«Арман» жастар орталығында Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан халық жазушысы, ҚР мәжіліс депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова атындағы қалалық байқауы өтті.

Фариза Оңғарсынқызының өлеңдерін жастар арасында насихаттау, ақиық ақын шығармашылығын жас ұрпақ бойына сіңіріп, отансүйгіштікке тәрбиелеу, талантты жастарды ынталандырып, әдеби шеберлікке баулу мақсатында бір өлеңін жатқа айтудан тұратын — «Ақын қыз», поэмаларынан үзінді  оқылатын — «Поэзия  падишасы» және ақын өмірбаянына қатысты сұрақ-жауап жарысы — «Кім жүйрік?» — 3 кезеңдік сын байқауына жоғары техникалық-кәсіптік және арнаулы оқу орта орындары мен қала тұрғындары арасынан 43 адам қатысқан іріктеу турынан өткен 15 талапкер қатысты.

Жарыс барысында байқауға қатысушының өлеңді оқу шеберлігі, дауыс мәнері мен тазалығы, сахнада өзін-өзі ұстауы, сахналық киім үлгісі ескеріліп, қазылар алқасының шешімімен — І орынға Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг   университетінің студенті Оспан Мақсатов лайықты деп табылды.

Жүлделі ІІ орын — № 13 мектеп оқушысы Әсел Тұрсынғалиеваға бұйырса, екі ІІІ орынды – «Болашақ» колледжінің студенттері Расул Нұрлыбай мен Жазира Мұрат бөлісті.

Қатысушылардың қалғаны ынталандыру сыйлығына ие болды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