Өңірімізде алғаш рет құрылған несиелік серіктестік ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолжетімді несие беруді бастады. Төрт түлік малдың қамын қүйттеп, күтімі мен бабын таба білетін шаруалар «Маңғыстау» несиелік серіктестігіне хабарласып, қаржылай көмекке қол жеткізе алады. Ата кәсіптен берекелі нәсіп табамын деген шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылады.

Бұл ауылшаруалығында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерге, әсіресе мал шаруашылығы, сүт және ет өнімдерін өңдеу, балық өнімдерін шығару және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін дамытуды қолға алғандар үшін көптен күткен жағымды жаңалық болып отыр. Несие алушыларға қаржы институттарына берешегінің болмауы, қаржылай тұрақты бизнесі, кепілдік мүлкі, өзін-өзі ақтайтындай тиімді жобасының болуы міндеттеледі. Шаруа қожалықтарына несие жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14 пайызбен беріледі және ауылшаруашылығы басқармасы арқылы субсидиялау мүмкіндігі де қарастырылған. Несие мерзімі 108 айға, яғни 9 жылға дейін беріледі. Негізгі қарызды төлеу жеңілдігінің кезеңі 24 ай, айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген пайыз мөлшерлемесімен берілетін несие көлемі де 24 айға дейін беріледі.

«Бұрын мен сауда-саттықпен айналыстым. Бертін келе Ақтөбе мен Оралдан ет әкеліп саттық. Кейін отбасылық шаруашылық ашуды қолға алып, түйе өсірдім. Қазір түйе сүті мен шұбат, құрт, балқаймақ өндірумен айналысамыз. Біз үшін негізгі табыс көзі болып табылатын шұбаттың 1 литрі 500-600 теңгеден сатылымға шығады. Менің ойымша, несиені қайтаруда қиындық туындамауы тиіс, себебі сүт өнімдеріне сұраныс жоғары», – дейді кәсіпкер.

Шаруа қожалықтарын қаржыландыру басталды!

«Маңғыстау» несиелік серіктестігінің бас маманы Аманқос Ертілеудің айтуынша, екінші деңгейлі банктердің ауыл кәсіпкерлерінің бизнес-жобаларын несиелеуге аса қызығушылық танытпайды екен. Сол себепті қазіргі уақытта несиелік серіктестігі шаруа қожалықтарын қаржылай қолдайтын жалғыз қаржы институты саналады. Яғни, мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу қажеттігін айтады.

– «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау Маңғыстауға да жетіп, жергілікті шаруа қожалықтары үшін жақсы жаңалық болып отыр. Айта кету керек, несиелік серіктестік жүйесі барлық ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің басын қосып, кәсіпкер құрылтайшының бірі ретінде серіктестік құрамына қабылданады. Ал өз бизнесін бастағысы келетіндер болса, біздің кеңсеге хабарласуына болады, кеңес алу тегін. Сондай-ақ, қолжетімді несиелеу жүйесі –агроөнеркәсіп кешенінде жаңадан жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер береді», –дейді ол.

Шаруа қожалықтарын қаржыландыру басталды!

Қазіргі уақытта «Маңғыстау» несиелік серіктесігіне түскен бірнеше бизнес-жобаның әзірге бесеуі қаржылай қолдауға ие болды. Берілген несие көлемінің жалпы сомасы 70 млн. теңгеден асады. Келер айдан бастап серіктестік мамандары облыстағы барлық аудандар мен елді-мекендерді аралауды көздеп отыр. Яғни, ауыл кәсіпкерлерімен кездесулер өткізіп, жеке бизнесті ашу немесе айналым қаражатын толықтыру үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мүмкіндіктер кеңінен түсіндірілмек.

Сонымен қатар «Маңғыстау» несиелік сертіктігінен қаржылай қолдауға ие болғысы келгендерге Маңғыстау индустриалдық палатасы кәсіпкерлік негіздеріне үйретуге дайын. Оқыту курсынан өткендерге сертификат табысталады. Ауыл кәсіпкерлері өндіретін сүт, ет және т.б. тауарларын сауда нүктелеріне өткізу мәселесіне тоқталатын болсақ, бұл ретте «Болашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі қол ұшын созуға дайын.

Нұрбол ОҚУОВ