Облысқа іс-сапармен келген ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Болат Тазабеков құқық қорғау, прокуратура саласы қызметкерлерімен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесті. Жиында Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында алда тұрған мақсат-міндеттерді түсіндіріп, Бас прокуратураның қолға алуымен іске асырылатын 30 жобамен таныстырып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.     

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, «Ұлт жоспары-100 нақты қадамның» 32-ші қадамына сәйкес ел бойынша «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталын құрып, қолданысқа енгізбек. Тұрғындарға қолжетімді болатын бұл онлайн Карта-елдегі қылмыстық ахуалдың алдын алуға өз септігін тигізбек.

         03

-Интернет порталды құрудағы басты мақсат-құқық қорғау құрылымдары қызметінің жариялылығын арттыру, қылмыстық көріністерге төзбеушілік таныту, сонымен қатар, заңдылықтың сақталуы бағытындағы шараларды бақылау болып табылады. Жаңа жүйені құрылымдау жұмыстары қазір аяқталуға жақын. Жоспар бойынша, карта қазан айының алғашқы аптасынан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазіргі таңда карта еліміздің бас қалаларында жасақталып болды, бүгінгі таңда аудандарда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық тұрғындар өзінің тұрған мекенжайы бойынша қылмыстық ахуалмен карта арқылы таныса алады. Сонымен қатар, педофильдер бойынша да бөлек карта жасақталды,-дейді ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Болат Тазабеков.

Сондай-ақ, жиында құқық қорғау органдарына халық сенімін арттыру бағытында Бас Прокуратураның қолға алуымен әр түрлі бағытта 30 жобаның жасақталғаны жөнінде де айтылды. Оның 12-сі инновациялық бағыттағы жобалар.

       04

-Бұл жобалардың барлығы-әр адам өзінің құқығы мен мүддесін қорғауы үшін жасалған. Қазір кез келген адам үйінде отырып интернет арқылы арыз-шағымдарын бере алады. Толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алып, айыппұлымен де мекеменің сайттары таныса алады. Арыз-шағымының орындалысы туралы интернет арқылы танысып, істі қандай деңгейде екенін де біле алады. Жаңа жобалармен тұрғындардың біздің сайт арқылы танысуына болады. Олардың ішінде «Бизнес тірегі», «Шектеу», «Айқын» жобалары бар,-дейді Болат Тазабеков.

Жалпы жыл басынан бері Маңғыстау облысында тұрғындар тарапынан құқық қорғау органдарына 53 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,4%-ға төмен. Сонымен қатар, аймақта 2016 жылдың сегіз айында 5404 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Венера МИРЛАН

05