Тәубе, парасат-пайымы бөлек, ой-өлшемі ерен, әр сөзінің әрі мен нәрі терең, еліне ұйытқы, жұртына қалған болған қара нардай ағаларымыз әлі де баршылық.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған абыройлы ақсақалдың өткен жолына, кешкен өміріне көз салсақ, көп нәрсе жібек жіптей суырыла береді. Оспан Әбішеұлы — Маңғыстау мұнай кәсіпшіліктері экономикасының өркендеп өсуіне сүбелі еңбек сіңірген білікті және білімді экономист-бухгалтер мамандардың бірі. Ал енді Оспан Әбішеұлының аталарының кешкен өмір жолында өткен ғасырдың басында қазақтың басынан кешкен барлық тар жол, тайғақ кешуі бар.
оспаанБоз маядай керілген Маңғыстауды мекен еткен бүгінгі тұрғындардың барлығының дерлік ата- бабалары осыдан 80 жыл бұрын орын алған Адай көтерілісінің зардабын тартқан десек еш қателесе қоймаспыз. Голошекиннің қолдан жасаған ашаршылығынан көршілес түркмен еліне көшкен қалың елдің ішінде Ер Шотан батырдың тікелей ұрпағы Атабай, Шихы әулеттері де бар еді.
Көршілес ел демекші, Оспанның әкесі Әбіше ақсақал да сол бір дүрбелеңде Түркменстанның Ташауыз облысына барып қоныстанды. Қызыл-Шарқ елді мекенінде 1937 жылы көктемде Оспан дүниеге келді. Орта мектепті осы елді мекенде бітіріп, Ашхабад қаласында сауда техникумын ойдағыдай аяқтаған соң 1957 жылы еңбек жолын Көне Үргеніш ауданындағы райпода қатардағы есепшіден бастаған.
1960 жылы Кеңес Армия қатарына шақырылып, әскери борышын Ақмола (Целинград) қаласында өтейді.
Ата-бабаларының кіндік қаны тамған жері Маңғыстауға 1964 жылы наурыз айында Қызылсай ауылына қоныстады және Өзен геологиясын барлау экспедициясына (УГРЭ) бухгалтер болып орналасты, осылай Оспан Әбішеұлы Маңғыстау байлығын игерудегі еңбек жолы басталды. 1964-1970 жылдар аралықтарында аға есепші, бас есепшінің орынбасары лауазымдарда еңбек етіп УГРЭ, одан кейін қайтадан Өзен бұрғылау жұмыстар басқармасында (УУБР) өркендеп өсуіне, техника-экономикалық көрсеткіштерінің қалыптасуына атсалысты.
Сол кездері Жаңаөзен қаласында екпінді құрылыс алаңы еді, көптеген тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, екінші мұнай құбыры Жаңаөзен-Ақтау салынып жатқан кездері еді. Ол өз жұмысын жетік меңгерген маман ретінде сол кездегі КСРО Мұнай өнеркәсіп министрлігіндегі бас есеп басқармасы Жаңаөзендегі трест «МНГС» қарауындағы СУ-9, СУМР, УМР ме- кемелеріне бас есепші болып 1970- 1974 жылдары еңбек етті.
Бұрғылау жұмыстарының аумағы кеңеюі, бұл Өзен, Жетібай, Асар, Темірбаба, Тасболат, Теңге, Көкімбай, т.б. кенорындарда терең скважиналарды қазуда, технологиялық бақылау күшейтіліп, өндіріс мәдениеті жаңа қырынан көріне бастады. Бұрғылау бригадасын екі станокты әдіске көшіру еңбекті ұйымдастырудағы жаңалықты енгізу ретінде маңызы аса жоғары оқиға ретінде қаралды. Бұл әдіс алғаш рет Өзен кенорнында қолданылды. Осы үлкен жауапкершілікте басқарма бухгалтериясының орны бөлек екенін біліп, «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлестік басшылары білікті маман Оспан Әбішеұлын 1974-1980, 1984-1991 жылдары Өзен Бұрғылау басқармасына бас есепші орынбасары, бас есепші етіп қызметке тағайындайды. «Өзен бұрғылау басқармасының» жандануына, жаңа жүйенің қалыптасуына ерекше ықпал беріп, сонарлы серпін әкелді. Себебі мұнда Оспан екеуінің өлшеусіз еңбегінің үлесі бар.
Оспан Әбішеұлы өзінің адал еңбегіне қалтқысыз берілген, бухгалтерия-экономика саласын жетік меңгерген ұйымдастырушылық қабілетімен, «Бригадный подряд», «Скважина на поток», «Бригадный хозрасчет», «Скважина под ключ», «Кту» сияқты жаңа бастамалардың нәтижесінде Өзен бұрғылау басқармасы еңбектерінің табысты болуына, еңбекақыларының көп болуына үлкен мән берді. Нәтижесінде Өзен мұнайшылары Отанға жылына 10-17 миллион тонна мұнай өнімін өндірді. Туған елін көл-көсір байлық пен ырыс несібеге жеткізді, Өзен мұнайының даңқын өсірді. Бұл жетістікте Өзен бұрғышыларының еңбегі зор.
Оспан Әбішеұлы өзінің мол тәжірибесінен үлгі алған және де басқа азаматтардың тәжірибесімен бөліскен мамандардың бірі, сол азаматтармен қоян-қолтық жұмыстас болды, атап айтқанда Мектепбай Аймағанбетов, Рзахан Сариев, Орынбай Ермеков, Қарлығаш Аленова, Римма Хайруллина, Темірхан Сарбуфин, Бақтыбай Жолмағанбетов, Биғали Тоқмурзаев осы азаматтармен жұмыла істеген жұмыстардың жетістігі. Бұл — қазыналы Өзен кенорнының қойнауында жатқан байлықты игеру жолында сарқылмас күш жұмсаған толағай адал еңбектің нәтижесі.
