Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Теңіз вахталық қалашығына барып, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) басшылығымен жиналыс өткізді және Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) фирмасының жұмысшыларымен кездесті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл кездесуге 30-дан астам адам жеңіл дене жарақатын алған тұрмыстық дау себеп болды. Оқиғаны тексерумен, сондай-ақ кен орнындағы еңбекті ұйымдастыру мәселелерімен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары бастаған ведомствоаралық комиссия айналысады.

«Бұл мәселе түрлі еңбек жағдайы салдарынан туындады. ТШО басшылығы да, барлық мердігерлер де шешуі тиіс жүйелік мәселе. Біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Инвесторлар мынаны түсінуі керек -еліміздің аумағында жұмыс істеп жатқан кезде заңнаманы сақтауы тиіс, сондай-ақ адамдардың намысына тиетін моральдық-этикалық нормаларды ескергені жөн. Таяу уақытта жобаның барлық қатысушыларымен кездесу өткіземіз. Оған компанияның барлық бірінші басшылары қатысады, осы мәселелерді шешеміз. Ең бастысы — еңбек жағдайы барлығына бірдей болуы керек», — деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер өз кезегінде аталмыш жағдайды реттеу және болашақта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін компания қолдан келгенін істейтінін айтты.

«Біз жергілікті атқарушы және құқыққорғаушы органдарға шиеленісті тез реттеуге көмектескені үшін алғыс айтамыз. Өз тарапымыздан CСЕР компаниясымен, сондай-ақ басқа да мердігер ұйымдармен жұмыс жүргіземіз», — деді Имер Боннер.

Жиналыстан кейін облыс әкімі CСЕР компаниясының жұмысшыларымен кездесті. Оның барысында компания қызметкерлері әкім мен ТШО басшылығынан жоба жұмысын тоқтатпауды сұрады.

«Біз облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған ведомствоаралық комиссия құрдық. Ол тең еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселесімен айналысады. Сіздер комиссияның құрамына өз өкілдеріңізді қоссаңыздар болады. Менің әріптестерім нөмірлерін қалдырады. Жағдайды жақсарту бойынша өз ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Сіздердің жұмыс кестелеріңізде ешқандай өзгеріс болмайды, жұмыс қалыпты режімде жалғаса береді», — деді Нұрлан Ноғаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 29 маусым күні сағат 11:00 шамасында «Теңіз» вахталық қалашығында (Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 120 км, Атырау қаласынан 340 км) «Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore (CСЕР)» компаниясының жұмысшылары жұмыс учаскесіне жиналып, Ливия азаматы Eli Daoud-тің жақында WhatsАpp желісінің профиліне орналастырған фотосуретіне наразылық білдірді.

Оқиға орнына барлық құзырлы органдардың басшылары мен аудан прокуроры барды.

Кейін Теңіз вахталық қалашығында жағдай тұрақтанғаны мәлім болды. Жұмысшылармен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов кездесті.

«Оның қорытындысы бойынша, жұмысшылар өздерінің қызметтеріне кірісті, жағдай тұрақтанды. ТШО медициналық пунктінде 30 адамға көмек көрсетілді. Қазіргі кезде олардың денсаулық жағдайына қатысты ешқандай қауіп жоқ. Қаза болғандар тіркелмеді», — деді облыс әкімдігінен.

С.Шапкенов облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен комиссия құрылғанын, оған өзі жетекшілік ететінін мәлім етті.

Атырау облысының Полиция департаменті оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

сурет inform.kz сайтынан алынды