Сенат депутаттары

ҚР мемлекетінің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында Маңғыстау шекарасында бірқатар реформалар жүргізілуде. Бүгін Маңғыстау облысына ҚР Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева, Талғат Мұсабаев бастаған бір топ сенаторлар келді.  Депутаттар ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҚР Қарулы Күштері, Теңіз күштерінің қызметімен және Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жұмысымен танысты.

Сенаторлар алдымен Ақтауда 4-шағын ауданда орналасқан 29011 әскери теңіз базасына барды. Мұнда олар әскери қызметшілермен тілдесіп, жұмыс барысымен танысты.Сенат депутаттары Ақтау теңіз сауда портына келді (ФОТО)

Содан кейін Маңғыстауға келген қонақтар Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жұмыстарымен танысты. Сауда портының президенті Абай Түркпенбаев Ақтау порты дамуының болашақ бағдары туралы сөз сөйледі:

—  Ақтау портында жүк тасымалдау жұмыстарын жеделдету мақсатында  «Бір терезе» принципі   биылғы жылдың қаңтарынан бастап іске қосылған. Бұған дейін жүргізуші жүктерді рәсімдеу үшін  Фито-санитариялық бақылау, кеден, ветеринариялық бақылау, порт, жүк бақылауы, ҰҚҚ ШҚ, СЭБ қызметіне әрқайсысына өзі барып, құжаттарын рәсімдеп келді.  Құжаттық бақылауда 2 сағатын жоғалтып, порттан алғашқы көлік 8-10 сағатта ғана шығатын болды. Ал қазір «бір терезе» принципі арқылы жүргізуші тек порт қызметкерімен тілдесу арқылы барлық құжаттарын реттей алады. Құжат бақылауына 10-15 минут уақыты кетсе, алғашы көлік 2,5 сағат ішінде шығып отырады. С ондай-ақ бұған дейін порт арқылы қызметке 300-400 доллар көлемінде шығын кетсе, бүгінде жүк жүргізушісі үшін құжаттарды рәсімдеу 100 доллар тұрады, — дейді Абай Түркменбаев.

 Ақтау теңіз порты – Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Өндірістік қуаты — 17,7 млн. тонна. Порттың аумағы 79700 метр квадрат болатын ашық алаңы мен аумағы 2 мың метр квадрат болатын жабық транзиттік қоймасы бар. Сыйымдылығы 12,5 млн. тоннадан дейін 13 мың тоннаға дейінгі танкерді алуға қабілетті төрт мамандандырылған мұнай құю айлағы, жалпы жүк тасымалына арналған үш әмбебап айлақ, сондай-ақ қуаттылығы 2,5 млн. тоннаға дейін «Ro-Ro» кемелерін, қуаттылығы 2,0 млн. тонна болатын теміржол паромдық кешенін және жылына 700 мың тонна астық терминалын мамандандырылған айлаққа алып шығарды.Сенат депутаттары Ақтау теңіз сауда портына келді (ФОТО)

Бүгін Ақтау теңіз айлағында ҚР Парламенті Сенатының сыртқы байланыстар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі мәжілісі өтті. Жиында ҚР Әскери-теңіз күштері мен Қарулы Күштерінің қызметі туралы мәселелер  айтылды. Басқосуда Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, вице-адмирал Ж.Жанзақов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, ҚР Шекара қызметінің директоры Д. Дилманов және Ақтау халықаралық теңіз сауда портының президенті А.Туркпенбаев қатысты.

Алғаш сөз алған Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Жандарбек  Жанзақовтың айтуынша, Ақтау порты — Каспий елдері ішінде өзіндік жұмыс жоспары қалыптасқан шекара бөлімі.

 — Бүгінгі  таңда Ақтау портының экономикалық-әлеуметтік маңызы жоғары. Каспий жағалауы шекараларын шектесетін 5 мемлекетпен пайыздық мөлшерде бөліп қарасақ, Ақтау ең жоғары пайызды көрсетіп отыр. Атап айтсақ, Қазақстан – 29,6%, Әзірбайжан – 19,5, Ресей – 18,7%, Түркіменстан – 18,4%, Иран – 13,8%   аумақты қамтып отыр, — дейді Ж.Жанзақов.

Ал ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, ҚР Шекара қызметінің директоры Дархан Дилмановтың айтуы бойынша, 11 мың әскери қызметкер баспанаға мұқтаж.

Тағы оқыңыздар: Бейнеулік келіншек пойызда босанды

Сондай-ақ, шекара аймағында 2017 жылдың қаңтарынан бері 1908 құқық бұзушылық орын алған. Нақтырақ айтсақ, 5 кг 126,68 гр есірткі тәркіленіп, 4 қару және оған тиесілі 70 оқ табылды, — дейді ол,

Сенат депутаты Талғат Мұсабаевтың айтуынша, Маңғыстауда «Зенит» кеме жасау зауытын салу – өндірістік маңызға ие жоба.

— «Зенит» зауытын Маңғыстауда іске қосу еліміз үшін экономикалық тұрғыда жоғары маңызға ие. Әзірге, мұндай зауыт Оралда бар, бұған дейін шағын кемелер мен судналар құрастырып, қажетті жұмыстарды сол зауыт атқарып келді. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, Орал көлі жағажайы аумағы кішірейіп барады. Біз мұнда Ақтау, Құрық порттарын кеңейту жұмыстарын жүргізіп отырмыз, сол себепте осы аймақта  кеме жасап шығаратын зауыт ашу оңтайлы шешім болмақ. Өйткені кеме жасау – отандық экономикадағы жаңа сала, оның шығаратын өніміне нарықта сұраныс бар.
Сондай-ақ, Мемлекетіміздің шекара қызметінің  қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселелердің бірі. 90 жылдармен салыстырғанда әскери-теңіз күштеріндегі жұмыстар, кадрлар, техникалық жабдықтары біршама өзгерген. 25 жылда материалдық техникалық қамтамасыз ету қызметтері жоғарылап, білікті әскери мамандай көбейді деп айтуға болады.

Сонымен, Ақтау теңіз сауда портының солтүстік бағытын кеңейту бойынша жоба жоспары жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде жылына 3 миллион тонна жүк тасымалданатын порт 16,5 – 19,5 миллион тонннаға дейін тасымалдауға мүмкіндігі жетіп отыр.

Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН