Облыстық мәдениет басқармасында алқа мәжілісінің кезекті отырысы болып өтті. Мәдениет саласының қызметкерлері мен аудан әкімдіктерінің өкілдері қатысқан басқосуда Түпқараған және Мұнайлы аудандарының мәдениет мекемелерінің жұмысы сараланды.

0

Алқа мәжілісі жағымды жаңалықпен басталды. Биыл мәдениет саласына қызметке араласқан 45 маман көпшілікке таныстырылып, басқарма тарапынан шағын сыйлықтарға ие болды. Алқа мүшелері жас мамандарға сәттілік тілеп, еңбек жолында адал да ерінбеуге шақырды.

Әрбір ел тұрғындарының 30 пайызы жастар. Мықты жастар болса, онда еліміз дамымағанда қайда барады? Жас мамандардың қадамдары құтты болсын! Жастардың мәдениет, білім және денсаулық салаларына жүрек қалауларымен жұмысқа келуі қуанышты жағдай. Еңбектері жанғай! –деді облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева.

Мен саналы ғұмырымды мәдениет саласына арнадым. Еңбегім еленіп, көптеген марапаттарға ие болдым. Меніңше, еңбектің ақталуы ол өз мамандығыңа деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Егер тағдырым тағы қайталанса, мен осы саланы таңдар едім. Өйткені, мен өз мамандығымды мақтан тұтамын. Сендер де өз мамандықтарыңды сүйіп, адал еңбек етіңдер,-деді Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының директоры, ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Н. Мұқанов.
Жас мамандар Ақтаудағы облыстық музыкалық драма театры, облыстық филормония, мұражай, облыстық қуыршақ театры және Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында еңбек жолдарын бастамақ. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының айтуынша, өңіріміздегі мәдениет ошақтарында мамандар жетіспеушілігі жоқ. Бір мәселе – мекемелерде еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлердің кәсіби білімдері жоқ. Әсіресе, Түпқараған ауданында мұндай кемшілік кездеседі. Мәселен ауданда 8 кітапхана бар. Жыл сайын 8 мыңдай оқырманға қызмет етсе, оның 5 мыңнан астамы балалар мен жасөспірімдер. Аудан бойынша қордағы 100 мың дана кітаптың 65 мыңы қазақ тілінде. Биылғы жылы кітап қорын жаңартуға 1 млн. теңге бөлінсе, оның жартысы ғана игерілген. Кітапхана ісінде 19 маман шығармашылықпен айналысатын көрінеді. Олардың ішінде 1 маман ғана жоғары білімді, 11-і орта арнаулы білімді кітапханашы болса, қалғандары мұғалімдер. Баутин кітапханасы колледждің жанындағы екі бөлмеде орналасқан. Кітапхананың мүліктері соңғы үлгіде жаңа болғанымен, бөлме іші тар. Оқырмандарға кітап оқып, зейінін ашуға мүмкіндік жоқ. Бұрынғы медициналық пункттің ғимаратында орналасқан Сайын Шапағатов кітапханасының да жағдайы мәз емес. Кітапхана іші өте тар болғандықтан, мұнда оқушыларды ақпаратпен қамтып, шаралар өткізу қиын. Сондықтан күннен-күнге тұрғындары тарыдай көбейіп келе жатқан Сайын ауылына жаңа кітапхана қажет.

Ал, ауданда кітап қорын көбейту үшін облыс орталығынан сатып алатын және тапсырыспен алынатын кітаптарды таситын көлік жоқ. Бүгінде аудандық кітапханаға көлік те қажет етілуде.

Мұнайлы ауданында тұрғындарға мәдени қызмет көрсететін 6 мекеме жұмыс жасайды. 137 мың адамның мекеніне айналған 4 кітапхана мен 2 клуб үйінде рухани-мәдени жан-дүниесін байытып, патриоттық тәрбиеге ұмтылғандар бас қосып, түрлі шараларға қатысады. Аудан кітапханаларына 2015 жылы жаңа кітаптар сатып алуға қаржы қарастырылмапты. 13 кітапхана қызметкерінің біреуі ғана жоғары білімді. Маңғыстау ауылдық кітапхана бөлімшесі тұрғын үй пәтерінде орналасқан. Үйдің жағдайы сын көтермейді, қыста жылу жүйесі жұмыс жасамайды, күрделі жөндеуді талап етіп тұр. Қос аудандағы мәдениет мекемелерінің тыныс-тіршілігімен танысып, мәселелерін сараптаған алқа мүшелері олардың қызметіне қанағаттанарлық деген баға қойды. Дегенмен, шешімін таппаған мәселе көп. Бұл сүйіспеншілікпен, асқан жауапкершілікпен талдау жасау арқылы атқаратын жұмыстар.

Заман қанша өзгерсе де, кітапхана мен театр ешқашан құрымайды деп ойлаймын. Мәдениет саласындағы жұмысқа талдау жасау керек. Нақты мәселелерді көзбен көріп, жоспар құрып, жұмысты үйлестіре білу керек,-деді облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева.
Мәжіліс соңында аудандардың мәдени ошақтарының қызметіне тұрақты түрде мониторинг жүргізу, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, жаңа ғимараттар салу, автокөліктермен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқаруға қаулы етті.

Анар Шамшадинова
Суреттерді түсірген Талант Құсайын

04

03

02

01