Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында өңірлік туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауынованың және «Турист» ЖШС директоры Евгения Слюсареваның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

«Маңғыстау өңірінің тамаша табиғатына зор қызығушылық танытып, тылсым түбектің сан түкпіріне саяхат шегушілер саны жыл санап артып келеді. Туристік мақсатпен біздің мекенге ат басын бұрушылар былтырмен салыстырғанда екі есе көп. Бұған себеп инвесторларға жайлы ахуал жасау мақсатында Қазақстанның 19 ел үшін визасыз режім енгізуі. Бұрын-соңды біздің  өңірді естіп білмеген елдерден де туристер ағылуда. Бұл үрдіске жыл басында қабылданған бағдарлама ықпалы зор деп білемін. Аығмдағы жылдың қаңтар айында өңірлік туризм басқармасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандум аясында облыс әкімдігі тарапынан жергілікті бюджет қаражаты есебінен 300 млн. теңге, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-нан 600 млн. теңге қаржы бөлінді. Жалпы қаражат екінші деңгейлі банктерге  орналастырылып, кәсіпкерлерге қаржылай қолдауға бағытталы. Осы күнге дейін 35 жоба аумақтық үйлестіру кеңесінде қаралып, соның ішінде нақты 5 жоба мақұлданды. Соның бірі — 2017 жылдың аяғына қарай «Достар теңіз» жағажайын кеңейту, әрі  жағалауда аквапарк  жобасын жүзеге асыру көзделген»,-деді басқарма басшысы.

Өңірде медициналық туризм жыл санап дамып келеді. Мәселен, «Софи Мед Групп» көпсалалы клиникасында  елдің сан түкпірінен әрі  шетелдік науқастар ем алуға зор қызығушылық танытуда. Сапалы медициналық қызметтің оң имиджін қалыптастыру, туристер талғамы мен таңдауына, сұранысына сай жоғары деңгейлі қызмет көрсету ішкі туризмнің тұрақты дамуына серпін береді. Соған орай, алда Ақтау қаласының теңіз жағалауында бес жұлдызды емдік-диагностикалық және сауықтыру кешені құрылысы қолға алынады. Өңірлік туризм өрісі кеңеюуі үшін туристік қызмет құны қолжетімді болуы шарт. Дәмханалар мен хостелдер, яғни арзан әрі шағын қонақүйлердегі  қызмет көрсету құны көпшіліктің  қалтасы көтере алатындай  болғаны жөн. Биыл Ақтау қаласының 30-шағынауданында орналасқан екі хостелдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.  Ішкі туризмді дамытуда жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау құнын азайту мәселесі қылаң береді. Маңғыстау облыстық туризм басқармасы тарапынан Министрлікке «Шымкент-Ақтау» мен «Көкшетау-Ақтау» және «Қызылорда-Ақтау» бағыты бойынша әуе тасымалы тарифтерін субсидияландыру ұсынысы жолданған еді. Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, бұл ұсыныс мақұлданған жағдайда, 2017 жылға арналған өңір  бюджетіне өзгерістер енгізіледі. Ал билет құны бойынша қандай да болжам айту қиын. Бұл әуе компанияларымен жүргізілген келіссөз нәтижесінде белгілі болады.

«Биылғы жылы өңірге Швейцария елінен туристік чартерлік пойыз келді. Сонымен қоса Ақтау қаласының Каспий теңізі жағалауына ресейлік теплоход тұрақтады. Теплоходтың биылғы сапары сәтсіз жүзеге асты. Бұған себеп екі елдің өзара  келісім мен ортақ мәмілеге келе алмауы. Десекте, бұл мәселе көп ұзамай өз шешімін табады деген ойдамыз»,-деп мәлімдеді Гүлжан Байжауынова.

Маңғыстау облыстық туризм басқармасы мен «Рада-Актау» ҮЕҰ бірлескен жоба аясында өңірге келген туристер санын анықтау мақсатында мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Зерттеу қорытындысы ағымдағы жылдың аяғында жарияланады. Өңірлік туризмді дамыту аясында автожолдарды күрделі жөндеу әрі салу жұмыстары да жүргізіліп келеді. Ақтау-Бейнеу автожолы соның бір айғағы.

«Басқарма тарапынан экускурсовод-гид қызметкерлерін даярлау жобасы іске асырылуда. 25 адам семинар мен тренингтерге қатысып, өз білітіліктерін арттырып жүр. «Экспо-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында гидтер мен еріктілер қызметін жасақтаудамыз. 2015 жылдан бастап туроператорлық қызметті лицензияландыруды жергілікті атқарушы билік жүзеге асырады. Турагенттіктер мен туроператорлардың мемлекеттік тізіліміне 70-тен аса компаниялар тіркелген. Басқарма тарапынан өңірлік рекрациялық ресурстарды түгендеу барысында 17 туроператор анықталды. Оның басым бөлігі сыртқа шығушы туристерге қызмет көрсетеді. Өңір бойынша жалғыз «Турист» ЖШС ғана өңірге келуші туристермен айналысады. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап ішке келуші туристерге қызмет көрсететін екі туроператор қызметіне лицензия берілді. Облыстық туризм басқармасы өңірдегі туроператорлар қызметіне бақылау жүргізбегенімен,  өзара тығыз қарым-қатынас орнатып, әрдайым бағыт-бағдар беріп отырады»,-дейді Гүлжан Байжауынова.

«Өңірлік туризмді дамыту мақсатында аудан әкімдіктерімен тығыз әріптестік қарым-қатынас  орнаттық. Кез келген іс-шараларды ұйымдастыру барысында әрдайым аудан әкімдері қолдайды. Мәселен, Түпқараған ауданы аумағын, дәлірек айтсақ Ақтау қаласы мен Ақшұқыр ауылы аралығын курортты аймаққа айналдыру жобасы инвестор қолдауына ие болды. Бұндай ірі жобалар жөнінде ,әрине, өңір әрі аудан басшысымен кеңесу басқарма міндеті. Жуырда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында Маңғыстау өңірінің мол мәдени мұрасы, тарихи жәдігерлері мен тылсым табиғатымен танысу, зерттеп-зерделеу мақсатында  орталық телеарналар мен республикалық баспасөзден бір топ журналистер мен блогерлерге арналған экспедиция ұйымдастырылды. Аудан әкімдіктерінің жан-жақты әрі тиянақты жұмысы нәтижесінде аталмыш іс-шара сәтті өткізілді»,-деп мәлімдеді басқарма басшысы.

Тәуелсіздікпен қатар түлеген «Турист» ЖШС биыл 26 жылдығын атап өтеді. Өңірге келуші туристерге сапалы қызмет көрсетіп, қолайлы жағдай қалыптастырумен қатар қызықты саяхат маршруттарын ұйымдастырады.

«Туристердің өңірге ағылуында  өзіндік артықшылықтарымен қатар, кемшіліктері де бар. Танымал туристік нысандардың экологиялық ахуалы бүгінгі күні басты назарда. «Эко-Мангистау» ҮЕҰ акция аясында тазалық жұмыстары мен сенбіліктерді ұйымдастырады. Біздің туроператор да тазалық жұмыстарына белсенді ат салысады. Әрине, бұнымен шектелуге болмайды. Себебі сенбілік өткізілген туристік аумақтар бір айдан соң қайта күл-қоқыс пен қалдықтарға көміліп жатады. Тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Ең алдымен туристер мен жергілікті халықта экологиялық мәдениеттің қалыптасуы өте маңызды мәселе», -дейді Евгения Слюсарева.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