тағайындау

24-30 маусым аралығындағы Қазақстанда болған кадрлық тағайындауларға шолу ұсынды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

***

Аптаның соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қырымбек Көшербаев ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. «Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалсын, ол Қызылорда облысының әкімі қызметінен босатылсын»,- делінген Жарлық мәтінінде.

***

Мемлекет басшысы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің жауапты хатшысын тағайындады. «Мемлекет басшысының Өкімімен Жәнібек Мақсұтұлы Нөпіров Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды», — делінген Ақорда ақпаратында.

***

Сондай-ақ Президенттің Өкімімен Сәбит Нұрлыбай Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.

***

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарымен Қазақстанның Кувейт және Пәкістан елдеріндегі Елшілері тағайындалды.

Дәулет Тазабекұлы Ембердиев Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне; Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

***

Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болды.

Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек 1974 жылы 19 наурызда дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Ұлты — қазақ.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Гете институтын (Бремен қаласы, 1995) — «Неміс тілі»; «Болашақ» бағдарламасы бойынша Любек қаласындағы Жоғары мектепті (ГФР, 1998) — «Педагог»; Орталық Азия университетін (2002) «Халықаралық экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгерген. 1999 жылдан — Майндағы Франкфурт қаласы ҚР Бас консулдығының референті, атташесі — ГФР-дағы ҚР Елшілігі экономикалық бөлімінің үшінші хатшысы (Берлин қаласы).  2002 жылдан — ҚР Президенті Әкімшілігі Жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы. 2009 жылдың тамыз айынан бері — ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары. 2013 жылдың қаңтарынан бастап «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. 2015 жылдың тамызынан осы уақытқа дейін Алматы қаласының әкімі болды. ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің (2008 жылдан); Қазақ гуманитарлық заң университеті Қамқоршылық кеңесінің (2010 жылдан) төрағасы. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Қамқоршылық кеңесінің (2010 жылдан) мүшесі.  «Хаттамалық іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша тәжірибелік нұсқаулық» (2007, екі тілде), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» (2010) кітаптарының авторы; «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» (2004) кітабының бірлескен авторы; «Президенттің бір жылы» (2006, 2007) кітабының құрастырушысы; 6 мақаланың, соның ішінде «Мемлекеттің сыртқы саяси қызметіндегі хаттама» (2010), «Шетелдік мемлекеттердің хаттамалық қызметін институттандырудың кейбір аспектілері туралы» (2010) және т.б. жарияланымдардың авторы. «Nur Otan» партиясының мүшесі (2002 жылдан).  «Құрмет» (2008) орденімен; «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен; ҚР Президентінің Алғыс грамоталарымен (2001, 2010) марапатталған.

***

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.

Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев 1963 жылы 13 қазанда дүниеге келді. Жамбыл облысының Үшарал ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген. 1985 жылдан — Алматы халық шаруашылығы институтының саяси экономия кафедрасының меңгерушісі. 1988 жылдан С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің әлеуметтану кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент. 1992 жылдан коммерциялық құрылымдарда басшылық жұмыстарда болды. 1998 жылдан — Жамбыл облысы әкімінің орынбасары. 1999 жылдан — ҚР шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының орынбасары. 2000 жылдан — «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқарма төрағасы. 2001 жылдан ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының бірінші орынбасары. 2004 жылдан — ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы. 2007 жылдан — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы. 2008 жылдан — Павлодар облысының әкімі. 2012 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін — ҚР Экономикалық даму және сауда министрі. 2012-2013 жылдары — «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2013-2016 жылдары — ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2016-2019 жылдары — ҚР Премьер-Министрі. 2019 жылдың 24 наурызынан осы уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болды.

***

Қазақстан Президенті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасарларын тағайындады.

Атап айтқанда, Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасының бірінші орынбасары қызметіне; Шыңғыс Қайыпұлы Қабдула Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасының орынбасары қызметіне; Нұрлан Аманкелдіұлы Шабдар Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды.

