Жыл сайын көктеммен бірге келетін тамаша күндерді бәріміз күтіп жүреміз. Жылы жаққа құстай сағынышпен келіп жететін мейрам — сегізінші наурыз — Халықаралық әйелдер күні — біз үшін ерекше мереке. Асыл анасын сыйлайтын, қамқор апасын құрметтейтін, тілеулес қарындасын қадірлейтін, және өзінің сүйікті жары мен қызын жанындай жақсы көретін, адамдардың бәрі дәл осындай сезімде болады. «Отан отбасынан басталады», — дейді дана халқымыз. Ал, отбасының ұйытқысы, «Ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі» — алтын жүрек аналарымыз біздің халқымыздың ең құнды қазынасы боп саналады. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне асыл аналарымыз, ардақты жеңешелеріміз бен апа-сіңлілеріміздің өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді. Барлық әйелдер қауымын көктемгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілейміз! Бұл мақала қаламызда әр салада қызмет атқарып, абырой биігінен көрініп жүрген қыз-келіншектерімізге арналады.

Нәзік жандылар ел тыныштығы күзетінде

2 001Қаламызда еліміздің бірлігіне, дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосып, ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, Отанға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан аяулы қыздарымыз аз емес. Солардың қатарында Қызылсай ауылының тумасы, қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті поли- ция қызметінің ювеналды полиция тобының кәмелеттік істері жөніндегі (Білім беру ұйымына бекітілген) учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ақмарал Қошманова да бар. Ақмарал Түбірқұлқызы қаладағы Қашаған Күржіманұлы атындағы №8 орта мектептің түлегі. Заңгер мамандығы бойынша «Қайнар» университетін бітірген. Ол еңбек жолын 2002 жылы патрульдік полиция ротасы полицейінен бастады. Бүгінде отбасылы, жұбайы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.
Мектеп инспекторлары қызметі пайда болғанына көп бола қоймаса да, тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келеді. Оның қызметі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, оларды бұралаң жолдың қалтарысынан да қорғау болып табылады. Қалыптасып келе жатқан жасөспірімді қоғамның толыққанды азаматы етіп тәрбиелеуде ата-анасы мен ұстаздарының, сондай-ақ, мектеп инспекторларының да үлкен үлесі барын Ақмарал өз қызметімен дәлелдеп келеді. Уақытпен санаспай ел тыныштығы жолында еңбек ететін полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Ал Ақмарал секілді арулар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, қырағылық танытып жүр. Осындай елге сыйлы погон таққан аруларды мерекесімен құттықтап, еңбектеріне табыс, денсаулық, отбасыларына амандық, таңмен таласа атқан әр күндері қуанышты болуын тілейміз.

1 001Халқымыз қашан да нәзік жанды әйелдерді қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысына, ырыс пен бірліктің символына балаған. Үйдің киесі, жақсылық біткеннің діңгегі саналатын қыз-келіншектеріміз қазіргі таңда уақыт көшінен қалмай, жоғары кәсібиліктің үлгісін көрсетіп келеді. Қалалық ішкі істер басқармасында ерлермен иық тірестіре жүріп, жауапты да күрделі салада нәзік жандылар абыройлы қызмет етуде. Полиция қызметінің ауырлығына қарамастан олар азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етіп, тыныштық пен қауіпсіздіктің сақталуын басты міндеті етіп келеді.
Қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция ротасының бірінші взвод бөлімше командирі, полиция старшинасы Мәдина Әбиева осы салада 13 жылдан бері қызмет етуде. Әскери маман болуды балалық шағынан армандаған Мәдина қаладағы №6 орта мектепті бітірген соң Орал қаласында заңгер мамандығы бойынша білім алды. Алғашқы еңбек жолын ішкі істер басқармасында техник-криминалист қызметінен бастаған.

— Қымбатты әріптестер мен аналарды 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесімен жүректен құттықтаймын.! Ізгілік пен сұ- лулыққа толы жарқын мереке жүректерге жылу сыйлайды. Көктемнің шуақты мерекесінде Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт пен еңбектеріңізге табыс тілеймін, — дейді Мәдина.

Қазір қызметінде ысылып алған Мәдина Мұхамбетқызы күнделікті жұмысын мінсіз атқарады десек, артық айтқандық емес. Жан-жары екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.
Кешегі Әлия мен Мәншүктің сіңлілері — өжет қыздарымыз бір қолымен бесік тербете отырып, ерлермен қатар ел күзетінде сақадай сай тұрғанда алаңдауға еш себеп жоқ, әрине.

Жылы жүректі медбике

IMG_7653

Медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын қызметкерлер екені белгілі. Өйткені, емдеуші дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі — медбике көрсеткен ем-домның қаншалықты қалтқысыз орындалуына тікелей байланысты. Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар — мейірбике. Адамның өміріне қатысы бар дәрігер қауымдарынан барлығы қамқорлықты сезгісі келіп, сеніммен барады. Осындай сенімді үлкен жауапкершілікпен атқарып отырған қалалық орталық ауруханасындағы хирургия бөлімінің аға медбикесі Гүлмира Рысқалиева адамдардың жанына жәрдемші болып жүр. Гүлмира Нұрұллақызы Атырау облысы, Махамбет ауданында 1971 жылы 14 шілдеде дүниеге келген. Сол жердің мектебін тәмәмдап, 1988 жылы Алматы қаласының медициналық училищесіне оқуға түседі. Оқуын ойдағыдай бітіріп, Жаңаөзен қаласындағы орталық ауруханасына жұмысқа орналасты.
Медбике болу оңай емес, әсіресе күнделікті операцияға қатысатын медбикелердің жұмысы төзімділікті қажет етеді. Қалалық орталық ауруханада хирургия және травматология бөлімі жақын орналасқан. Бұл бөлімдерде күнде- лікті қайнаған тіршілік. Өйткені әртүрлі жарақатпен келіп түсетін науқастар болады. Тәуліктің қай сағатында да уақытпен санаспай еңбек етіп келе жатқан Гүлмира 25 жыл тәжірибесінде операцияның талайын көрді. Дәрігердің қас-қабағына қарап, айтқанын қалт жібермейді. Медбикені «хирургтің қолы» деп атайды екен. Адам — ауруды таңдамайды, ауру — адамды талғамайды. Бөлімшедегі білікті дәрігер мен медбикелер — қызметте қырағы.

