Биыл еліміздің бас қаласы — Астанада бүкіләлемдік аренада Қазақстанның танылуы мен туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған ЭКСПО-2017 көрмесі өтеді. «Болашақ энергиясы» ұранымен 10 маусым мен 10 қыркүйек арасында, яғни 3 айға жалғасатын бүкіләлемдік көрмеге 100-ден астам ел, 10 халықаралық ұйым мен инновациялық технологиялар саласындағы алдыңғы қатарлы компаниялар, әлемнен 5 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде.
Ел мәртебесін асқақтататын орасан зор оқиғаға шетелдік туристермен қоса, ел азаматтарын да тарту маңызды. Осы мақсатта Қазақстан бойынша насихаттау жұмыстарын бастаған «beSTAR» және «SKYWAY» біріккен туристік компания өкілдері 23 ақпан күні мұнайлы өлкеге ат басын тіреді. Жаңаөзендіктер үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы акт залында кездесу өткізіп, жиналғандарға ЭКСПО-2017 көрмесінің маңызы, пай- дасы, жұмсалған қаражат пен оның қайтарымы жайында толық ақпарат берді. Сондай-ақ, көрмеге қатысуға ұсынылып отырған пакет түрлерімен таныстырып, арнайы дайындалған бейнеролик көрсетті.

Перизат МОЛДАҒАЛИЕВА, ЭКСПО менеджері:

— Кездесулер қазақстандықтарды елімізде өтетін ЭКСПО көрмесіне шақыру мақсатында өткізілуде. Мұнда халыққа тиімді қызметтер таныстырылып, ақпараттандырылады. Жалпы, көрменің санаулы ғана ресми туроператорлары бар. Солардың ішінде, «beSTAR» және «SKYWAY» біріккен туристік компаниялары қолжетімді бағада пакеттер ұсынады. Жеке және топтық қатысушыларға ең қызықты сәтке ыңғайлап көрмеге қатысу уақытын жоспарлауға, пакетке қарай ең таңдаулы қонақүйлерден орын алуға көмектеседі.

Бүгінгі таңда, аталмыш туристік компаниялар «Қатысушы» пакетін 6 мыңнан жоғары, «Делегат» пакетін 25 мыңнан жоғары, 260 мың теңгеден басталатын «Мектеп» топтық пакетін (50 адамнан бастап) әзірлеген. Бұл пакеттер қатысушының бюджетіне қарай, көрмеге жеткізу транспорт қызметі және кіру билетімен, жататын орын, тамақтану, саяхат жасау, гидаудармашылар қызметтерін көрсетеді. Билеттерді электронды түрде сатып алуға болады.

Жанайым ЖАРЫЛҚАП