алғашқы қоңырау

Жаңа оқу жылының бастауы саналатын 1 қыркүйек – білім күні оқушылар үшін, әсіресе алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үшін өмір бойына есте қалатын мереке. Биылғы жылы да Жаңаөзен мектеп-гимназиясы дәстүрлі шараны салтанатты түрде өткізді.

Мың бұралған бишілердің орындауындағы дәстүрлі қазақ биімен ашылған салтанатты жиынға мектеп ұжымы, оқушылар мен ұстаздар қауымы қатысты. Бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер сынып жетекшілерімен топталып жиылған дүйім жұрттың қошеметімен ортаға шақырылды. Жиынға қала әкімі Е.Әбілов, қалалық білім бөлімінің басшысы Т.Жұмалиев, ата-аналар комитеті қатысты.

Елубай Әбілов, қала әкімі:
— Бүгін республикамыздың түкпір-түкпірінде білім беру мекемелерінде алғашқы қоңырау мерекесі өтіп жатыр. Баршаңызды білім күні мерекесімен құттықтаймын. Мектеп-гимназия ұжымының өткен оқу жылындағы ҰБТ-да оқушылардың жоғары деңгей көрсеткендігінен тынымсыз еңбектеніп жатқандарын көруге болады. 2016-2017 оқу жылында да жақсы нәтижелер көрсетеді деген сенім білдіремін. Жаңа оқу жылында жақсы бастамалар арқылы шәкірттер біліміне етене көңіл бөле отырып, еңбектеріңіздің оң нәтижелі болуын тілеймін.

Зина Ноғаева, мектеп-гимназия директоры:
— Баршаңызды бүгінгі білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Бірінші қыркүйек барша халықтың дәстүрлі мерекесі, әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын күн. Білім беру мекемелерінің педагогтары мен жетекшілері мектеп табалдырығын аттаған оқушыларды қарсы алады. Бұл күн еліміздің болашағы – бүлдіршіндеріміздің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасуының жауапты кезеңінің бастамасы. Алғашқы қоңырау тап-таза жүректеріңізге сыңғыр мен сыр құйысып сіздерге шуағын төккен мерейлі қуаныштарыңызбен құттықтап, шәкірттердің алар білімі терең, ұстаздардың берер білімі сарқылмауын, ата-аналардың үміт артқан көз қуаныштары аман болуын, сенімдерін ақтасын деген тілек білдіремін.

Шақырылған қонақтардың жүрекжарды тілектерінен соң мектеп-гимназияның жас өнерпаздары Қоблан Айбек, Мырзабай Махамбет пен «Темірқазық» ән байқауының жүлдегері Ырзағали Рауан ән шырқады. Бірінші сынып оқушыларының алғашқы сабақтары «Мен өз Отанымның патриотымын» тақырыбында өткізілді. 1-ші сынып табалдырығын аттаған оқушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «Менің Отаным — Қазақстан» кітабын қала әкімі салтанатты түрде сыйға тартты. «Қазақстанның болашағы жарқын. Елімізде татулық пен береке болуына сен де өз үлесіңді қосасың. Білім әлеміне саяхатың сәтті болсын» — деп мемлекет басшысының құттықтауымен басталған кітапта «Мәңгілік ел» идеясы қысқаша түсіндірілген. Еліміздің әрбір облысы туралы айтылып, табиғаты суреттелген. Салт-дәстүрімізді насихаттайтын бұл кітап бірінші сынып оқушыларының мемлекеттік мерекелер, маңызды тарихи оқиғаларды жадына сіңіруіне көмек құралы болмақ.

Жалпы 2015-2016 оқу жылы мектеп-гимназия 31 сыныппен, 751 оқушымен бастап, 700 оқушымен, 60% білім сапасымен аяқтаған. Негізгі мектеп бітірген 62 оқушының 9-ы «үздік куәлік» иегері атанған. Жалпы орта мектепті бітірген 31 оқушы ҰБТ-ға қатысып, 106,3 орта ұпаймен Маңғыстау облысы бойынша бірінші орынға ие болды. 6 оқушы Әсем Баламанова, Маржан Дінбаева, Жанель Қарыпбаева, Аққу Құрманғазиева, Маржан Мыңжасова, Жұлдыз Жолымбердиева өз білімдерін дәлелдеп, «Алтын белгі» иегерлері атанып, екі оқушы үздік аттестатқа ие болды. 24 оқушы 100-ден жоғары балл жинап, жоғарғы оқу орындарының мемлекеттік білім беру грантына 17 оқушы ілікті. Мектеп гимназия оқушыларының олимпиадаға қатысқан командасы қалалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 1 орынға ие болып, 44 оқушының 38-і облыстық кезеңге қатысты. 5 оқушы жүлделі орындарды иеленіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Мадина Қосаева мен құқық негізері пәнінен Аманбек Бөрібаев сынды оқушылар олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысып, сертификатпен оралған. Мектеп оқушыларының осындай елеулі жетістіктерге жетуі мектеп ұжымының, ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Қала мектептері арасында біліктілік арттыру шараларына қатысу рейтінгісінің қорытындысы бойынша Жаңаөзен мектеп-гимназиясы I дәрежелі дипломмен марапатталып, облыстық мектеп-гимназиялардың арасында «үздік мектеп-гимназия» аталуына білім саласындағы үлкен жетістігі деп есептеуге болады.

Әсел ҚОЙШЫБАЕВА