Атажұртта еркін жүрген халықты,
Коммунистік билік келіп налытты.
Таяғанда жиырмасыншы жылдарға,
Қазақтарға мықтап құрық салыпты.

Оқытпады «ертегі» деп Құранды,
Жаңаша етіп өзгертпекші ұланды.
Малын жинап кедейдің де, байдың да,
Аз-ақ жылда елдің тозын шығарды.

Бүйте берсе, елді малдан айырар,
Жастарымды ата діннен қайырар.
Қызылдардың мынау күшті қарқыны
Қазағымды кәпір қылар жайы бар.

Ойлап бәрін болды аталар мазалы,
Көңілдері күңіренді азалы.
Ата дінді ұмыт қылсақ, ертең-ақ,
Алла алдында болармыз деп жазалы.

Заманнан да, Құдайдан да қорықты,
Ойлай-ойлай, ақылынан торықты.
«Коммунистер бас салмаған шетелге
қашу керек», деп ақыры қорытты.

Күн де келді елді тастап кететін,
Ауыр сынақ бар ма бұдан өтетін?
Мұхаммедтей сақтау үшін Хақ дінін,
Мәдинаға лажсыз хижрат ететін.

Бар байлығын ғұмыр бойы жинаған,
Діннен безген қызылдарға қимаған.
Жат елге де алтын-күміс бергі жоқ,
Сонда қайтпек, осы жағы қинаған.

Жиын құрды азаматтар жасырын,
Жиыстырып бір жерге бар асылын.
Ұйғарысты мүліктерін көмуге
Оқып болып кіші бесін – асырын.

Қалмау үшін тыңшыларға танылып,
Ақшамнан соң қараңғыны жамылып,
Жиған-терген әркім барын әкелді,
Уағдаласқан жерге, қалмай жаңылып.

Жандарын жеп құдайсыздар азабы,
Жабылып кеп үлкен шұңқыр қазады,
Осы жерді дүние-мүлкін тапсырған
Қағазға емес, жадтарына жазады.

Сол бір төбе мықтап ойға түйілген,
Азаматтар шарасыздан күйінген,
Серт байласты «бұл төбені ешбір жан
білмесін деп, ешқайсыңның үйіңнен».

Бел шешкен соң қалмақ бар ма тартынып,
Жолға шықты үйін бұзып, артынып.
Таңға дейін көш қарасын үзгенмен
Төзімдері бара жатты сарқылып.

Ұзақ жолда көріп ауыр азапты,
Бірі өліп, бірі кешіп тозақты,
Жеткен кезде түрікмендер жатсынбай,
Қарсы алыпты арып-ашқан қазақты.

Өтпек еді иран, ауған, арабқа,
Тозған халық, оған бірақ жарап па?
Үлкен көштің бірі асып шекара,
Бірі қалды бергі түрікмен тарапта.

Сабырлы ел, осыншама байсалды,
Қоңсылардың алдына аз мал салды.
Еске салып қашып шыққан Меккеден
Мұхаммедті күтіп алған Ансарды.

«Қашқын» демей, үкіметтен жасырды,
«Мұсылман» деп, жақсы ісін асырды.
«Қызылдарға иілмеген ерлер» деп,
«Ел бүлдірген» басмашы да бас ұрды.

Құран менен хадистерге сенген ел,
КСРО-ға өтіріктен енген ел,
Нән жаулықпен сиез барып әйелі,
Жылқы мінез қазақтарға көнген ел.

Ақ жүрекпен тандыр нанын ұсынған,
Бірін бірі бауыр тұтты мұсылман.
Қазақ қалай жақсылықты ұмытар
Көмек берген сонау жылы қысылған.

Бірақ жанын бабалардың жегі жеп,
«Бұзылмасын ұрпағымның тегі» деп.
Сонау жылы көш бастаған арыстар,
Басын қосып, оңашада егілед.

Амалсыздан мекендеп қап шалғайды,
Отанды аңсап сағыныштан сарғайды.
Жат жерінде ұрпақтарын өрбітіп,
Бір үмітін бір үмітке жалғайды.

Қызылдардың ғұмыры, әттең, қысқа емес,
Туған жерде бар байлығы, тыста емес.
Алтын, күміс, гауһар тас көмгендері,
Жез де емес, қалайы да, мыс та емес.

Мұны бірақ айтуға ешкім батпады,
Уәде бұзып, сертін, сөзін сатпады.
Дінге берік қайран шалдар түн болса,
Қиналғаннан жаны жайлы жатпады.

Іште кетті қарттардың армандары,
«Елге жетсе, деп, артта қалғандары».
Ең соңғы шал шындықты айтады деп,
Ұрпақтардың жиналып қалған бәрі.

..Жас буынға қарап жатты қария,
Таусылуға таяды өмір-дария.
«Маңғыстауда алтын көмген төбе бар», —
деді-дағы, етпеді әрі жария.

Аунап түсіп, еңкілдеп кеп жылады,
Алладан да кешірімін сұрады.
«Қайтейін мен, бұза алмаймын антымды»,
Дегеннен соң жансыз дене сұлады.

Сыр ашпастан Алланың құл-пақыры,
Құпиясы іште кетті ақыры.
Көп ұзамай ел дұғасы қабыл боп,
Шытынады КСРО-ның шатыры.

Заңдылыққа таға алмассың текке мін,
Көрді Алла көздің жасын төккенін.
Күні жетіп, алқызыл ту құлады
Жеңілгендей кәпірлері Меккенің.

Қайғысы мен мұңы қалып былайғы,
Қуанды жұрт ұстағандай Күн-Айды,
«Отанымыз тәуелсіз ел болды», деп,
Бір-бірінен сүйіншісін сұрайды.

«Мықты елдің» тауы солай шағылды,
Үміт оты алдымыздан жағылды.
Бір жылдары шұбырынды көшкен ел
Ұрпақтары кейін қарай ағылды.

Осы болды Құдайымның бергені,
Бабажұртқа төл перзенттің келгені.
Араласып сағынысқан бауырлар,
Қайта келіп тірілгендей өлгені.

Ираннан да, ауғаннан да, арабтан,
Қытай, түрікмен, моңғол, барлық тараптан,
Оралғанды қарсы алды ел қуана,
Разы болғай халқыма Хақ Жаратқан.

Күллі әлем мойындаған ел енді,
Тәуелсіздік бақытына кенелді.
Асып жатыр, тасып жатыр атағым,
Жоғын тауып, көсегесі көгерді.

Келген ұрпақ еңбексіз тек жатпады,
Аталардың ақ тілегін ақтады.
Бірақ сонау алтын көмген төбені,
Іздемеді, сұрамады, таппады.

Көмбе-байлық кетсін қайда тартылып,
Жерге шығып жатқан жоқ па артылып?
Баянды қыл бақытымды, о, Алла!
Ырзығымыз қалмағай тек сарқылып.

                                                   Валентина ҚОЗЫБАҚОВА