Интернет жайында жан түршігерлік видео бір ай бұрын әлеуметтік желілерде таралған еді. Видеода  интернетті сөндіріп тастағаны үшін, 13 жасар бала анасын итеріп, қол көтеруге дейін барады. Өзге ұлт болса да, Қазақстанда өмір сүріп жатқан бұл отбасының қасіреті кейін тұтас ұлтқа төнуі бек мүмкін.

Ал қазір интернетке деген тәуелділіктің басында Инстаграм желісі тұр.  Біз қазір әйгілі тұлғалар мен туған-туыс, дос-жаран, тіпті көршіміз туралы бүкіл мәліметті  бір саусақтың ұшымен-ақ біле алатын деңгейге жеттік. Десе де, инстаәлем алып мекеме, ұйымдар тұрмақ, үйде отырып, өз бизнесін жарнамалайтын қарапайым адам үшін де таптырмас құралға айналғаны анық.  Сонымен Инстаграм төңірегінде түрлі сұрақтардың тууы заңдылық.

[quote arrow=»yes»]

  1. Инстаграм дәл қазір кімнің досы? Инстаграмда көп отырасыз ба?
  2. Инстаграм желісіндегі лүпілдерге (лайк) қаншалықты мән бересіз?
  3. Инстаграмда қай тұлғалардың, ұйым не орталықтың парақшасын қызығып оқисыз?
  4. Инстаграм онсыз да мақтан сүйер қазақты мақтаншақ қылып жіберген жоқ па?
  5. Бір адам туралы бүкіл мәліметті бір саусақтың ұшымен табуға болады. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?!

 

[/quote]

Осы сұрақтарға төменде Маңғыстау өлкесіне танымал азаматтар жауап берді.

 

Серік ОспановСерік Оспанов, Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық басшысы: 

 «Инстаграм ешкімді мәжбүрлемейді»

1.Инстаграмда жиі отырмаймын, анда-санда қарап шығатыным бар. Суретті де сирек жариялаймын.

  1. Лайк деген, суретті «бағалап, көргеннің» белгісі ғой. Суреттеріме қойылған лайктарға мән бермегеніммен, өзім өзгелердің жарияланымына лүпіл қоятын әдетім бар.
  2. Арнайы жазылмайды екенмін, ондай әдетім жоқ. Аңшылар, балықшылар парақшасына жазылғанмын, айтпақшы..
  3. Дәл осы пікірге келісемін, иә, ондайы бар.
  4. Инстаграм ешкімге суреттеріңді жарияла деп мәжбір етпейді. Қалай десе де, ол адамның өзіне байланысты. Адам құқықтарын қорғайтын арнайы заң бар екіншіден. Ал үшіншіден қазіргідей интернет-жаһандану дәуірінде ешкім тығыла алмайды.

Ерлан Джумаев аЕрлан Жұмаев, «Экспедиция +362» директоры:

  «Экспедиция жұмысын танытуда инстаграмның орны бөлек»

  1. Әрине, мен инстаграм желісінде көп отырамын. Онда менің екі парақшам бар, бірі – жұмыс парақшасы, екіншісі жеке өзімдікі. Бірінде тұлға ретінде мен жеке өмірім, қызығушылықтарым мен  өзіме бағалы сәттерді суреттеймін. Ал екіншісінде топ жұмысын,  сапалы суреттер мен видеоларды жарнамалаймын. Жұрт бізбен танысуы керек. Жұмыс аккаунтымен отыру көп уақытты алады, сәйкесінше суретті тұрақты түрде салып тұру қажет. Сіз «+362 Экспедициясы» аккаунтынан 500 мыңнан аса жарияланымды таба аласыз.
  2. Әлбетте, инстаәлемде лайктың орны бөлек. Лайк саны белгілі бір деңгейде жазылушылардың тірі, яғни шын мәнінде сол парақшаға қызығушылық танытанын дәлелдейді. Мәселен, plus362kz аккаунтында 17 мың жазылушы бар, бірақ бұл көрсеткіш тұрақты айналып тұрған жоқ, әрбір жазбада шамамен 500 лайк қойылады. Ал басқа аккаунттарда жазылушы көп болғанмен, посттағы лайктар саны 10 шақты ғана болады. Бұл мақсатты аудиторияның аздығын білдіреді.
  3. Өзім ерекше қызығатын әрі үйренері бар адамдарды қараймын. Олар кәсіпқой фотографтар мен сапалы видеосюжеттер, сондай-ақ ең әлсіз жерім – мотоцикл, осыған қатысты парақшаларға жазылғанмын.
  4. Инстаграм қазақты мақтаншақ қылып жіберді дегенге келісе алмаймын, ол мақтаншақ деген фактті жай ғана еске салды. Бірақ бұл үлкен кемшілік емес. Инстаграм меніңше көпшілікке еркіндік берді.
  5. Инстаграмнан адам туралы барлық мәліметті білгеннің айыбы жоқ, бұл адамға, оның мүмкіндіктерін бағалау құралы ғана. Жарнама жасаудың ең оңтайлы, әрі заманауи жолы.

Мурат ЖетекбайМұрат Жетекбай, «Маңғыстау» газеті шеф-редакторы:

  «Мақтанғысы келсе, мақтана берсін!»

