«Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстық Ішкі саясат басқармасының «Шетелде тұратын отандастармен әлеуметтік және мәдени байланыстарды дамыту жөніндегі іс-шараларды өткізу» жобасын жүзеге асыруға қатысты іс-шаралар қолға алынуда. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мәртебелі мерекесі қарсаңында маңғыстаулық делегация Ресей Федерациясының астанасы — Мәскеу қаласындағы Қазақстан елшілігінде қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесіп, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова атындағы мектептерде болып, Мәскеу мемлекеттік университетінде қазақстандық студенттермен жүздесті.

03-10

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жобаның мақсаты — шетелде тұратын отандастармен мәдени, әлеуметтік байланыс орнату, жастар мен жас дарындардың шығармашылығын дамытуға ықпал ету, талантты жастарды іздестіру, оларды қазақ жеріне таныстыру.

Білім, мәдениет салаларының өкілдері мен «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлерінен құралған делегация Мәскеуде 3 күн болып, орыс жерін мекен еткен қандастармен жүздесіп, бірқатар шараларға қатысты. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінде Мәскеуде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Маңғыстаулықтарды қандастар құшақ жайып қарсы алып, атамекенге деген сағыныштарын ақтарып, ақжарма тілектерін арнады.

Елдің ыстық сәлемін, жердің қасиетті жылуын ала келген маңғыстаулық делегацияның сапарына аса қуаныштымын! Қазақстан мен Ресей мемлекеті о бастан көршілес, тарихтын киын да қыспақты жолдарынан бірге өтіп келеді. Біз мұнда өз салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызды, ана тілімізді сақтап, өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті күн кешудеміз. Қазақ жерінен келетін бауырларды асқан сағынышпен күтіп, әр қазақты жалғыздай көреміз. Мұнайлы өлке Маңғыстаудан Мәскеуге қош келдіңіздер!-деді Мәскеудегі халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдаудың «Астана» қорының басшысы Ж.Өтешова.

sam_0621
«Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен алғашқы шара Кеңестер Одағының батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептен басталды. 1982 жылы салынған мектеп кешенінде 1 мыңнан астам оқушы білім алады екен. 2002 жылы Әлия Молдағұлованың ерлігін паш ететін мұражай ашылған. Жастайынан жетімдік көріп, есін біле сала, қан майданға аттанған батыр қыздың қысқа да мәңгілік өмірі туралы көп деректер жинақталған. Әлияның соғыста киген жейдесі, жазған хаттары сақтаулы. Ал, мектеп мұғалімдері Маңғыстаудан келген делегацияның құрметіне ашық сабақ өткізді. Оқушылар қазақтың қайсар қызының ерлігін асқан мақтанышпен, жарыса әңгімеледі.

Ата-ана мейірімінен ерте айырылған қазақ қызы соғысқа өзі сұранып аттанады. Бірде майданда әскери басшылардың бірі оған картоп тазалауды тапсырады. Сонда Әлия «Мен майданға картоп аршу үшін емес, соғысу үшін келдім» деп ұрысқа шығуға рұқсат етуін сұрайды. Жүрегі елім, жерім деп соққан патриот қыз неміс басқыншыларымен батырлықпен шайқаса білді. Әттең, балалықтың бақытын көре алмаған ол жалындаған 19 жасында жер құшты. Біз мектебіміздің Әлия Молдағұлованың атын иеленгенін мақтан тұтамыз. Мектеп кешені осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Республикасының қолдауымен спорт, акт залдарына қажетті құрал-жабдық, жиһаз, компьютерлер, интерактивті тақталармен жаңартылды,-дейді Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы мектеп- кешенінің 4 «Г» сыныбының мұғалімі Е.Пастушок.
Маңғыстау делегация мектеп мұражайымен танысып, ашық сабаққа қатысқан соң Әлия Молдағұлова ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осыдан соң Қазақстанның Ресей астанасындағы елшілігінде қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесу өтті. Мәскеуді мекен еткен қандастарымыз елшілік үйіне көп жиналды. Атамекеннің амандығын тілеп, жеткен жетістіктеріне қуанатын олар кездесуде жүрекжарды сырларымен бөлісті. «Туған жер дегенде жүрек шіркін жібіп, жылып қоя береді. Ел дегенде елжіреп кетесің» дейді олар. Солардың бірі – мәскеулік Талап Мақашов. Орал өңірінің тумасы орыстың бас қаласында 55 жылдан бері тұрады екен. Мәскеудің автомобиль институтына оқуға түскен жас жігіт өзінің терең білімділігі мен алғырлығының арқасында көзге түсіп, осында қызметке араласады. Абыройлы еңбек ете білген Талап Құбашұлы зейнеткерлікке шықса да, күні бүгінде ұстаздықтан қол үзбеген.

