Ақтау қаласында жекеменшік заманауи «Батыр» спорт кешені пайдалануға берілді. 34а шағынауданда орналасқан кешен тәулігіне 800 адамды қабылдай алады. Мұнда жаттығу залы, панкратион, спорттық гимнастика, аэробика және басқа спорт түрлеріне арналған залдар бар. Киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелері де қарастырылған.

Спорт кешенін салу үшін жеке кәсіпкер, Ақтау қаласындағы футбол федерациясының бірінші лигасының кәсіби ойыншысы Ильяс Бейсенғалиев 100 млн теңге несие алған. «ForteBank» АҚ арқылы 84 айға жылына 14 пайызбен алған несие «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекет тарапынан субсидияланған.


3

— Өзім спортқа жақын болғандықтан жастардың да бос уақытында спортпен айналысып, салауатты өмір салтын сақтауы үшін жағдай жасағанды жөн санадым. Мұндай спорт кешенін тұрғызу менің көптен бері ойымда жүрген дүние еді. Арнайы жоспар жасақтап «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалына барып, мамандардан кеңес алдым. Жобам қолдау тауып, 100 млн теңге несие алдым. 14 пайыздың 7 пайызын өзім төлеймін, ал қалған 7 пайызын мемлекет қайтарымсыз негізде өтеп береді. Спорт кешенінің жалпы аумағы 2 200 шаршы метрді құрайды. Мұнда спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған,-дейді Ильяс Бейсенғалиев.

Венера МИРЛАН