Белгілі журналист,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қазақстан Сот жүйесінің құрметті қызметкері,
телерадио және еңбек ардагері Әнуар ЖӘНІБЕК туралы бір үзік сыр.

Менің Әнекеңмен таныстығым бұдан 42 жыл бұрын басталған. 1973 жылы көктемде облысымыз құрылғанда жаңадан ашылған облыстық «Коммунистік жол» газетіне Оралдан жеті журналист келді. Соның ішінде жиырма жеті жасар шашы желкесіне түскен, көзі өткір сары жігіт Әнуар да болды. Ақын жанды, ашық мінезді Әнекеңмен бірден тіл табысып кеттік. Содан бері сырласпыз. Жақсы жолдаспыз. Ол танысқан кезде-ақ өзін аты алты алашқа жайылған атақты батыр, би, шешен, ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Сырым Датұлы туған, 1918 жылы Күн Батыс Алашордасының аз уақыт астанасы болған Жымпитыданмын, Байбақтымын деп кеудесін бір көтеріп қойған.. Аңқылдап, ақтарыла сөйлеуіне қарағанда, бойында желі бар жігіт көрінді.

Ұмытпасам 1974 жылы болуы керек. Әнекең бірде әңкіп отырып Байбақты Сырым атасы туралы біраз гәптің басын шерткен. Көбі кітапта жоқ деректер. Әнеке-ай, бүкіл творчествоңды, тіпті ғұмырыңды осы әруақты атаңа арнасаң етті. Басқасы басқа, тап мына айтқандарыңның өзі соған тұрарлық қой. Роман жазылар жазылмас әңгіме онда емес. Гәп тың деректердің қағазға түсіп, тарихи айналымға енуінде ғой дегенмін. Шынымды айтсам Әнекең айтқан дерекке қатты қызығып кеттім. Ойбай- ау, мен мұны кезінде Қадыр Мырзалиев ағама да айтқанмын, атақты ақын ұлы бабасы туралы көлемді еңбек жазса деп… Ол кісі үндемеді. Өйткені ақынның үстінен ұлтшыл, алашордашыл деген арыз жоғарыға көп жазылыпты. Кеңестік кезде аты айтылмайтын Сырымды жазса, ақынның жолы мүлдем кесілер еді. Әне, сондай да кер заман болған. Тек Тәуелсіздік келген соң ғана көрнекті жазушы Қажығали Мұқанбетқалұлы жиырма жыл ғұмырын сарп етіп «ТАР КЕЗЕҢ» атты үлкен тарихи роман жазды. Егемендіктің арқасында ғана ол ол роман ҚР Мемлекеттік сыйлығын ешқандай дау-дамайсыз жеңіп алды.

Болашақ журналист 15-20 түтіні бар алақандай ауылда он бес жасар ауыл ұстасы Қодар мен шопанның қызы Бұлдаштың тұңғышы. 1946 жылы ит жылы, сегізінші сәуірде туған. Жалғыз ұлдың баласын, тұңғыш немересін жауырыны жерге тимеген палуан атасы Қайырғали мен әз әжесі Жәния бірден бауырына басып, өз аттарына жаздырып алады. Папасы туа бітті шебер, жиырма жасында-ақ сол кездің мерседесі қара трантас, ырғақ шана жасап, қара тұлып тіккен, аты ауданға әйгілі ұста болған. Күні кеше 80-ге келіп, өмірден озды. Апасы аузын ашса көмейі көрінген аса адал адам болыпты, 41 жасында артына бір ұл, бір қыз қалдырып, өмірден ерте өткен.

Жалғыздың жалғызы, ата-әженің баласы бұла, ерке болып өседі. Оған шөп басын сындыртпайды. Кітаптан басқаға қызықпайтын, шаруаға қырсыз, жалқаулау бала болды. Бастауыш сыныпты туған ауылы 1 Майдан бітірісімен, төртіншіден бастап аудан орталығындағы Жымпиты орта мектебінде оқыды. Оқуда үнемі үздік болды, мектептің маңдай алды оқушысы ретінде талай мақтау марапатты иеленді. 8-11 сыныптарда класс старостасы болған белсенді, зерек шәкірт мектеп өмірінен аудандық газетке қысқа хабар-ошар, мақала, юмореска, скетч жазып тұрады.

