Балалардың мерекесімен ерекшеленген 1 маусым күні қала көшелері гүлге, бүлдіршіндердің сыңғырлаған күлкісі мен шаттыққа толы болды. Осындай жарқын мерекеде қаламыздағы «Жұлдызай» оңалту орталығы «Бар мейіріміміз балаларға» атты мерекелік шарасын ұйымдастырып, орталықтың 150 баласына қуаныш күлкісін сыйлады.

Бар мейірім балаларғаШараны «Жұлдызай» оңалту орталығының координаторы Айгерім Ниязмағанбет құттықтау сөзімен ашты.
— Балапандар, ата-аналар мерекелеріңіз құтты болсын! Денсаулық, мол бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін. Ешқашан ауырмаңдар. Бүгінгі жарыста барлықтарыңызға сәттілік жолдас болсын, -деп игі тілегін жеткізді.
Мереке күніне орай өткізілген сайыста балалар «Бала арманы» тақырыбында сурет салу, екі кезеңнен тұратын «Денсаулық эстафетасы» және «Өз өнерім мақтанышым» бөлімдері бойынша жарысты. «Бала арманы» бөлімінде балалардың үйінен дайындап әкелген суреттері қабылданып, ең үздік сурет ата-аналардың дауысы арқылы анықталды. Нәтижесінде,  Ерасыл Алламұрат І орынды,  Бекзат Қалмұрат ІІ орынды, Сара Қайыпназарова ІІІ орынды иеленді.
«Денсаулық эстафетасында» балалар екі топқа бөлініп жарысып, І орын «Алғыр» , ІІ орын «Жүйрік» командасына бұйырды.
Ал, «Өз өнерім мақтанышым» атты ән, би, тақпақ айту сайысында Өсербай Эскунбай І орын, Жансая Қадырбергенова ІІ орын, Оразалы және Оразбек Өтеген ІІІ орыннан көрінді.
Сайысқа «Жұлдызай» оңалту орталығының координаторы Айгерім Ниязмағанбет, ата-ана құрамынан Қайрат Төрешов және Айгүл Дүйсенова әділ-қазылық етті. Балаларға сыйлыққа оқу-құралдары табысталды.

Жанайым Жарылқап