шыныққан бала

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының шақыртуымен биыл аймаққа 161 жас маман келді. Киелі түбекке арнайы шақыртумен келіп, еңбек жолын бастағандардың қатарында жас дәрігер Қазбек Шукуровта бар.

Қазбек Шукуров-М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлегі. Бүгінгі таңда Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының оториноларингология бөлімінде дәрігер. Тәулік бойы бүлдіршіндерді қабылдап, жоғары тыныс алу жолдарын, құлақ, мұрын ауруларын бастапқы сатысында анықтап, қажет кезде ота жасап, ата-аналардың алғысына бөленіп жүр.

Біздің бөлімше 20 төсек орынға арналған. Күніне орташа есеппен 4-5 бүлдіршіннің мұрынына, құлағына ота жасаймыз. Маңғыстауға келген үш айдың ішінде 80-нен астам балаға ота жасаппын. Барлығы сәтті да шықты. Олардың арасында Астана қаласында жасатылатын екі отаны да осы бөлімде жасадық. Оның екеуі де қыз балада кеңсіріктің бітелуіне жасалды. Бұл аурудың нақты себебі жоқ. Жалпы бұл патология қыз балаларда көп кездеседі. Екі отаны да эндоскопиялық әдіспен 40 минутта жасап шықтық,-дейді Қазбек Шукуров.

Ақ халат киіп, адам тағдырына араша түсу Қазбек Шукуровтың бала күнгі арманы болыпты. Асқақ арманы мен адал ниеті оны Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне жетелеген. Оқу ордасының хирургия факультетінде 7 жыл грантта білім алып, кейін резидентураны балалар оториноларингологиясы бойынша жалғастырып, білімін шыңдаған. Қосымша Ақтөбе қаласындағы №6 қалалық емханасында хирург болып жұмыс жасап, тәжірибе жинақтаған. 2017 жылдың тамыз айында арнайы шақыртумен Маңғыстауға келіп, еңбекке араласқан. Жас маман облыстық балалар ауруханасына оториноларингология бөлімінде дәрігер-ординатор болып жұмысқа орналасып, араға 1 ай салып бөлім меңгерушісі болып тағайындалған.

-Биылғы жылдың мамыр айында бір топ жас маманды Ақтау қаласына арнайы шақырып, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жұмысымен таныстырды. Екі аптадай жұмыс жасап, аурухана жұмысымен жақын таныстық. Мен лор-дәрігер Қайсар Омаровтың қарамағында болдым, білікті дәрігер біраз тәжірибесімен бөлісті. Ол кісі мен жайында басшылыққа жақсы мінездеме берген екен. Сол арқылы мені жұмысқа шақырды. Жалпы өзім Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданына дүниеге келіп, сәулет мектеп-гимназиясында білім алдым. Әжем үнемі маған кітап сатып әперіп, көп оқытатын. Сауатты, білімді болып өскенімді қалайтынын айтып отыратын.  Дәрігер боламын деген таңдауыма ақ батасын беріп, қолдау да көрсетті. Ата-анама салмақ салмай жоғары оқу орнын грантта оқыдым. Кейін дәрігерлік мамандықты қарындасым Айсұлу да таңдады. Қазіргі таңда ол Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында медбике болып жұмыс істейді,-дейді кейіпкеріміз.

Жемісті еңбегімен еленген дәрігер отбасында асыл жар, қамқор әке. 2012 жылы Ардақ атты арумен шаңырақ көтерген. Бүгінде шаңырақта  Мирсайд атты бес жасар ұл өсіп келеді. Қазбек жұмыстан бос уақытында салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысады. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін де еркін меңгерген.

Тағы оқыңыздар: Ақтаулық боксшылар жасөспірімдерге шеберлік сабағын өткізді

-Қазіргі уақытта балалардың иммуниттері өте төмен. Мұрынның аурулары көбіне балаларда иммунитетің төмендеуінен, көп ауырғаннан пайда болады. Және бұл ауру көбінесе 3-7 жастағы балаларда кездеседі. Дер кезінде емделмесе, асқынып кетіп, баланың тыныс алуы да қиындайды. Бала сәл нәрсеге ашуланып, ештеңеге зауқы да соқпайтын болады. Мұндай жағдайда тек ғана ота жасалуы керек… Үш айдың ішінде 3 балаға құлақ пердесінің тесілуіне байланысты ота жасадық. Оны жасау үшін әр балаға 1 жыл дайындық болуы керек және құлақтан ірің ақпағаны жөн. Егер бір тамшы ірің ағатын болса, ота да сәтті болмауы мүмкін. Бүгінгі таңда ауруханамызда 4-5 баланы осы отаға дайындап жатырмыз. Жалпы менің көзқарасымда әр ата-ана балаларын міндетті түрде шынықтырып өсіруі керек. «Шынықсаң- шымыр боласың» дейді ғой, сол айтпақшы шыныққан бала ешқашан ауырмайды. Және тағы бір айтарым ата-ана балаға көп дәрумен (витамин) беріп, үйретпеуі керек, міндетті түрде педиатрмен ақылдасуы тиіс. Қабаттап киіндіре бермеуі де баланың болашағына кері әсерін тигізеді. Керісінше, баланың денесін керіп, созып үйрету керек. Бұрын әжелеріміз шынықтырудың неше түрлі әдісін жасайтын еді. Баланы жалаң аяқ далаға шығарып жіберетін, құммен ойнататын. Мұның барлығы баланың табиғатпен жақын болып өсуіне, шымыр болуына көп септігін тигізеді. Шыныққан баланың ағзасы да жақсы қалыптасады. Дені сау бала-болашақ жемісі,-дейді бізбен қоштасарда Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы оториноларингология бөлімінің меңгерушісі Қазбек Шукуров.

Венера МИРЛАН