  1. … Қол босаған сәттерде көз салып қоямын. Көп болмағанмен ара-тұра суреттер салып қоямын.
  2. Меніңше, лүпіл санына мән беру, оны көбейтуге пейілді болу — қызығушылықтан басталып құмарлыққа тартатын адами табиғатқа тән нәрсе ғой. Бәлкім, бірен-саран болса да, оқиғаның, суреттің адамдарға әсерін зерттеу үшін қолданушылар да бар шығар.
  3. Пәленнің парақшасын ерекше қызығып оқимын деп айта алмаймын. Тіпті, осы инстаграмның мүмкіндіктерін жақсы біле бермеймін. Одан гөрі ФБ оңтайлырақ сияқты көрінеді.
  4. Онсыз да мақтанғанды жақсы көретін халықпыз ғой. Әркім шамасын байқататын бәсеке-бәсіренің ордасы ғой. Мақтанатындай іс тындырса — мақтана берсін! Жылтырақпен, денесін жартылай жалаңаштаумен жастардың санасын улап, еліктіретін жағын қостай алмаймын.
  5. «Базарда мың сан адам бар, әркім өз қалағанына сәлем береді» деген сияқты ғой. Дегенмен, көпке көрінбейтін ісіне емес, сырт келбеті, айнала төңірегіне танымалдылығына қарай баға беру сияқты ғой.

 

Алия ИсаеваӘлия Исаева, Маңғыстау облыстық «Ақ жол-жастар» жастар қанатының жетекшісі:

  «Инстаграмдағы жеке парақша адамның жеке өміріндей»

  1. Жиі емес бірақ бір кірсем көп отырып қаламын. Маңызды, атаулы, керемет күндер немесе естен кетпес сəттер болмаса көп салмаймын.
  2. Кейбір адамдар үшін лайк өз дəрежесін көрсетіп тұрған сандар сияқты, ал мен үшін соншалықты маңызы жоқ.
  3. Белігілі, танымал тұлғаларды немесе еңбегі жүйелі, мақсаты айқын жастар ұйымдарының кез-келгенін қарай беремін.
  4. Заман ағымынан қалыс қалмау керек деп ойлаймын, дегенмен əр нəрсенің шекарасы бар.
  5. Барлығы орнымен орындалып, əдептен озбайтын болса қазаққа бəрі жарасады. Кейбір адамдар үшін адамның жеке өмірі əрине қызық. Оның ішінде жұлдыздардың немесе танымал тұлғалардікі қызу талқыланады. Қазір ашық қоғам. Бірақ бұл адамдарды шектен шығарып, асыра сілтеушілік жасар болса қолдамаймын. Былайша айтқанда, қазіргі кезде жеке парақша адамның жеке өміріндей болып кетті. Жеке өмірдің тым ашық болуы дұрыс емес деп ойлаймын.

Бердібек ҚұлғараевБердібек Құлғараев, әнші:

«Ертең бәрі естелік болып қалады»

  1. Мойындаймын, инстаграмда өте көп отырамын. Тек инстаграмде емес, интернетте де. Суретті де аз салмаймын.
  2. Лүпілдер мені қызықтырмайды, шыны керек. Соңғы кездері пікір жазатындарды да өшіріп тастап жүрмін. Біреудің пікірі мен үшін маңызды емес.
  3. Көбіне таныс адамдарды оқимын. Өнер адамдарына жазылып қойғанмын, соларды көп оқимын.
  4. Шыны керек, маған бәрібір. Сурет салып мақтана ма, ештеңе жарияламай ма, ол адамның өз еркі. Адамдар еріккеннен бірден сынауға жақын. Бар болса, бере алмайды, жоқ болса көре алмайды.
  5. Жалпы инстаграм деген адамның жиі пайдаланатын күнделігі сияқты. Ол адамның қайда жүргені, өміріндегі қызықты жайттарды сурет арқылы бөлісуі – ертең оның бәрі естелік болып қалады. Еш сурет салмай, біреудің сыртынан аңдып отыратын адамдар да бар. Сондықтан мен үшін біреуді жеке танып білмей, оның қандай екенін тек Инстаграм арқылы біліп, тон пішу дұрыс емес сияқты.

Түйін:

 Бүгінде интернетке тәуелділіктің салдарынан жастардың денсаулығы ғана емес, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениеті де төмендеп барады. Жалпы, елімізде интернет пайдаланушылардың саны 12 миллионнан асып жығылыпты. Бұл халықтың 70 пайызы деген сөз. Мәселен, Қытай билігі жастардың интернетке деген тәуелділігіне медициналық ауру деген баға беріп, қауіптің алдын алуға кіріскен. Яғни, желіге байланған жеткіншектерді кеселінен арылту үшін арнайы жаттығу лагерлерін ашқан. Аталған орталықтарда Қытайдағы жастарды әскери тәртіппен емдейді. Онда әскердегі жаттығуларды емделушілердің күнделікті режиміне енгізген. Қанша адам бар жерде сонша пікір бар. Ал шағын кәсібін бастаймын дегендер үшін бұл құрал тегін жарнама алаңына айналып отыр.  Дегенмен, күнделікті өмірде «Инстаграмнан» шыға алмай қалған, былайша айтқанда «Инстаграмда» өмірін бақытты, бай, әдемі етіп көрсеткісі келетіндер қатары көбейіп барады. Заманына сай бағамы десек те, шынайы әлемнен алыстамаған жөн.

Айгүл ДӘДЕН