Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің XIV мәжілісі мешіт жамағаттары мен жекелей азаматтардан келіп түскен сұрақтар мен өтініштерге байланысты мұсылман зиратының қағидалары мен талаптарын бекіткен екен. Біз бұл қағидаларды барша жұрттың біліп жүргені абзал деп тауып, оның үстіне, маңғыстаулық ақсақалдардың үндеуіне үндес келгендіктен, Ақкетік мешітінің имамы Опа қажы Жүсіппен сұхбаттасып, пікірін сұраған едік.

опа кажы

 -Опа қажы, жалпы бұл қағидалар бұрыннан да бар ғой. Бірақ, соны көпшілік ескермейтін секілді. Мүмкін, білместік те бар шығар. Енді, сіз шариғат тұрғысынан осы қағидаларды сараптап берсеңіз деп келіп отырмыз. Мысалы, қабірді қоршау жөнінде. «Мұсылман зиратының қағидалары мен талаптары» деп аталатын құжат мәтінінде: «Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, аяққа тапталмас үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі» делінеді. Бізде әр марқұмның жатқан жеріне там салады ғой. Бұл жөнінде ойыңыз қандай?

 -Маңғыстауда тұтас қауымдар о баста қоршалмаған. Қауымды қоршау оны мәдени-сәулет ескерткіші ретінде сақтау ниетінен және елді мекендердің құрылысы мен сәулетіне қатысты талабынан өткен ғасырдың екінші жартысында пайда болған ғой деймін. Сондықтан, қабір басын қоршау Маңғыстауда ежелден келе жатқан үрдіс және оның оғаштығы не шариғатқа қайшылығы жоқ. Бірақ, шариғатта қабір үстіне құрылыс салуға рұқсат берілмеген. Сахаба Жәбирден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне құрылыс салудан тыйды» (Имам Муслим, Жаназа бабы), – деген. Егер қабір басына кесене салынып қойылса, оны бұзуға болмайды. Алайда, кейбір Ислам ғалымдарының пікірі бойынша, ғұлама-ғалымның, ел билеген хан-сұлтандардың, би-батырлардың кесенесін көтеруге рұқсат берілген.

  -Айталық, Сіз айтқандай ғұлама ғалым да, ел басқарған би немесе батыр да емес, бір адам дүниеден өтіп, оның басына балалары керемет етіп күмбез тұрғызды делік. Расында, бұндай мысалдар көп қой. Оның ауырлығы марқұмға түсе ме?

-Оның ауырлығы сол күмбезді тұрғызғандарға түседі. Ислам орынсыз ысырапқа қарсы. Бәсеке мен мақтанға, өзін басқалардан бөлек, бай немесе үстем қылып көрсетуге бейім астамшылыққа қарсы. Сол күмбезді елмен бірдей төртқұлақ етіп салып, ақшасы көптігінен тасып бара жатса айналасындағы жоқ жітімге не баспанаға зарығып жүргендерге көмектессе ғой, осындай ұрпақ тәрбиелеген марқұмға да, сол балаларына да үлкен сауап болар еді.Жалпы, шариғатта қабір қоршауының биіктігі ересек адамның кіндігінен аспау керек. Және де, ол қоршау, яғни, там артынан топыраққа айналып кететін табиғи заттардан салынуы керек. Қағидаларда бұл шариғи талап былай көрсетілген: «Қабірдің лақатын жабатын материалға күйдірілген кірпіш, қара қағаз, салафанды пайдаланбаған дұрыс. Қабірді жабу үшін табиғи материалдардан ағаш, тақтай, шыбық, плитаны пайдалануға болады».

-Маңғыстауға белгілі Ержан хазіреттің Шақпақ ата қауымындағы қабірі небары төрт тас қана көтеріліп қоршалған екен. Бұл да бір жұртқа ой салатын жәй ғой… Ал, енді мынадай бір сұрақ бар. «Марқұмның ата-анасы, ағайындары, қауымы осында еді деп, сонау Ақтаудан әкеліп Фортқа, не анау Жетібай, Шетпе сияқты туған жеріне әкеліп жерлеп жатады. Бұның дұрыс-бұрыстығы бар ма?

  -«Мешіт алыста, қауым жақында болсын» деген ежелден келе жатқан сөз бар. О дүниелік болғандар тірілерден Құранның бір сүресін бағыштап, «Алланың шапағаты тие берсін» деген ниетін күтеді. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Меккеде туып өсті. Ата-анасы да, жары Қадиша да Меккеде жерленген еді. Алайда, өзінің өсиеті бойынша, дүниеден қайтқанда ол (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинада жерленді. Бұдан шығатын түйін – өлгеннен кейін марқұмның басына жиі барып, бет сипап, аят оқып отыратын балаларына, жақындарына жақын жерде жерленгені дұрыс.

-Біздің Ақкетігіміздің айналасындағы кейбір қауымдарға бөлінген орын бітіп, енді жұрт қайтқан жақындарын қоршауының сыртына не қоршауды бұзып тастап жерлеуді шығарды. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

  -Ол дұрыс емес. Исламның қағидасында әрбір мұсылман елді басқарушыға, оның заңдары мен жарлықтарына бағынуы тиіс. Егер елді мекеннің жоспарына сәйкес қауымға жер бөлінсе, оның шегінен шығу – дұрыс болмайтын шаруа. Құдайға шүкір, жеріміз кең, айналада басқа да қауымдар бар. Әркімнің астында көлігі бар, орын бар қай қауымға қойса да болады.

 -Опа қажы, жамағат атынан рахмет айтамыз.

 

Сұхбаттасқан – Айсағали ҚЫДЫР