Ал оның бүкіл ауданды аяғынан тік тұрғызған тұңғыш сын мақаласы «Бізді толғандырар жәйлар көп» деп аталып, газеттің қос падвалын алып 1964-тің ақпан айында шығуы үлкен шу шығарды. Сол кездегі Ақтөбе өлкелік білім басқармасынан арнайы комиссия келіп, мақалада көрсетілген мектептегі оқу-тәрбие жұмысындағы кеткен кемшіліктер анықталып, ол аудандық партия комитетінің бюросында қаралады. Он бірінші сынып оқушысын бірінші рет аудандық партия комитетінің иделогиялық хатшысы қабылдап, сары бала шындықты айтып шырылдайды. Алайда осы оқыс оқиғаның мектепті алтын медальға бітіргелі тұрған оған кеселі тиіп, аттестатындағы бағалары түгел бес болса да алтын медаль берілмепті. Әне Әнекең шындық үшін күресте тұңғыш таяқты солай жеген. Өзі де атақты ақын ағасы Қадыр Мырза Әлінің жазғанындай «Міне солай менің қоңыр ғұмырым, Шындық үшін таяқ жеуден басталған» деп күліп қояды.

Қай кезде де сөз азабын тартып, кәсіби журналист болу қиын. Бұл атағы болғанмен ақшасы аз, жүрекке, санаға салмақ салатын хауіпті мамандық. Бұған талант, кемі қабылет керек. Әділдік, адалдық пен шындық жолындағы күрес қаламгерден айрықша күш-жігерді, қайсарлықты, еңбекқорлықты талап етеді. Қиындық пен кедергілерден өтер күрескерлік қасиет бойында болмаса журналист үлкен жетістікке жете алмайды.

Әнекеңнің жазу-сызуға әуестігі ерте басталған. Жоғарыда айтқанымыздай, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мектеп өмірінен аудандық газетке үзбей хабар-ошар, мақалалар жазып тұрды. Алғашқы үлкен сын мақаласы жоғарыда айтылған «Бізді толғандырар жәйлар көп» деп аталып, газетте жарияланғанда ол он бірінші сынып оқушысы еді. Содан соң-ақ жазуды үдетті. Қысқа юморескалар, скетчтер жаза бастады. 1964 жылы мектеп бітірген бойы аудандық газетке әдеби қызметкерлік жұмысқа алынды. Ол бұл кезде 18 жаста. Кейін асқақ арман алға жетелеп 1967 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсті. Оны ойдағыдай аяқтаған соң, өзінің ұшқан ұясы Жымпиты аудандық «ҚЫЗЫЛ ТУ» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімін басқарады.

Міне, осы кезде тағы бір оқыс оқиға болды. Зейнеткер ұстаз, атақты кітапқұмар Х. Дабаровтың Батыс Алашорданың тарихына қатысты естелік мақаласын 1972 жылы газеттің 5-7 желтоқсандағы санында жариялағаны үшін аудандық газет кеңестік қызыл цензураның қатты қысымын көрді. Мақала облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, газет редакторы У.Сұлтанов партиядан шығарылып, қызметінен қуылды. Ал бұл естелік мақаланы әдеби өңдеп, газетке ұсынған жас маман Ә. Жәнібек ҰҚК-нің есебіне алынды. Ұлтшыл, алашордашыл атанды… Аудандық газеттен кетуге мәжібүр болды. Адам пешенеге жазғанды көре береді екен.

