Ресей Федерациясының Рязань қаласынан маңғыстаулық самбошылар 2 алтын және 1 күміс медальды еншіледі. Ауған соғысында қаза болған Рязань жауынгерлерін еске алуға арналған турнир 2001-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында өтті. Бәсекеге Қазақстан, Мәскеу, Украина, Молдавия, Белоруссия мемлекеттерінен барлығы 500 самбошы қатысып, бақтарын сынады. Жарыс қорытындысында еліміздің қоржыны 6 медальмен толықты.

5Дүбірлі додадан «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Жыңғылды интернатының самбошысы 34 келі салмақта Ернар Нәдірбай мен 50 келі салмақта Дәурен Төлегенов алтыннан алқа тағып, ел қоржынына алғашқы алтындарды салды. Сондай-ақ, 38 келі салмақта Абылайхан Сұлтанбек күміс медальді қанжығалады. Қуанышты жаңалықпен Рязаннан экстра-класс дәрежесіндегі төреші, облыстың самбодан аға бапкері Берік Жұмағалиев бөлісті.

-Барлық белдесулер сәтті аяқталды. Шәкірттерімнің жеңісіне өте қуаныштымын. 5 наурызға дейін жарысқа қатысқан барлық командалар арасында біріккен оқу-жаттығу жиыны өтуде. Өзге мемлекеттің самбошыларымен тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдау үшін де мұндай шаралар өте қажет. Жалпы жарысқа 20 команда қатысты, оның ішінде Қазақстаннан Маңғыстау мен Атырау облыстары бар. Маңғыстаулық самбошылар 2 алтын мен 1 күміс еншілесе, атыраулықтар 1 күміс, 2 қола медальді қанағат тұтты. Еліміздің самбошылары жақсы өнер көрсетті, барлық белдесулер өте тартысты өтті,-дейді облыстың самбодан аға бапкері Берік Жұмағалиев.

Венера МИРЛАН