Аджария автономды республикасының кәсіпкерлері облысқа келіп, жергілікті әріптестерімен жүздесті. Бизнесмендердің түбекке келу сапарының басты мақсаты-маңғыстаулық әріптестермен тығыз байланыс орнатып, кәсіпкерлік саласын өркендету. Осыған орай «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ғимаратында арнайы кездесу ұйымдастырылып, облыстың іскер азаматтары Аджария автономды республикасының ірі кәсіпорындарының басшыларымен кездесіп, жақын танысып, еркін сұхбаттасты. Кездесуде екі жақты байланыстың болашағы турасында әңгіме өрбіді.

-Біз қонақ үй, ойын-сауық орталықтарын тұрғызу бағытында жұмыс жасаймыз. Бұған дейін бірнеше мемлекеттермен тығыз жұмыс жасап, тәжірибе жинақтадық. Батуми қаласының туристік орталыққа айналуы бағытында да жұмыстанудамыз. Сондықтан да тәжірибелі маман ретінде Ақтау қаласының туризмді дамыту тұрғысынан болашағы зор деп айта аламын. Жалпы Батуми жас қала болса да, барлық жағынан тез дамып келетінін атап өткім келеді. Екі қаланың ортақ тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйренері көп деп санаймын,-деген «Tour Invest» құрылыс және қонақ үй бизнесі компаниясының бас директоры Георгий Абашидзе компания 2007 жылдан бері жұмыс жасайтынын, Батумиде туристік жобаларды қолдау үшін компания 200 млн.АҚШ доллары көлемінде қаржы салғанын айтты.

Кездесуде алдағы уақытта екі ел арасындағы тауар айналымын жақсарту бағыты, тығыз әріптестік пен ұзақ мерзімді серіктестік орнату жолдары да сөз болды. Сол арқылы да қос мемлекет арасында қалыптасқан байланыстар одан әрі нығая түсетіні айтылды. Кәсіпкерлер тауар өндіру мен оны өткізу мәселесін де сөз етіп, екі ел арасындағы байланысты нығайта түсу жолдарына тоқталды. Кездесуде сөз алған LTD NEA «Sаmаia» компаниясының өкілі Темир Жаши ауылшаруашылық өнімдерін, шай тасымалдауды және «Airzena» әуе компаниясының президенті Тамаз Гаяшвили чартерлік рейс ашуды ұсынды.

батуми 2-Ақтау қаласына бүгін алғаш рет келдім. Қала маған ұнады, өте тартымды… Бүгінгі маңғыстаулық кәсіпкерлермен кездесуде туризмді дамыту бағытын сөз еттік. Біздің елімізде де туризм жақсы дамып келеді. Батуми қаласы туристердің сүйікті қаласына айналды. Әуе және турист компаниясының өкілі болғандықтан Ақтау-Батуми, Ақтау-Тбилиси бағытында чартерлік рейс ашуды ұсындым, жобам қолдау тапты. Мамыр айынан бастап чартерлік рейс ашуды жоспарлап отырмыз. Бір бағытқа ұшу бағасы 59 АҚШ долларынан басталады деп ойлаймын. Бұған дейін біз Астанада өткен форумға қатыстық. Форумда да екі ел арасындағы байланысты нығайту бағытында көптеген ұсыныстар айтылды. Айта кету керек, бүгінде Қазақстан мен Грузияның Аджария автономиялық республикасы 160-тан астам біріккен жобаларды бірлесе жүзеге асыруда. Бизнестің бағы-белсенділікте, сондықтан да біз өзге елдермен байланысты нығайтып, облысымызда кәсіпкерлік саласын әлі де өркендету жоспарымызда бар,-дейді «Airzena» әуе компаниясының президенті Тамаз Гаяшвили.

Венера МИРЛАН