Суда құтқару

Бұл жайлы МО Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының басшысы Бақытжан Қайрлаев хабарлады.

Биыл суға түсу маусымы 25 мамырда ашылып, суға түсу уақыты таңғы 06:00-ден кешкі 22:00-ге дейін деп белгіленді. Жедел құтқару жасағы 25 мамырдан қыркүйекке дейін күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген. Жыл басынан бері 12 адам суға кетті, олардың үшеуі суға түсу маусымына дейін мерт болған. Оның екеуі наурыз айында суға кеткен балықшылар болса, біреуі – былтыр күзде Түпқараған ауданы Баутино ауданында жоғалып кеткен кісі, мүрдесі биыл ақпанда теңіз жағасынан табылды. Ал былтыр 6 адам суға кеткен еді, биыл суға түсу маусымы ашылғаннан бері 9 адам суға кетті. Басым бөлігі – жастар.

Жедел құтқару жасағы суға түсу маусымына дейін 77 рет шақырту алған.

— Облыс бойынша «Шора» каналы, Ақтау қаласында 4 шағынаудандағы «Каспиан ривьера» қонақ үйінен 14 шағынаудандағы «Айдын» кафесіне дейінгі жер, Түпқараған ауданындағы 43 шақырым және Сайын Шапағатұлы ауылы суға түсуге қауіпті аумақ деп белгіленді. Каспийде тып-тыныш болып тұрғанымен, лезде жел көтеріп кететіні белгілі. Сондайда жүзіп жүрген адамды тасқа ұрады. Соған қарамастан, қауіпті аймақтарда теңізге түсетіндер азаймай отыр. Мәселен, жақындағана 4 шағынауданда бір жігіт жартастан секіріп, басы тасқа тиіп, мерт болса, 17 шілдеде бір адам «Шора» каналында суға кетті. Мұның бәрі – суға түсу қауіпсіздігін сақтамағандықтан, — дейді МО ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы Бақытжан Қайрлаев.

Құтқару жасағының құрамында 56 құтқарушы, 13 техника, 18 қайық бар. Маңғыстау облысы бойынша 4 құтқару бекеті жұмыс істейді: Түпқараған ауданында, Ақтау қаласында, Құрық кентінде және Кендірлі демалыс аймағында.

Жедел құтқару жасағының басшысы осы аптада Ақтау қалалық әкімдігінің қолдауымен «Солдат жағалауы» аталып кеткен орынға барлау мұнарасы орнатылатынын жеткізді.

— Жасақ құзіретіне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, ауызша ескерту беру, бақылау ғана кіреді. Айыппұл салу көзделмеген. Сондықтан жаз басталысымен лагерьлерде, демалыс орындарында жаяулай да, қайықпен де түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кіріседі, — дейді Бақытжан Қайрлаев.

Олар Маңғыстау облысының халқы мен қала қонақтарына суға түсу қауіпсіздігін сақтауды, үрмелі резеңкелі қайықтармен суға түспеуді, тыйым салынған жерлерде, мас күйінде суға түспеуді ескертеді.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