— Біздің алдымызға әртүрлі жарақаттары бар науқастар келеді, сол үшін медбике көп білуі керек. Біздің бөлімде травматологиялық, хирургиялық, гинекологиялық, нейрохирургиялық операция, сондай-ақ жоспарлы операция жасалады. Операция сәтті аяқталып, науқастарымыз емделіп үйіне шыққанда қуанамыз. Кез келген жерде жұмыстың барлығы бірлігі жарасқан ұжымның арқасында бітеді. Бұл ретте үнемі қолдау көрсететін орталық аурухананың басшысы Мұрат Сарыев, хирургия бөлімінің меңгерушісі Сайран Хангереев, травматология бөлімінің меңгерушісі Шайхы Джансуповке алғыс айтамыз. Біздің бөлімдегі 6 хирург-дәрігер, медбикелер Зылиха Баимбетова, Ләззат Нұрбаева операцияның жақсы өтуіне барлық күш-жігерін, бос уақытын сүйікті ісіне арнап жүрген жандар. Әріптестеріме мереке қарсаңында еңбекте табыс, денсаулық, шыдамдылық тілеймін!, — дейді Гүлмира.

Гүлмираның балалары ана жолын қуып, медицина бағыты бойынша білім алуда. Ұлы Нұрбол Астана медицина университетінің, қызы Гүлдана Ақтөбе медицина университетінің студенттері, болашақ дәрігерлер.

Шеберлік шыңға жеткізер

Sk_woUGzd1cКез келген талапты оқушыны білімнің асқар биігіне шығаратын тек қана білімді ұстаз екендігі даусыз. Мұғалім ең алдымен оқушыларды сапалы біліммен қаруландырып қана қоймай қоғамдық өмірге де тәрбиелей отырып, олардың жүрегінен жол тауып өшпес із қалдырады. Еліміздің әр түкпірінде ұстаздықты ұлы бақыт деп білер мұғалімдеріміз адал еңбек етуде. Соның бірі қаламыздағы №19 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі Амангүл Дүйсенова. Ол Тұщықұдық ауылында дүниеге келіп, сол ауылдағы Сәттіғұл Жаңғабылұлы атындағы орта мектебін бітірді. Бала күннен мұғалім болуды армандаған Амангүл Ақтау қаласындағы гуманитарлық колледжде білім алды. Алғашқы еңбек жолын Т.Әлиев атындағы №1 орта мектептен бастады. Амангүл жақында «Шебер сыныптар сағаты» атты облыстық сайыста бірінші орынға ие болды. Аталған сайыста Амангүл әріптестерінен озып, өзі қолымен тоқыма қалдықтарынан келінге төсейтін құрақ көрпе тіккен. Амангүлдің сабағы қызықты өтеді. Амангүл үнемі ізденісте жүреді. Мата, бисер, моншақтан әдемі бұйым жа- сайды. Амангүл отбасында асыл жар, аяулы ана. Жолдасы Нұрәділ Дүйсенов «Интергаз» мекемесінде қызметте. Ұлы Хараджа Мағзам «Бұрғылау» мекемесінде қызмет атқарады, қызы Гүлжайна Қытайда халықаралық қатынас мамандығы бойынша оқып жатыр. Кенже қызы Аяулым мектеп оқушысы.

Ғасыр жасаған әже

001Қызылсай ауылының тұрғыны Еділхан Ділмақова әженің үйіне көктемнің шуақты күні, аналар мерекесінде әжеден тараған ұрпақ түгелімен қара шаңыраққа жиналады. Абыз ана ұрпақтарының ортасында. Қос дәурен куәгері бүгінгідей бейбіт заманның зейнетін көргеніне дән риза. Бақытты ана 11 баланы дүниеге әкелген, бірақ тағдырдың түрлі себептерімен 6 баласы дүниеден озды. Бүгінде 5 баласынан тараған 22 немере, 57 шөбере, 5 шөпшегі бар. Ал 103 жасқа толған кейуананың ойы анық, денсаулығы бір қалыпты. Ұрпақтары оның көп жасауының сырын кеңпейілдігімен, ақжарқын мінезімен байланыстырады. Әженің үйіндегі жетпіс жастан асқан баласы Мұратбай аға мен келіні Балаш апа шаңырақтың ұйытқысы болып отыр.

Еділхан әже: Әйел бақыты деген жақсы- жайлы тұрса, қосылған жолдасымен тату-тәтті болса, бала-шағасы өзінің ойынан шықса, ұлы болсын, қызы болсын, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, жақсы-жайлы болса, бақыт деген сол емес пе енді?! 8 наурыз мерекесі құтты болсын, дендерің сау болсын, аспандарың биік болсын! Отанымызға, халқымызға Алла тыныштық берсін! Қуанышыңыз ұзағынан болсын, абзал ана! Бақытты аналармен Қазақ елі бақытты.

Дайындаған Гүлсім МҰРЫНОВА