Барша мұсылман баласына қасиетті де маңызды саналатын Құрбан айт мейрамы да келіп жетті. Бұл қадірлі мерекеге аман-есен жеткен әрбір мұсылман рахымды да мейірімді Аллаға разылық айтып, шүкіршілік еткені абзал.

Ұлық мерекенің еліміз үшін де маңызы өте зор. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамы 12-14 қыркүйекке дөп келеді. Қазақстандықтар мейрамның алғашқы күні демалатын болады. Ислам мейрамдары күндік емес айлық күнтізбемен есептеледі.

Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиеті туралы айтатын болсақ, «Құрбан» сөзі біздің тілімізде «Жақын болу, жақындау» деген мағынаны білдіреді. Бұл күндері сауап істер еселеніп, жасалған жақсылықтар көбейіп, тазарған жүректер Жаратқанға неғұрлым жақындай түседі екен. Құрбан айт — ағайын арасын жақындатып, аразды татуластырып, бауырластықты күшейтетін мейрам. Бұл тек мұсылман балаларын жақындастыру емес, жер бетіндегі адамзатты достық пен татулыққа шақыратын күн. Адамдар бір-біріне жақсы тілектерін арнап, ізгілікпен қауышып, ренжіскендер татуласса, Алланың кешірімі мен рахымы да шексіз бола түспек. Құран Кәрімде Құрбан айт сонау Адам ата мен дін атасы Ибраһим, оның ұлы Исмайыл пайғамбарлары заманынан бастау алады делінген.

Хадистерде ұлық мерекенің мұсылман үшін маңыздылығы жақсы айтылған. Әсіресе, Құрбан айттың алғашқы күні жыл он екі айдағы ең қадірлі күн деп көрсетілген. Пайғамбарымыз «Адам баласы Құрбан айт күні құрбандық шалудан басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары мен жүндерімен келеді. Аққан қан жерге тамбай тұрып, Алланың құзырында ерекше дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандықтарыңды шалыңдар» деп құрбандық шалудың жауапты іс екенін айтқан.

Бұл күні барша мұсылмандар таңертең ертемен тұрып, ақ ниетпен, таза киіммен, адал жүрекпен мешітке келіп, айт намазын оқығандары абзал. Қажыға кеткендер жүздерін Қағбаға қаратып, дұға оқып, бұл дүниеден өткен жақын-жуықтарына құран бағыштайды. Тағы бір есте болатыны — құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемеу керек. Алла разылығы үшін мал сойылып, көпшілік үйді-үйге қыдырыстайды. Бұл күндері жақсы көңіл күйде болып, кез келген нәрсеге кешіріммен қарап, бір-біріне «Айт құтты болсын!» деп, ізгі тілектерін арнайды. Науқас жандардың денсаулығын сұрап, жетімдер мен мұқтаж адамдарға көмектесіп, қайырымдылық жасаудың сауабы зор болмақ.

Құрбандыққа шалатын малдың жәйі туралы айтсам, кез келген мал құрбандыққа шалуға жарай бермейді. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе жарамды. Олардың жастары да маңызды. Қой мен ешкі 1 жастан асқан болса, сиыр 2 екі жасқа, түйе 5 жасқа толған болулары тиіс. Сондай-ақ, малды құрбандыққа жарамсыз ететін соқырлық, әлсіздік, аурудан ада болғаны жөн. Бірнеше адам бірігіп бір малды союға болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөліп, бір бөлігі туыстар мен көршілерге, екінші бөлігі кедей және мұқтаж жандарға, ал, үшінші бөлігі отбасына арналады.

Әрине, шариғат құрбандық шалатын жанның денсаулығы мен жағдайына қарайды. Жолаушылар мен сотталғандарға құрбандық шалу міндет емес. Бұл күндері мал соя алмайтын мұсылмандар өздерінің ізгі ниеттері арқылы сауапқа ие болады. Шын ниетімен Аллаға қолын жайған адамға Раббымыз құрбандық шалған жанның сауабындай сауап береді екен. Жағдайсыз жандар бұл күндері ақ жүрегімен ниет етіп, жуынып-шайынып тазаланса, оларға мол сауап болмақ.

Құрбан айттан бір күн бұрын келетін Арапа — дініміздегі қасиетті күндердің бірі. Артықшылығы мол күннің исламдағы маңызы жұмаға ұқсас, ал, қасиеті жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық екен. Әзірет Әли «Алла тағала дәл арапа күнгідей еш уақытта көп адамды тозақ отынан азат етпейді» депті. Арапада ораза ұстаудың да сауабы аса мол болмақ.

Барша мұсылман баласы үшін қадір-қасиеті асқан Құрбан айт мерекесі құтты болып, шын жүректен жасалған құлшылықты Алла тағала қабыл еткей! Көңілдерге имандылық ұялап, өмірлерге иман нұры толғай! Қазақ жері аман болып, жері бүтін, елі сау болғай!

Дүйсен қажы ХАСНИЯЗ
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы