Маңғыстау облысында «Оразұшқан» деп аталатын кішігірім тау шоқысы бар. Оның бұлайша аталуының да өзіндік тарихы бар көрінеді.

Кеңес үкіметінен бұрынғы патша үкіметінің тұсында ел аралауға шыққан орыс губернаторы бір әңгіме үстінде Бекет Атамыздың кереметтеріне шүбә келтіріп, жары Ораз деген жігітпен тілге келіп қалыпты. Содан әлгі губернатор Оразға айтқан көрінеді: — Мына таудың ұшпасынан жерге секірші, аман қалғаныңды көрейін. Егер Бекет Атаның кереметі рас болса алып қалғанын көрейін,-деп. Сонымен екеуі бәстесіпті. Егер Ораз тау ұшпасынан секіргенде аман қалса, онда губернатор оған 500 сом ақша беретін болыпты. Ал, Ораз жазатайым өліп кететін болса, онда жауап бермейтін болып, құн дауламайтын болып, сауатты да сақ губернатор адамдардың қатысуымен оны да қол қойдырып ресмилестіріп алған көрінеді. Ол кездің нарқымен есептегенде 500 сом ақша шамамен 5 түйенің құнына тең екен. Ақшаға қызықпаса да арға шапқан, жастайынан «жаным-арымның садағасы» деп өскен өжет Ораз кең көйлек-дамбал, оның сыртынан кең түйе жүн шекпен киеді. Мезгіл ауа райы тымырсық, жаз айы екен. Ораз дәрет алып, намаз оқыпты. Содан соң тау басына өрмелеп шығып, кішкене отырып тыныстайды да Бекет Ата аруағына сыйынады.

Ендігі сәтте орнынан тұрып екі қолын ұшақтың екі қанаты сияқты екі жаққа жайып жібереді де шекпеннің етектерін жая ұстаған күйі:

— Иә, Бекет Ата! Дұшпанға таба қылмағайсың. Кереметіңді көрсете гөр,- деп екі аяғын сәл бүгіпті де ұшуға ыңғайланған қыран бүркітше қомданып, алға ұмсынып, биік ұшпадан секіреді. Атаның кереметіне біздің замандастарымыздың ішінде де шек келтіретіндер табылып қалар ма екен, осы кезде кереметпен әншейіндегі тымырсық ауа массасы қозғалысқа келіп, Ораздың қарсы алдынан күшті жел пайда болады. Оның үстіне шекпен жайылып, кәдімгі парашют қызметін атқарады.

Сонымен, шекпеннің төменгі жағындағы ауының қысымы, жоғарғы жағындағы ауа қысымынан жоғары болғандығы себепті Оразекең құсша қалықтап келіп, жайлап барып жерге аман-есен дік ете қалады. Оразды сөз жоқ ұшпадан құлап өледі деп ойлаған бәсекелесі Ата кереметіне енді ғана сенген болуы керек, қойын қалтасынан әмианын алып ақшасын санай бастапты. Елінің ар-намысы үшін, еліндегі Бекет сынды ерінің рухына сызат түсірмеу үшін өлімге басын тіккен Ораз сынды көзсіз ердің секірген тау шоқысының сол тұсы содан бері «Оразұшқан» аталып келе жатыр.

Нұрбек БЕГЕШОВ,
«Фейсбук» желісінен