Тәуелсіздіктің төл құрдасы Жаңғали Нұрдәулетов кішкене кезінен күш атасы-Балуан Шолақ, Қажымұқан бабаларындай ел намысын абыроймен қорғап, білекті балуан, білікті бапкер болуды армандапты. Балалық арманымен жеті жасында спорт залға келген. Ауыл арасының қашықтығына қарамастап Қосбұлақтан жаяу қатынап, Шетпедегі спорт мектебінде жаттығады.

12

Спорт залға келіп жаттығып жүргеніме бір апта уақыт өткенде облыстық чемпионатқа қатыстым. Дзюдодан өткен жарыста 1 орынды иеленіп, үлкен қуанышқа бөлендім. Ата-анам менің бұл жеңісіме сенбеді. Алғашқы жеңістің дәмі бөлек ғой, сол жетістігіме қуанған ата-анам мен бапкерім Манарбек Бисекенов менің талай додаларда топ жаруыма қолдау көрсетті. Спорттағы қадамымды алғашында қазақ күресінен бастадым, кейін боз кілемде дзюдо, самбодан белдестім, — дейді Жаңғали Нұрдәулетов.

13

Бүгінде ол ауылда 30-дан астам шәкірт тәрбиелеп, бапкерлікке бет бұрған. «Ұстаздан шәкірт озса игі» демекші Жаңғалидай білікті бапкерден тәрбие алған жас жеткіншектер бүгінде әр түрлі жарыстарда топ жарып, ауылдың намысын абыроймен қорғап жүр. Биыл Ақтөбе қаласында самбодан өткен турнирде шәкірттері Қанат Əбітұлы, Кеңшілік Ізтұрған, Жандарбек Ерболат, Данияр Жолболдин, Нұрсәт Қанатбай, Ырысбек Докторбай топ жарып, түбекке жеңіспен оралды. Сондай-ақ, Ақтауда биыл сегізінші рет дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирде Данияр Жолболдин мен Еламан Асқанбай алтын мен қола медальдарды иеленді. Самбодан өткен Ақтау кубогінде Ақниет Айболатұлы, Данияр Жолболдин алтыннан алқа тақса, Саффат Нұралы, Дәулет Қуантұрлы, Досан Барахатов, Жеңіс Жарас жүлдегер атанды.

— Жарыстарға үкілеп апарған шәкірттерім үздіктер қатарынан көрініп жүр. Мұның барлығы көп жылғы еңбектің жемісі, маған тәлім берген ұстаздар еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан да сөз ретін келгенде облыста спорттың дамуына көмектесіп, жастарды жарыстарға апаруға үнемі қолдау көрсетіп жүрген жанашыр ағаларыма, облыстық спорт басқармасының, облыстық самбо, дзюдо федерациясының, облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер  спорт мектебінің басшылығына алғысымды білдіремін, — дейді Жаңғали Нұрдәулетов.

14

Кейіпкеріміз қажырлы еңбек пен үздіксіз дайындықтың нәтижесінде самбодан ересектер арасында ҚР кубогында чемпион атанып, «Спорт шебері» атағын иеленеді. Бүгінде ол бапкерлікпен қоса республикалық, халықаралық жарыста төрешілік қызметін де қоса атқарып жүр. Тәуелсіздіктің құрдасы мерейтой қарсаңында Жайнагүл есімді арумен отау тігіп, шаңырақ шаттығына бөленді.

Венера МИРЛАН