порт кеме

Ақтау халықаралық теңіз сауда портында Каспий теңізіне түсірілген жаңа миналық-тартқыш «Алатау» кемесіне әскери-теңіз күштерінің туын тапсыру және көтеру рәсіміне арналған салтанатты шара өтті.

Каспийде – жаңа кеме!

Оған ҚР әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Жандарбек Жанзақов, облыс әкімі Ералы Тоғжанов және әскери теңіз қызметкерлері, басшылар қатысты. Олар жиылған халықты, сарбаздарды айрықша күнмен құттықтап, «Алатау» кемесінің экипажына сәттілік тіледі.

— Бүгінгі күн – бүкіл ел балалары үшін мереке, қуаныш. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен барша жиналған жұртты шын жүректен құттықтаймын. Елдің ертеңгі тізгінін ұстар – балаларымыздың балалық шағы бақытты, өмірі қуанышты күндерге толы болса, жеріміз көркейіп, мемлекетіміз жарқын болашаққа қадам басатынына сенімім мол. Шуақты күні сондай-ақ арнайы әскери-теңіз күштерінің «Алатау» кемесінің туы көтерілді. Маңғыстау Каспий теңізі маңында орналасқан жалғыз өңір болғандықтан, барлық әскери-теңіз күштері осында жұмылдырылған. Бұл көтерілген ту — тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, бірлігі бекем, елдігі ерен екендігінің көрінісі, айғағы деп ойлаймын. Ел тәуелсіздігі мен тұтастығын, теңіздегі қауіпсіздігін қас қақпай күзеткен әскери-теңіз күштеріміздің қуаты молайып, айбыны асқақтай беруін тілеймін-деді аймақ басшысы.     

Мемлекеттік әнұран үстінде «Алатау» кемесіне салтанатты түрде ту көтерілді. Енді бұл кеме мемлекеттің теңіз аумағындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әскери міндеттерді орындайтын болады. ҚР әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанзақовтың сөзінше, Ресей елінің зауытынан құрастырылған кеме толықтай шыныпластикадан жасалған.

-Кеменің басты мақсаты – Каспий теңізінің қазақстандық секторында мина мен миналық обьектілерді тауып, жою. Бұл міндеттерге жету жолында оның техникалары да, жағдайы да жеткілікті. «Алатау» кемесі миналарды тауып алу үшін заман үлгісіне сай жабдықтармен қаруланған, озық аппараттармен жасақталған. Миналық-тартқыш кемесінің экипажында 22 теңізші қызмет етеді. Олардың барлығы теориялық, практикалық біліммен сусындап, кемедегі техникалармен жұмыс істеуге үйренген,-деді бас қолбасшы.

Ту көтеру рәсімі халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келгендіктен, Ақтау портында бүлдіршіндерге арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Әскери теңізшілердің жіті бақылауымен балалар кемелер бортына мініп, ішін аралап, техникаларды қызықтап, тамашалады.

Ханым ҚУАТ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

Каспийде – жаңа кеме! Каспийде – жаңа кеме! Каспийде – жаңа кеме! Каспийде – жаңа кеме! Каспийде – жаңа кеме!