пара

Жасыратыны жоқ, бізде адамның күні адамға түсіп тұрғанда, шаруасын ыңғайлап алу үшін пара беру әдеті қалмайды деген жаңсақ пікір бар. Соның салдарынан қоғам сыбайлас жемқорлықтан тазара алмай келеді. Кей замандастарымыздың ойынша, біздің балаларымыз пара беруді балабақшада жүргенде-ақ үйрене бастайды екен.

Алдымен, балабақшамен қоштасу мерекесінде тәрбиешілеріне сыйлық жасалғанын көретін бүлдіршін мектепке барған соң бастауыш сыныпты аяқтағанында ұстазына тағы сыйлық жасайды. Оған дейін де мұғаліміне арнайы сыйлықтар жасалатын мерекелерді бастан өткереді. Сосын 9-сыныпты бітіру, 11-сыныпты тәмамдау сияқты шаралар да атаусыз қалмайды. Осының барлығына еті үйренген балаға жоғары немесе орта арнаулы оқу орнына түскен соң да ұстаздарына түрлі сылтаулармен сыйлық, ақша ұсыну арқылы баға қойдырып алу түкке тұрмайды. Белгілі мамандық иесі атанған ұл-қызымыз жұмысқа орналасу үшін де ақшалай, не заттай сыйлық берсе ғана жолы болатындай көреді де тұрады. Бүкіл мәселесін беру арқылы ғана ғана шешіп үйренген ол парасыз өмірді көз алдына елестете алмауы да мүмкін. Сыбайлас жемқорлық дегеніңіз ол үшін кәдімгі өмір мәніне айналып, беделді қызметте жүргенінде өзі де пара алуға әдеттенуі ғажап емес. Алайда, мұның соңы көбінесе орны толмас өкінішпен аяқталуда.
Екі адамның арасына әзәзіл ақша түскенде сыбайлас жемқорлықтың кісі өліміне апарып соқтыру мүмкіндігі де естен шығады. Мысалы, болашақ дәрігер дипломын параның көмегімен алған болса, кейін оның емінен науқас жазылмақ түгілі, ауруы асқынып, қайтыс болып кетпей ме? Екінің бірінің қолында жүрген автокөлік жүргізуішісінің куәлігі ше? Оған қандай жолмен ие болдық? Өзіміз оқып, жол қауіпсіздігі ережелерін әбден меңгердік пе, әлде танысымыздан сатып ала салдық па? Егер оны да сатып алған болсақ, онда, күн құрғатпай болып жатқан жол-көлік оқиғаларының біріне себепші болмасымызға сене алар ма екенбіз?
Осы тақылеттес мәселелер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған республикалық шарада талқыланды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бейне-конференциялық байланыс жүйесі арқылы өткізген «Сыбайлас жемқорлықты жалпыға ортақ қалыптастырудағы руханият пен адамгершілік» тақырыбындағы селекторлық кеңеске агенттіктің Маңғыстау облыстық департаменті қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, діни бірлестіктер өкілдері қатысты.
Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев еліміздегі ең басты құндылықтарымыз—ауызбіршілік, бейбітшілік, дінаралық келісім мен ұлтаралық татулық және саяси қоғамның тұрақтылығы екендігін атап өтті.

— Елімізде сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға елеулі қадамдар жасалды деуге болады,-деді ол.-Күн тәртібінен түспейтін осынау өткір мәселе мемлекетті ғана, емес, бүкіл қоғамды толғандырып жүргені белгілі. Бұл проблеманы жеңген ел жоқ деуге де болады. Бірақ Дания, Испания, Сингапур, Жаңа Зеландия сияқты кейбір дамыған елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Солардың жүйесін зерттей, тәжірибесіне сүйене отырып біз де сыбайлас жемқорлыққа қарсы өз декларациялық стратегиямызды, тиісті заңдылықтар қабылдадық. Сыбайлас жемқорлық—рухани дерт. Онымен күресте күш біріктіру керек. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде қырықтан астам конфессияларды біріктіретін үш жарым мыңнан астам діни бірлестіктер жұмыс істейді екен. Қасиетті Құранда айтылған адамдардың бір-бірінің мүлкіне заңсыз иелік етпеу керектігі. Сыбайлас жемқорлыққа барлық дінде тиым салынғанын білеміз. Бүгінде діни бірлестіктердің бізбен бірге халыққа қызмет жасап, сыбайлас жемқорлықпен бірге күресуіне мүмкіндік бар. Баршаға ортақ бұл кеселмен күресуде олардың көмегі қажет.

— Сыбайлас жемқорлық — өте өзекті де сезімтал мәселе,-деді Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын.-«Қазақстан-2050» стратегиясында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену міндеті қойылған. Ал бізде сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабылмайынша және оның зардабы жойылмайынша бұл міндеттің орындалуы мүмкін емес. Бұл мәселені шешуді Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында да тапсырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бүкіл қоғам атсалысуы тиіс. Адамгершілік құндылықтар кері кетіп, материалдық құндылықтар алдыңғы орынға қойылған кезде адам бастапқы бағытын жоғалтады. Осы орайда рухани тәрбиенің мәні зор. Менің ойымша, қоғамдық сана қалыптастыруда діни бірлестіктердің жеткілікті рөлі болады. «Ұрлама, адал бол, жақсылық жаса» деген секілді діни сеніммен астасқан адами ұғымдар адамның дүниетанымына әсер етеді деп ойлаймын. Қазақстан Конституцияға сәйкес, зиялы құқықтық мемлекет болғандықтан барлық қоғамдық қатынастар Заңға сәйкес реттеледі. Бірақ бұл бізге рухани құндылықтар жат дегенді білдірмейді. Біздің қоғам сыбайлас жемқорлық дертінен арылуы үшін бұл мәселеде дін өкілдерінің рөлін арттырған абзал.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб муфтиі Наурызбай Өтпенов Құрандағы өзгенің дүниесіне қол сұғуға тиым салған аят-сүрелер мен хадистерді еске салып, несібені Алла береді деп түсінетін иманды адамның біреуден орынсыз бір нәрсе алудан бас тартатынын айтты. Қазақстанның Православ шіркеуінен, Рим-католик архиепархиясынан, Евангел-Лютеран шіркеуінен келген және өзге діндарлар да дін жолын ұстанатындардың заңсыз мүлік иемдене алмайтынын айтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Арнайы мониторинг тобының төрағасы Н.Ерімбетов, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» төрағасы Т.Байғұлов және өңірлердегі басқармалар өкілдері өз ойларымен бөлісті.
Басқосуда қабылданған ұсыныстар талқыланып, ұтымдылары алдағы жұмыстар барысында кәдеге асары анық.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА