Медиатор – қарапайым тілмен айтқанда, араздасқан 2 адамды (немесе 2 мекеме, топты) татуластырып, бітімге келтіретін адам. Ертеректе би-болыс пен ауыл ақсақалдары, елге сыйлы адамдар даудың басын шешсе, бүгінде медиаторлар орнын басуға әрекет етіп отыр. 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы»  ҚР Заңы заңды күшіне енген болатын.  Бүгінде «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыста бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Медиацияның маңызы мен оның қоғамға әкелер пайдасы жөнінде «Медиацияны дамыту орталығы» өкілеттілігінің Маңғыстау облысы бойынша директоры Нұржанов Мұса Тұрланұлын сөйлеткен едік. Ары қарай сұхбат берушінің өз сөзімен беруді жөн көрдік.

Брифинг қашан өтеді?

Биыл 5 тамызда «Мадиацияны дамыту орталығы» РҚБ 6 жылдық мерейтойын тойлайды. Осыған байланысты 4 тамыз күні ашық есік күні өтеді. Ақтау қаласы, 14 шағын ауданында Облыс әкімшілігі, «Қоғамдық келісім» РММ, медиация кабинетінде  10:00-18:00 аралығында тұрғындарды қабылдау өтеді.

Брифингте не айтылады?

РҚБ «Медиацияны дамыту орталығы»  2011 жылдан бері қарқынды жұмыс істеп келеді. Облыс бойынша 12 кәсіби медиатор және 1 кәсіби емес медиатор тұрғындарға көмек көрсетеді. Біз бұған дейін облыс әкімшілігі, облыстық сот, облыстық прокуратурасы, полиция бөлімі, сияқты бірқатар мемлекеттік органдармен келіссөз жүргізіп, бірге жұмыстар атқарып келеміз. Брифингте осы аталған органдардың өкілдері сөз сөйлеп, медиация маңыздылығын түсіндіретін болады. Сондай-ақ, ашық есік күні кез келген азаматқа ақыл-кеңесімізді айтамыз. Әрине, мұның бәрі тегін өтеді.

Медиатор сізге қалай көмектеседі?

  • Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды.
  • Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40 % медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 %-нда оң нәтижелерге қол жеткізілген.
  • Сот тағайындалады, ал медиатор таңдалады.
  • Сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың мүдделерін ескере отырып, бірақ заң аясында қабылдайды.
  • Сот – жария үдеріс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді, бұл медиатордың рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жария қылуына жол бермейді.  Сәйкесінше, медиатордан куәгер ретінде жауап алуға рұқсат етілмейді.
  • Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді.  Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиация барысында тараптардың тең құқылықты көздейтіні сөзсіз,  сондай-ақ оларға тең міндеттер жүктеледі.
  • Сонымен қатар тараптар өз қалаулары бойынша медиацияны жүргізу орны мен медиацияны жүргізу барысында қай тілдің қолданылатыны жайында келісе алады. Тараптардың келісімімен медиатор медиацияның жүргізілу күні мен уақытын белгілейді.

Екі ағайынды татуласты

Маңғыстауда медиация жолымен көп араздық жұптардың беті бері қарады. Соның ішінде жер дауы, бала асырап алу, алимент төлеу, мекемелердің араздастығы, отбасылық мәселелер сияқты түрлі даулар кездесті. Мүгедек жандар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін медиациялық көмекке жүгінуге болады. Жәбірленуші тарап сотқа арызданғаннан кейін немесе бұрын медиаторлардың көмегін қолдануға құқылы. Жақында екі ағайынды арасындағы Жер дауы медиатордың көмегімен ымыраға келді. Оқиғаны қысқаша баяндайын.

Бір жарым жыл бойы 2 ағайынды 6 соттық жерге таласып келген. Соттасып, бір-бірінің үстінен арызданғаны соншалық, сәлемдесуден қалған.  Соттасқанды кім жақсы көрсін, ағайындары мен көрші-көлем бұл әулетпен араласудан бас тартыпты. Ал анасы екі ортада жүрем деп, әбіржіп қалған. Соттың шешімімен, судья 6 соттық жерді үшке бөлген: 2 соттық – ағасына, 2 соттық – інісіне. 2 соттық – анасына. Дегенмен, даулы жерге бұдан бұрын ағасы 2 үй салып қойған екен, ал тұтас жерді үшке бөлейін десе, үйлерді де бұзу керек. Сотқа жүгініп, қорғаушыға ақшасын құртқан 2 ағайындының арасы тіптен шиеленісіп кетсе керек. Бұл мәселе біздің көмегімізбен оңтайлы шешілді. Медиатордың дұрыс жол ұсынуымен анасы өзінің 2 соток үлесін бөліп беріп, бұрын салынған үй бұзылмай қалдырылды. Есесіне, анасы өзіне тиесілі жерден бас тартқандықтан, балалары қамқорлыққа аламыз, немерелерімен араластырамыз, бағамыз, егер баға алмаған жағдайда өзімізге тиесілі жерді қайтарып береміз деген уәдені жауапкешілікпен өздерінің мойындарына алды.  Осылайша екі ағайынды татуласып, жақын-жуықтарымен араласып, анасын қуантты.

Түйін. Медиация көмегімен оң шешімін тапқан бұл бір оқиға ғана. Ал шын мәнінде мұндай ымыраға келіп жатқан дау-дамай көп. Тұрмыстық өмірде, кәсібіңізде, отбасыңызда келіспеушіліктер туындағанда, медиаторға жүгініңіз. Уақытыңыз бен қалтаңызда қаражатыңызды үнемдеп қана қоймай, айқай-шудан аулақ боласыз, жүйкеңізді сақтайсыз. Сондай-ақ, ымыраға келу жолымен, еш сотсыз мәселеңізді шешесіз. Ал толықтай ақпарат алу үшін алдағы күндерді ашық есік күні мен брифингке қатысыңыз!

Әңгімелескен Айгүл ДӘДЕН