Отандас деген тәтті сөз, жылы сөз. Бұл – жүрегіміз бір деген сөз. «Жеріңе, үйіңе жақсы адам келсе, нұр төгіледі» деуші еді қазақ. Мәскеуге маңғыстаулықтар келген күні алғашқы қар жауды. Елден, туған жерден жарты ғасырдан астам уақыттан бері жырақ жүрсек те, салт-дәстүріміз бен ана тілімізді еш ұмытқан жоқпыз. Ең қиыны, қазақ мектептері болмағандықтан, жастар туған тілдерін білмейді. Туған жерді сағынып, 2-3 жыл сайын барып тұрамыз. Елден еш қол үзбейміз, үзгіміз де келмейді. Демалысымның барлығы тек Қазақстанда өтеді. Ауасын жұтып, жерін бір көрудің өзі – бір ғанибет, бір бақыт!-дейді Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілі Т.Мақашов.
Ташкентте туып өскен Болат Өнерұлы да Мәскеуде талай жылдардан бері тұрады. Оны көпшілік «Алтын күз» Мәскеу жастарының арасындағы қазақ әндерінен конкурс-фестивалін ұйымдастырушы ретінде, қазақ өнерін насихаттаушы деп таниды.

barbara-iz-krolika-reks-dlinnaya-s-vorotnikom-stojka-i-s-otdelkoj-norkoj-jpg-459x630

Әрине, әркімнің өз отбасы, өз тұрмысы бар. Бірақ, бір нәрсе бәрімізге ортақ. Ол шыққан тегіміз. Оны ешқашан ұмытуға болмайды. Қазақстанмен араласып-құраласып, адами достық көпірін құрып, бірлескен шаралар өткізгіміз келеді. Абай оқулары өткізудегі мақсатымыз- қазақтың бар екенін паш ету, ана тіліміздің мәртебесін көтеру. Қазір қазақ жерін көріп, елге барғандай болып тұрмын. Осындай шаралар мен жылы кездесулер көп болғай, — дейді Б. Өнерұлы.
Баянауылдық Серік Тойғамбаев жас кезінде орыс жеріне білім іздеп келіпті. Бүгінгі профессор Қазақстандағы жоғары білім жүйесіне қатысты бірқатар мәселелердің барын айтады. Ал, мәдениеттанушы Дәмелі Тасмағамбетова осындағы «Қазақ автономиясы» ұйымын басқарады.

Қазақтардың басы қосылып, жан-жақтан жинала қалсақ, қатты қуанамын. «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шара мәдениет пен рухтың мерекесі болды деуге болады. Экраннан берілген роликтен Маңғыстау табиғатын көріп, таң қалып отырмын. Қандай әдемі, қандай ғажап! Меніңше, қазақты әлемге танытуда бізде еш қиындық жоқ. Қазақ елі жасай берсін! — деді Д.Тасмағамбетова.
Мәскеудегі халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдаудың «Астана» қорының белсендісі, Н.Бауман атындағы мемлекеттік техникалық университетте декан, кафедра меңгерушісі Рақымбай Мыңжасаров еңбек жолын 1987 жылы Ақтау қаласында бастаған. Көп ұзамай жолдамамен Мәскеуге аттанады. Міне, содан бері 30 жыл уақыт өтіпті. Жамбыл облысында туып-өскен Рақымбай Исатайұлы орыс астанасында абыройлы еңбек етіп келеді.

«Астана» қорының басшысы Жарқын Қоңырбайқызының айтуынша, мұндағы қандастарымыздың басым көпшілігі ақыл-ой еңбегімен айналысады екен. Көбісі ұстаздық етіп, бизнес саласында табыс тауып жүр.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шетелдегі қандастардың мәдени және әлеуметтік байланыстарды нығайтуды мақсат еткен шара барысында мәскеулік қазақтар «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ақ дастархан басында елге сағыныштарын жеткізді.