Сол кезде бұрғышылардың қара шаңырағы болған Қызылсай ауылында осы Өзен бұрғылау басқармасының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімше, ауыл тұрғындарын ауыз сумен, электр тоғымен қамтамасыз ететін бөлімшелер болды, ал бөлімшелер ауыл тұрғындарына үзіліссіз жұмыс жасап, осы елді мекенде орналасқан орта мектепке барлық кезде демеушілік жасалды.
Сол кездерде Қызылсай ауылында балабақша, жаңа үлгідегі бу қазандық, клуб, сауда орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстардың басы- қасында Оспан Әбішеұлы жүрді.
Өзенде кенішінде мұнай өндірісінің өсуіне байланысты кәсіпшілікті тұрақты электр қуатымен қамту мақсатында және электр жабдықтарды жөндеу, үйлестіру жұмыстарын жүргізуде орталықтандырылған, қуаттық өндірістік базасы бар арнайы мамандандырылған энергетикалық басқарма құру қажеттелігі туындады. Сол кездегі Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Бекбосыновтың тікелей қатысуымен және «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігі басшыларының қолдауымен бұл жұмыстар өз шешімін тауып, 1980 жылдың 6 қарашада жаңа мекеме «Өзенэнергомұнай» басқармасы құрылды, оның алғашқы басшысы Дәрмен Бекимов, бас есепші Оспан Әбішеұлы тағайындалды.
Маңғыстау мұнайшыларына маңызы зор бұл оқиғаның өз тарихы бар еді. Сексенінші жылдардың басында Өзен кенішінде мұнай өндірудің өзіне тән қиыншылықтары болды, электр жүйелерінде ұңғылардың мөлшерден тыс шоғырлану себепті әр аспалы желісіне қалыпты жағдайда 12-14 ұңғыдан аспауы керек болса, бұл көрсеткіш бірнеше есе (40-50 ұңғыдан) артты. Бұл жағдай электр жүйелерінде апат болып, ұңғылардың көптеп тоқтауына әкеліп соқтырды. Сонымен қатар Өзен кенорнында сол кездегі Одақ бойынша бірінші болып технологиямен жер қабатына ыссы су айдау жұмыстары енгізіле бастады. Бұл процесс орасан мол электр қуатын талап етті. Электр қуатымен мұнай өндірісін үздіксіз қамтамасыздандыру тәрізді күрделі жұмыстар басқарманың құрылуымен бірден шешімін таппасы анық еді. Сол себепті Оспан Әбішеұлы өндірісті басқару, мекеменің экономикасының қарқынды дамуына алыс-жақын зауыттардан құрал-саймандарға сұраныс беру және есеп-шот айырысу, жоспарлы бюджетті бекіту, оның орындалуын қадағалау, жұмысшылардың еңбекақыларын өз уақытында төлеу, әлеуметтік тұрмыстарын күннен күнге жақсартып отыруына атсалысты. «Өзенэнергомұнай» басқармасының өсіп өркендеуіне, әсіресе мұнай өндірісінің дамуы, түрлі саладағы экономикалық жетістіктерін мінсіз қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалымен марапатталды. 1984 жылдың қыркүйек айына дейін абыройлы қызмет атқарды. Оспан Әбішеұлы Өзен мұнайының қара шаңырағы болған «Өзеннефть» НГДУ-ға бас есепші болып 1991 жылдың қараша айында тағайындалды және де осы лауазымды жұмысын абыроймен 1996 жылдың қараша айына дейін атқарды. Сол кездері «Өзенмұнайгаз» МГӨБ өз басына дербес өндірітік бірлестік болып қара шаңырақ құрды, оны білікті мұнайшы-маман. Ж.Жанғазиев басқарды.
Жаңа құрылған өндірістік бір- лестікте 40-қа жуық мекемелер болды, осы мекемелердің есеп-қисаптарын тоқсандық, жарты және жылдық есептерді. Оспан қарап және де оны қабылдап отыратын.
Қандай жұмыстарды атқарса да өзінің бірінші қоныстанған қара шаңырағы болған Қызылсайға үлкен ықылас ниеті, құрметі зор болатын. Осы елді мекендегі Мұхаммедін Шихыұлы атындағы мешіттің құрылысына, қалыптасып өсуіне көп қызмет атқарды.
Оспан Әбішеұлының еліне сіңген ерен еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан мұнайына 100 жыл» медалдарымен, КСРО Мұнай Өнер- кәсібі Министрлігінің Құрмет Грамотасымен, Облыстық, Қалалық әкімшіліктердің Алғыс Хаттарымен марапатталды. Майталман мұнайшы, «Өзенмұнайгаз» АҚ бірінші президенті болған Жақ- сылық Жанғазиев Оспан ағаның 60 жас мерей тойында: «Асылы, бар ерік-жігерін, қазына жылдарын ел-жұртының мақсат-мұратына арнаған өзіңіздей ардагер азаматымыздың, аға лектің ғұмыр жолы- бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, әрі сабақ» — деген ілтипатты алға тартқан еді.
Қазір ағалық жастан аталық жасқа жеткен Оспан Әбішеұлы 55 жыл жұптары жазылмай өмір сүрген Бөпежан жеңгеміз екеуі Мұхтар, Мұхит, Мұрат ұлдары, Бақыт, Ылайық, Айсәуле қыздардан тараған 7 немере, 2 шөбере, 7 жиендердің қызығын көріп отырған батытты жанұя.

Майлыбай ӨТЕБАЙҰЛЫ,
техника ғылымдарының докторы.