***

Осы аптаның ортасында Мемлекет басшысының Өкімімен Мұхтар Ақатұлы Аюбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы қызметіне тағайындалды.

Ол бұрынғы атқарған қызметінен босатылды 1995 жыл мен 1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінде әртүрлі офицерлік басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2004 жылы ҚР Республикалық ұланы қолбасшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. 2006 жылы Қызмет бастығының орынбасары- ҚР ПКҚ Бірінші департаментінің бастығы лауызымында қызмет атқарды. 2006 жылы ҚР ПКҚ Бастығы болып тағайындалды. 2013 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Республикалық ұланының қолбасшысы болып тағайындалды. 2014 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Бастығының орынбасары — Объектілерді қорғау қызметінің бастығы болып тағайындалды.

***

Бұл аптада Қызылорда облысы әкімі қызметіне Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов тағайындалды.

Қ. Ысқақов 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын — инженер-құрылысшы, Қызылорда политехникалық институтын бухгалтер-экономист, Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. 1986-1988 жылдары Ауғанстанда Кеңес жауынгерлерінің шектеулі құрамында әскери борышын өтеген. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда жиһаз фабрикасында бірінші разрядты станокшы ретінде бастаған. 1993-2003 жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитетінде маман, инспектор, сектор меңгерушісі, төраға орынбасары қызметтерін атқарған. 2003-2011 жылдары  Батыс Қазақстан облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, Қызылорда облысы бойынша салық департаментінің бастығы, 2011-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қызылорда облысының қаржы басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы бойынша салық департаментінің басшысы, Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2015 жылдың шілде айынан желтоқсан айына дейін Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы  лауазымында болды. 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

***

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Есин Данияр Нұрашұлы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Данияр Есин 1981 жылы Қарағанды облысында туған. ҚР Қаржы полициясы академиясын, Қазақстан-Ресей университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және  мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.  Еңбек жолын 1998 жылы бастаған. Түрлі жылдары Астана қаласының Инвестициялар және даму басқармасында жұмыс істеді: басшының орынбасары, басшы лауазымдарында болды.  2016-2018 жылдары — Астана қаласының Дін істері басқармасының басшысы. 2018 жылдың наурыз айынан Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму істері басқармасын басқарады.

***

ҚР Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен  Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып Қаныбек Жұмашев тағайындалды.

Қаныбек Бекболатұлы 1970 жылы Маңғыстау облысының Жетібай ауылында туған. Білімі жоғары. Еңбек жолын 1992 жылы «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамында  инженер-химик қызметінен бастады. 1997-2010 жылдары білім саласында басшы лауазымдарда қызмет атқарды және Маңғыстау облысы әкімінің әлеуметтік сұрақтар бойынша кеңесшісі болды. 2010-2012 жылдары  Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды. 2012-2014 жылдары «Nur Otan» партиясының Маңғыстау облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2014-2015 жылдары «Nur Otan» партиясы Орталық аппараты жетекшісінің орынбасары, кейін «Nur Otan» партиясы Төра­ғасының бірінші орынбасарының кеңесшісі. 2015 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін «Nur Otan» партиясының Хатшысы қызметін атқарып келді.

***

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, аймақ басшысының өкіміне сәйкес Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып Нұрлыбай Қаржаубайұлы Аққұлов тағайындалды.

Нұрлыбай Қаржаубайұлы 1976 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында туған. Білімі жоғары. Еңбек жолын Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің «Құрылысты жобалау, технология және ұйымдастыру» кафедрасында оқытушы қызметінен бастап, құрылыс саласында түрлі лауазымдарда еңбек еткен. 2009-2012 жылдар аралығында Мағыстау облысының Қарақия ауданы әкімінің орынбасары, кейін Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болды. 2013-2018 жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін «WestEcoPlast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып жұмыс жасаған.

***

Ақтөбенің әкімі лауазымына бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Мавр Абдуллин келді.

Мавр Ерғалиұлының мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар. Ойыл ауданының әкімі қызметінен кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болды.