықтардан  сый   жасады.   Қайырымдылыққа  бет  бұрып,  көмек  қолын  созуды   азаматтық   борышы  санайтын  депутат «Мұндай игі істерден шет қалмауға  тырысамын.  Қолымнан келгенше кез келген тұрғынға  көмек  қолын  созуға  дайынмын» дейді.

Бұл – балалардың мерекесі болғандықтан, сәбилерге сый жасап, қуантуды мақсат еттік. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі, кішкенесінен денсаулықтары нашар балғындарға қуаныш сыйлау – әрбір ел азаматының міндеті деп санаймын. Олар өздерінің қоғамға қажеттілігін  сезініп  өсулері тиіс. Ал, ақтаулық балдырғандар  үшін бұл  күні   «Ақтау» сауда  орталығының жүзу хауызы тегін қызмет көрсетті.  Келушілердің  көптігі  соншалық,  кезекпен  кіруге тура келді. Балалар  мен қарттарға қамқорлық жасаудан ешқашан бас тартпаймын,  қайырымдылық шаралары  алда  да жалғасын таба беретін  болады, — дейді «Ақтау» сауда-ойын сауық кешенінің директоры, облыстық  мәслихаттың  депутаты А. Салманов.

Мұнайлы  ауданында №3 арнайы жалпы білім беретін мектепте 100 оқушы бар. Денсаулықтарының төмендігіне байланысты 21 бала үйде оқытылады.  Балаларды  қорғау  күніне  орай өткізілген шара барысында олар  сыйлықтар  алып,  би  билеп,  ән  салды.

Анар ШАМШАДИНОВА

Суреттерді түсірген автор

14

10

6

5

4

1