1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Жауқазын» облыстық балалар шығармашылығы өнер фестивалі өтті.

Бала көңілді шаттыққа бөлеген мереке аясында «Жауқазын» фестивалі жылдық дәстүр бойынша осымен төртінші мәрте ұйымдастырылды.Оған облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 1000 дарынды балақай қатысып, өнерін паш етіп, бағын сынады. Нәтижесінде, ең үздік, ең талантты 150 кішкентай жеңімпаз іріктеліп, облыстық сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Көңілді фестивальдің шымылдығын облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева құттықтау сөзімен ашты:
-Облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен өтетін өнер фестиваліне қатысуға ынталы балалардың жыл сайын артуы қуантарлық жайт. Олардың өнерге сүйіспеншілігі, жұлдыздай жарқырап, сахнада өзін көрсетуі ата-аналардың, балабақшалардың, қосымша білім беру мекемелерінің ерен еңбегінің арқасы, зор үлесі деп білемін. Мемлекет балалардың жарқын болашағы, бақыты үшін қолдау көрсетіп, демеу бола береді. Себебі, олар – елдің басты байлығы, өмірдің гүлдері. Мереке құтты болсын! Балалардың жұлдызы жанып, өнері өрге жүзсін,-деді ол.
Бала тілі – бал. Сахна төріне шыққан бүлдіршіндер әсем әндер шырқап, көңілді билер билеп, отансүйгіштік бағыттағы өлеңдерді мәнерлеп оқып, көрермен қауымын тәнті етті. Жаңаөзен қаласының «Сәуле» балабақшасының тәрбиеленушілері «Стиляги» биінде мың бұралып, көпшілікті баурап алса, Ақтаудағы «Топатушки» балабақшасында тәрбиеленетін Айқын Қонақбаев «Анашым» әнімен тамсандырды. Маңғыстау ауданының Ұштаған селосының балақайлары «Көңілді көктем» биімен, Мұнайлыдағы «Арай» жекеменшік балабақшасының тәрбиеленушілері «Жауқазын» әнімен көңілді серпілтті. Өнерін паш еткен барлық балаларға сыйлық пен диплом табыс етілді. Онымен қоса «Біз – Қазақстан балаларымыз! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» атты көрмеде көрермендер қиялы ұшқыр кішкентай суретшілердіңтуындыларын тамашалады.

Ханым ҚУАТ,
Суреттерді түсірген автор

DSC_0755

DSC_0812
DSC_0867