Маңғыстаулықтардың келесі аялдаған нысаны Бауыржан Момышұлы атындағы №19-12 мектеп кешені болды. Алғашқы түлегін сонау 1934 жылы ұшырған байырғы білім ордасына 2010 жылы Кеңестер Одағының батыры, қазақтың қаһарманы Бауыржан Момышұлының аты берілген. 1470 оқушы білім алатын кешендегі үш мұражайдың бірі батыр атамызға арналыпты. Қазақстандықтармен кездесуге мектеп мұғалімдері мен оқушылардан басқа тұрғындар да жиналыпты.

Мен осы мектепте білім алдым. Әкем Дмитрий Волгапкин Ұлы Отан соғысында дәл осы мектеп орналасқан Крюково деревнясында шайқасты. Қызыл Жұлдыз иегері әкем батыр Бауыржан Момышұлымен бірге ел қорғағанын мақтанышпен айтамын. Құдайға шүкір, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Бауыржанның атында мектеп бар. Оқушылар оның ерлік істеріне қанық екенін мақтанышпен айтамын, — дейді мәскеулік Р.Волгапкина.
Мектеп оқушылары мұражайды бізге асқан жауапкершілікпен таныстырды. Батыр туралы тың деректерді айтып, қазақ ұлының мәртебесін көтерді. Бауыржан батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған соң делегация мүшелері Дон зираттар қауымында жатқан Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың бейітіне тәу етіп, құран бағыштады. Келесі кездесу әйгілі Мәскеу мемлекеттік университетінде болып өтті. Онда делегация мүшелері қазақстандық студенттермен жүздесті. Алғашқы сөзді Азия және Африка елдері институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Жібек Сыздықова алды.

04-10-1

Өмір көрсеткендей, әлемде ешбір ел өзінше жеке дара күн кеше алмайды. Бірқатар елдердің бүгінгі жағдайы соны көрсетеді. Қазақстан елінің тәуелсіз болғанына 25 жыл. Бұл — қазақ халқының жеткен жетістігі, бостандық оңай келген жоқ. көптеген орыс ұлтының өкілдері қазақ еліне риза. Қиын–қыстау қазақ жұрты талай жанды құшағына басып, қолындағы нанымен бөлісті, — дейді түркітанушы Ж.Сыздықова.
Мәскеудің түрлі жоғары оқу орындарында 11 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды. Білім алған соң олардың 10 пайызы елге оралмайды. Студенттердің 30 пайызы бюджеттік бөлімде оқыса, қалғандары ақылы бөлімдерде. Дегенмен, Ресей мемлекетінің жыл сайынғы гранттарына жерлестеріміз де қол жеткізеді.

Меніңше, Қазақстанда орта білім жүйесі өте жақсы дамыған. Бірақ, жоғары білім беруде көптеген мәселелер деп ойлаймын. Мәскеудегі қазақ жастары өте алғырлығымен, қабілеттілігімен көзге түседі. Олар шама келгенше, бұл жақтан көп білім алып кетуге тырысады. Олардың талпыныстарын оқытушылар жоғары бағалайды, — дейді Мәскеудегі студенттер қауымдастығының басшысы, жоғары экономика мектебінің магистрі Қ.Төлебаев.
Үш күнге созылған Мәскеудегі іссапар барысында ана тілінде сөйлеп, салт-дәстүрін сақтап, шариғаттан аспаған қандастарымды көрдім. Алғашқы қардың жауғанына елдің ыстық сәлемі мен ықыласы деп сенген олардың барлығы да өз істерінің мамандары, өз ұлттарының патриоттары екен. Орыс жеріндегі қазағымның ұл-қыздарының бауырмалдылығы мен адал көңілдеріне тәнті болдым. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіру және ақпараттандыру бойынша Мәскеуде тұратын қазақ диаспоралары өкілдерінің ішінен пул құрылып, «Астана» қоғамдық қорымен әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Тақырыпқа сай арнайы дайындалған кітапшалар мен ақпараттық бетшелер таратылды.

45643

Статистикалық мәліметтер бойынша, Ресей Федерациясында 1 300 000-дай қазақ тұрады. Олардың көпшілігі Қазақстанмен шекаралас Алтай өлкесі, Самара, Орынбор, Омбы, Астраханьда тұрады. Өкінішке орай, қазақ мектептерінің аздығынан ондағы қазақтар ана тілін ұмытуға айналған.

Ресейде басталған «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің делегациясы алдағы уақытта Иран, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркия елдеріндегі отандастарға Қазақстанның 25 жыл ішінде жеткен жетістіктерін паш етіп, қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігімен танысатын болады.

Анар Шамшадинова
Ақтау – Мәскеу – Ақтау