Келесі шешуші міндет – салық- бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу. Салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазіргі салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан

Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында жергілікті бюджет түсімдерінің орындалысы талқыланды. Жиынға облыс әкімі Алик Айдарбаев, оның орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, қаржы институттарының басшылары, салық төлеушілер және БАҚ өкілдері қатысты.

1000000

Жиында Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов баяндама жасап, жиналғандарды жергілікті бюджет түсімдерінің орындалысынан хабардар етті.

–Салық жүйесін реформалау кезінде бюджеттік түсімдерді арттыруға басты назар аударылып отыр. Салық жүйесін реформалаудағы негізі бағыттың бірі – жанама салық салу механизмін жетілдіру. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіру құралдарын жақсарту арқылы салық салу базасын өсіру және бизнесті «көлеңкеден» шығару – бүгінгі күннің басты талабы. Кезең-кезеңімен электронды шот- фактураға өту, қосымша құн салығын төмендету және кейбір тиімсіз жеңілдіктерді алып тастау жұмыстары жүргізіледі. Салық жүйесін жетілдіруде кәсіпкерлер үшін салық ауыртпалығы азайтылады. Тексерулер санын азайту мен салық төлеушілердің мәдениетін арттыру мақсатында 2019 жылдан бастап салық және және кеден тексерулері кезінде электронды аудит енгізу көзделуде.Бұл өзгерістер бюджет түсімін арттыруға негізделіп отыр, – деді ол.

[quote font=»tahoma» font_style=»italic» arrow=»yes»]Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегеновтің айтуынша, жыл басындағы есеп бойынша біздің облысымызда салық қарызының көлемі 19,9 млрд.теңгені құрап отыр. Өңірімізде 62 мың 569 салық төлеуші заңды және жеке тұлға бар. Өткен жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің құзырындағы бюджетке 581,8 млрд.теңге, оның ішінде Ұлттық қорға 268,3 млрд.теңге, мемлекеттік бюджетке 313,5 млрд. теңге түскен. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 6,2 млрд.теңгеге аз. Баяндамашы келтірген деректерге сүйенсек, мониторингке жататын ірі салық төлеушілер бойынша түсім 372,8 млрд.теңгені немесе 64,1 пайызды құрады. Ұлттық қорға 236,3, мемлекеттік бюджетке 136,5 млрд.теңге түскен. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша мемлекеттік бюджет жоспары 101,9 пайызға орындалып, нақты түсім 313,5 млрд.теңгеге жеткен.[/quote]

Жиын барысында Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов дәлелді дәйектер келтіре отырып, табысы болса да жалған ақпарат беріп, салық төлеуден жалтарған әртүрлі кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерді сынға алды. Қаржы институттарының өкілдері мен орта және шағын бизнес иелері кәсіпкерлерді салықты уақытылы төлеуге шақырды.

10000

Облыс әкімі Алик Айдарбаев «Қазақ газ өңдеу зауытынан» сұйытылған газды алатын кәсіпкерлер көтерме мен бөлшектеп сату арасындағы 5-6 есе айырмашылықты салық ретінде төлеу қажеттігін қаперге салды. Сонымен қатар өңірде азық- түлік бағасын қалыпты ұстау үшін қажетті шаралар алуды тапсырды.

–Мемлекеттік кірістер департаменті жергілікті бюджетке әкімшілік түсімді арттыруға күш салуы керек. Барлық деңгейдегі әкімдер қазіргі экономикалық жағдайға сәйкес бюджет түсімдерін молайтуға шаралар қабылдауы тиіс. Сондай-ақ басқа өңірден келіп, біздің облысымызда жұмыс жасайтын заңды тұлғаларды есепке алуымыз керек. Барлық әкімдерге осындай кәсіпкерлерге талдау жасап, облыстық кірістер департаментіне 15 наурызға дейін ұсыныстарыңызды беруді тапсырамын. Жергілікті атқарушы органдар мен салық қызметі тығыз байланыста болуы шарт. Салық төлеу мәдениетін арттыруымыз тиіс. Демек, әрбір кәсіпкер үшін салық төлеу қалыпты жағдайға айналуы тиіс, – деді жиынды түйіндеген облыс әкімі Алик Айдарбаев.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

100000000