1973 жылы көктемде, тұңғыш ашылған Маңғышлақ облысына журналист кадрлар керек болып, Оралдан белгілі қаламгер Х.Қыдыров бастаған жеті журналист Шевченкоға, жаңадан ашылған облыстық газет «Коммунистік жолға» шақыртумен келді. Жас журналист Ә.Жәнібектің де түлеген түбектегі қаламгерлік қоңыр ғұмыры басталады. 1973-75 жылдары облыстық газетте екі жыл ауыл шаруашылығы, транспорт және құрылыс бөлімдерінде тілші болып істеді. Белгілі еңбек ардагерлері туралы жазған 7-8 очеркі көзге түсіп, ол газет жариялаған бәйгеде екінші орын алғаны есімде. 1976 жылы облыстық телерадио комитетіне қызметке ауысты. Осында табан аудармастан 18 жыл еңбек еткен ол редактор, аға редактор, Шевченко қаласы радиосының жауапты редакторы, Маңғыстау облыстық радиосынының Бас редакторы қызметтерін табысты атқарды. Облыс таланттары туралы жүздеген радио хабарларын эфирге шығарды. Әсіресе Әнекең заңғар жазушы Ә.Кекілбаевтың 50, 60 жылдық мерейтойлары кезінде айналасы үш сағаттық әдеби-сазды «СЫР САНДЫҚ» радио хабарлар тізбегін жасағаны есімде. Бұл хабарлар сол кезде республикалық Қазақ радиосынан да қайталанып берілді. Тыңдарман жақсы қабылдады.

Алайда Әнекең бірдеңеге ұрынбаса жүре алмайды. 1988 жылы алғашқы демократиялық дүмпу кезінде құрылған, асыл азамат Сайын Шапағатов құрған Парасат қозғалысы өткізген митингіден эфирге тікелей хабар таратып, басы тағы дауға қалды. Шевченко қалалық радиосының жауапты редакторының жеке мәселесі қалалық партя комитетінде қаралып, әупіріммен аман қалды. Өйткені соның алдында, бір жыл бұрын, оның үстінен тағы да ұлтшыл, алашордашы деген Қазақстан Орталық комитетіне арыз жазылып, оны республикалық комитеттен арнайы кісі келіп тексерген болатын. Одан сол кездегі телерадио комитеті төрағасы К.Есімовтің тікелей қорғауымен, жауапкершілікті бөлісуімен ғана аман құтылып еді.

Айтпақшы Әнекеңнің ҰҚК-де есепте тұрғанының кесірі маған да аздап тиді. 1975 жылы О.Сүлейменовтың атақты АЗ и Я кітабы шығып, оны қызыға оқыған екеуіміз өзара сыр бөліспейміз бе… Осы орыстың қылғаны ма, біз ең болмаса Маңғолия секілді өз алдымызға ел бола алмадық-ау, қашанғы орысқа бодан боламыз, қаламызда қазақша бала бақша, ұлттық мектеп те жоқ деп бөскенбіз ғой. Осыны үндеместегілер біліп қалып екеуімізді біраз ҰҚК-ге сүйреді. Алла сәтін салып, одан да аман құтылғанбыз. Айттым ғой, Әнекеңнің ұлтшылдығы сөйтіп өзіне кесірін тигізбей жүрмейді. Еліміз Тәуелсіздік алған соң ғана бізді үндеместің ауылы бұрынғыдай мазаламайтын болды. Бұған да шүкір.

Жиырма жыл облыстың БАҚ құралдарында жауапты қызмет атқарған алашшыл азамат Әнекең 1994 жылы облыстық сотқа баспасөз хатшысы қызметіне ауысты. 17 жыл облыстық соттың бас маманы-баспасөз хатшысы, облыстық сот пен облыстық соттар әкімшісінің басқарма бастығы — баспасөз қызметінің жетекшісі болды. Осы жылдар журналистің сот тақырыбына жазған мақалалары, сұхбаттары, сот хикаялары мен ақпараттық материалдары республикалық, аймақтық, облыстық және қалалық газеттер мен журналдарда бес миллиондай данамен жарияланды. Баспасөз хатшысының бұл жемісті жұмысы ҚР Жоғарға Соты тарапынан жоғары бағаланып , Ә.Жәнібек республикада бірінші болып, жергілікті баспасөз хатшылары ішінен 2007 жылы ҚР Сот жүйесінің Құрметті қызметкері атағын алды. Және ҚР Жоғарғы Сотының Құрмет грамотасымен қоса марапатталды.

Бұдан басқа ұзақ жылғы журналистік жемісті жұмыс үшін алған әртүрлі Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын айтпағанда 1991 жылы Еңбек ардагері және 2005 жылы Қазақстан Конституциясына — 10 жыл, Ақтау қаласына 50 жыл медальдарын да алған. Журналист есімі 2008 жылы шыққан Маңғыстау энциклопедиясына енген.

