Маңғыстау облысы әкімі Ералы Лұқпанұлы, «Астана Кызмет-КЗ» компаниясының атқарушы директоры Болат Ыдырысбаев, «BeltWay-SafBon Consortium» компаниясының бас директоры Али Мохамад Хатиб  пен «SafBon Water Service (Holding) Inc» компаниясы бас менеджері теңіз суын тұщыту зауыты құрылысы жобасы бойынша меморандумға қол қойды.

«Ірі консорциум ретінде су және электр қуаты инфрақұрылымын жетілдіру, денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында қызмет көрсетеміз. Әлем елдерінде зауыттарымыз бар. Мемлекеттік жекеменшік-әріптестік  орталығына бірқатар жобаларды ұсындық. Теңіз суын тұщыту зауытын салу жобасын қаржылай және техникалық қолдауға дайынбыз. Құрылыс барысында заман талабына сай, Еуропа және Америка стандартынан кем түспейтін жоғары технологияларды қолданамыз. Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауына зор рахмет»,-деді «BeltWay Group Limited» компаниясының бас директоры Али Мохамад Хатиб.

«Мен Ақтау қаласына алғаш рет келдім. Қала өте көрікті. «Safbon» компаниясы Қытайда Шанхай қаласында орналасқан. Кәсіпорын 4 бағытта қызмет етеді. Өндірістік ағын суларды, қалдық сулар мен қатты қалдықтарды қайта өңдеумен және газ ағыны қозғалысын реттеумен айналысады. Компания жылдам қарқынмен дамып келеді. АҚШ, Швейцария, Германия мен Австрия елдерінде  филиалдарымыз бар. «Safbon» соңғы жиырма жыл ішінде 500-ден аса су өңдеуге қатысты ірі жобаларды жүзеге асырды. Облыс әкіміне алғысымыз зор»,-деді «SafBon Water Service (Holding) Inc» компаниясының бас менеджері Ванг  Ксиан.

«Сіздің тарапыңыздан келіп түскен ұсыныстың маңызы ерекше. Бірлесе жұмыс істеп, жаңа жобаларға жан бітіреміз. Ауылшаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол болмақ»,-деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы. Сонымен қатар өңір басшысы жаңа жоба бойынша жұмыс тобын құру міндетін жүктеді.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