Беделді білім ордасы №21 орта мектеп ұжымы ардақты ардагер ұстаздармен қоштасу кешін ұйымдастырды. Тағылымды ұстаздар тәлім-тәрбиесі мен ұлағат тұнығынан сусындаған сан буын шәкірттер, ізгі пейілді достар мен жора-жолдастар, әріптестер мен замандастар бас қосып, қадірлі ұстаздарға сый-құрмет көрсетілді. Ұстаздық ұлы қызметті мінсіз атқарып, сан жылдар бойы зор сенім үдесінен шыға білген жоғары санатты ұстаз, биология пәнінің мұғалімі, «Құрмет» грамотасының иегері Қаламқас Өтешқызы, өз ісінің үздігі, білікті психолог, ардагер-ұстаз  Злиха Ізтұрғанқызы, физика кабинетінің зертхана қызметкері Дариға Алдоңғаров және 1996 жылдан бері білім ордасында табан аудармай мектеп директорының статистикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін мінсіз атқарған Тұрақбай Лұқпанов толассыз қошемет пен мадақ-марапатқа бөленіп, қала әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Салтанатты рәсімге Қаламқас Өтешқызы сынды ұлағатты ұстаздан өнеге-тәлім алып, тәрбие көрген  шаһар басшысы Серікбай Трұмов, 25 жылдық тарихы бар білім ұясынан түлеп ұшқан қала әкімінің орынбасары Қуаныш Берішбаев та қатысты. Алғы сөз алған мектеп директоры Сәуле Шудабаева ардагер ұстаздарға зор ризашылығы мен алғысын білдіріп, еселі еңбектің зейнетін көріп, жемісін тере берулеріне, әркез қуаныш-шаттыққа бөленуіне тілектестігін білдірді.

«Сонау тарих қойнауындағы тоқсаныншы жылдары Шевченко қаласының алпыс пайыздан астам тұрғыны ана тілін білмейтін. 154 мың 353 тұрғыны бар қалада екі ақ қазақ мектебі болатын. Ақмаржан Ақтаудың 13 шағынауданында бой көтерген жаңа мектеп ұжымы  үлкен дау-дамаймен 1990 жылы 1 шілдеде өз қызметін қазақ тілінде  бастады. Тәуелсіздікпен  бірге түлеген мектеп биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Тек осы жылдар аралығында білім ордасы 2455  түлекті  өз ұясынан ұшырған екен. Оның 6-ы «Алтын белгі», 13-і  ерекше куәлік иегерлері. Өрлеу-өсу әрі өркендеу жолында жаңа оқу ордасында білім беру сапасын бағалау деңгейі 25 пайыздан 54 пайызға артты. Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші, шәкірттердің  білім деңгейі бойынша алғашқы ондық тізімінен табыламыз. 2011-2012 оқу жылдары үздік бестік қатарына еніп, қала әкімінің арнайы сыйлығына ие болдық. Ұстаздар ұжымында 105 мұғалімнің 75 пайызы жоғары білімді жандар. Сонымен қоса 8 білім беру үздіктері,  «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған 2 мұғалім, халықаралық ғылыми білім қолдау орталығының А.Байтұрсынов, Ян Каменский, Д. Қонаев, Құрмет медальдарының иегерлері қызмет етеді. Ал мектеп оқушылары қала, облыс көлемінде ғана емес, республикалық әрі халықаралық сайыстардың жеңімпаздары», -деді мектеп директоры  білім ордасы бағындырған биік белестерді санамалай келе.

Ардагер ұстаздарға ақ тілегін арнап, алғысын білдірген қала әкімі С.Трұмов балалық шақтың жылы әрі жарқын естеліктерімен бөлісті.

«Бүгінгі жиын  жүрекке жылу, көңілге мейір сыйлар, жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор кеш болмақ. Себебі ұлағатты ұстаздарымыздың адал еңбегін бағалау, адамгершілік ізгі қасиеттерін ардақтау, азаматтық  тұлғасы мен рухани болмыс-бітіміне бас ию басты парызымыз деп білемін. Тәуелсіздік алғалы 25 жыл өтті. Осы жылдар ішінде білім беру саласында толайым табыстар мен үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Әрине бұл орайда нәтижелі еңбек етіп, қоғам дамуына қалтқысыз қызмет қылған ардагер-ұстаздардың үлесі зор. Бір салада табан аудармай тынымсыз еңбек ету үлгі тұтарлықтай қасиет әрі зор құрметке ие. Менің мектеп бітіргеніме 36 жыл толды. Ең алғаш қолыма қалам ұстатып, әліппені үйреткен сүйікті ұстазым Баян Кенжебекова әлі есімде. Ал 8-сынып жетекшісі Қаламқас Өтешова ұстазға лайық ұстамдылық, жайдары мінез-құлықы, жүріс-тұрысы, терең білім әрі кәсіби біліктілігімен ерекшеленетін. Тентектігімізді жасырып, жақсылығымызды асырған апай өз оқушыларына әрдайым қамқор болып, іні-сіңлісіндей жақсы көруші еді.  Апайыма өмірдегі бар жақсылықты, қуаныш-шаттықты тілеймін»,-деді шаһар басшысы шынайы көңілмен.

Салтанатты рәсім сазды әуен, әуезді ән мен күй шеруіне жалғасты. Өнерпаз ұстаздар мен өнерлі өрендер көрермен көңілін серпілтіп, қуаныш сыйлады. Әріптестер әзілі, дос-жолдастар мен игі жақсылардың жарасымды әрі жүрекжарды  әңгімесі әрі қарай өрбіп, ақ пейіл мен толассыз лебіз тербелген керемет күй орнады.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