Облыстық соттың төрт төрағасымен жақсы қызметтес болғанын, жұмысқа деген жауапкершілігі мен іскерлігін ескерген облыстық сот пен облыстық соттар әкімшісі басшылары оған үлкен сенім артып, зейнеткерлік жасқа жеткеніне қарамастан оны басқарма бастығына ұсынып, бұл ҚР Жоғарғы Соты тарапынан қолдау тапты. Әнекең осы лауазымда 66 жасқа келгенше жасап, 2011 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Бұл күнде алашшыл азамат Әнекең кемел жас 70-ке келсе де соттармен байланысын үзбей БАҚ мәселесі бойынша көмек көрсетеді. Ол өткен жылы республикалық «НЕ ХАБАР» газетінің үздік авторы атанды. Зейнеткер болса да журналистік кәсібінен қол үзген жоқ. Сегіз жылдан бері Атыраудан шығатын, республикамыздың Батыс аймағына таралатын «САХАРА» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі болып істейді. Республикалық ЗАҢ газетінің де жиырма жылдай штаттан тыс тілшісі. Газетте жарияланған жүзден астам мақала, сұхбат, сот хикаялары мен ақпараттық материалдардың авторы.

Әріптесіміз бақытты отбасының да иесі. Өмірлік серігі, отыз жылдан астам мұнай саласында еңбек еткен, ардагер мұнайшы Қалау Қабижанқызымен бірге үш ұл-қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Ұлы Нұрболат жоғары білімді инженер, қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 15 жылдан бері ЖШС директоры болып істейді. Жолдасы Назым экономист, үш қызы өсіп келеді.

Үлкен қызы Назым мен күйеу баласы Асылбек те жоғары білімді мамандар, олар да үш ұл-қыз өсіріп отырған бақытты отбасы. Кенже қызы Нәркес пен күйеу баласы Қанат Астанада тұрады. Олардың да екі ұлы өсіп жатыр. Сондықтан да Әнекең мен Қалау өздерін бақытты ата-ана санайды. Олары негізді де. Азамат болған ұл-қыздарын көріп мерейлері өсіп, алтындай немере-жиендердің қызығын көруден артық ата-ана қуанышы бар ма…

Әріптестері Әнекеңнің адалдығын, өзінен өзгелерге болсын дейтін көл-көсір көңілінің талай рет куәсі болды. Мүмкін Алла тағала да оның осы ниет-пейілінің кеңдігіне орай бақ-несібе берген шығар. Кемел жас жетпіске абыроймен аман-сау жету де екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Бұл да Алланың берген бақ-несібесі.

Ол ұлтжанды, алашшыл азамат. Ұлттық мүддені бәрінен жоғары қояды. Осы мінезі үшін қызмет бабында талай рет таяқ та жеді. Бірақ қандағы қасиет қалмайды екен. Ата-бабалары көре алмаған Тәуелсіздікті көру соғыстан соң туған бұл буынның да шексіз бақыты еді. Аты алты алашқа белгілі атақты СЫРЫМ ДАТҰЛЫНЫҢ бүгінгі бақытты алашшыл ұрпағы, түбегімізге есімі жақсы таныс журналист Әнуар ЖӘНІБЕК әріптесім туралы әзірге айтарым осы.

Айтпақшы ұмытып барам, Әнекеңнің біз білмейтін тағы бір қыры бар. Ол он бес жасынан бастап күні бүгінге дейін 50 жыл бойы күнделік жазады екен. Қазір қолында кемі 3000 беттен астам күнделік-эсселер жазылған 120 қалың дәптер мен 70-ке жуық блокнот сақталыпты. Журналистке бұл аз байлық емес. Тек қаламгерді қинайтыны солардың макулатура болып артында қалмай, жарыққа шығар күнін аңсайды. Кезінде кітап шығаруға құлқы да, құнты да болмаған, әлде жалқаулығы жібермеді ме, Әнекең бүгінде кеш те болса сол шаруаның үстінде отыр. Біз кемел жас 70-ке келген әріптесімізге мықты денсаулық, журналистік табыс тілейміз. Бар бол, бауырым. Түлеген түбекпен бірге түлеп өскен АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ арда, алашшыл азаматын алда да тек биіктен көргіміз келеді. БИІКТЕН.

Әбілқайыр СПАН,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
thenews.kz